Қазақстан-Эстон Үкіметаралық комиссиясының екінші отырысы өтуде

АСТАНА. 15 ақпан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінде Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-эстон үкіметаралық комиссиясының екінші отырысы өтуде.
None
None

Жиынға Қазақстан тарапынан Сыртқы істер министрлігінің Жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаев, Эстон жағынан Экономика және коммуникация министрі Юхан Партс төрағалық етуде.

Комиссия отырысының барысында көлік пен транзит, ақпараттық технологиялар, энергетика, ауыл шаруашылығы, білім мен ғылым, мемлекеттік қызмет, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың мәселелері талқыға түседі. «Бүгінгі отырыстың ерекше тарихи маңызы бар деп білемін. Өйткені, қазақстан-эстон үкіметаралық отырысы бірінші рет қазақ жерінде өтіп отыр. Екіншіден, Экономика және коммуникация министрі Юхан Партстың елімізге сапары аясында өтіп отырған бүгінгі басқосуды Қазақстан Президентінің алдағы уақытта жоспарланған Эстонияға ресми сапары бойынша дайындықтың негізгі кезеңі деп қарастыруға болады. Біз осы күндері атқарып жатқан дайындық жұмыстары екі елдің қарым-қатынасын сапалы жаңа деңгейге арттырады деп ойлаймын. Бұл ретте үкіметаралық комиссия екіжақты байланыстарды теерңдетуге үлкен септігін тигізеді», - деді жиынды ашып сөз сөйлеген Рәпіл Жошыбаев.

Отырыстың қорытындылары бойынша екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың одан әрі дамуының анағұрлым келешегі мол бағыттарын айқындайтын Хаттамаға қол қойылатыны күтілуде.

Тоқтала кететін жайт, кеше 14 ақпанда аталған комиссия жұмысының шеңберінде 2010 жылы 10 наурызда Таллин қаласында өткен қазақстан-эстон Үкіметаралық комиссиясы 1-ші отырысының нәтижелері бойынша қалыптасқан көлік пен логистика, энергетика, сондай-ақ ақпараттық технологиялар жөніндегі үш Жұмыс тобының кездесулері өтті. Сонымен қатар, кеше эстон тарабы ҚР Көлік және коммуникациялар министрі Ә. Құсайынов пен Экономика және коммуникация министрі Юхан Партстың басшылығымен өткен «Бүгінгі және ертеңгі іскерлік мүмкіндіктер» атты конференциясының барысында өз елінің транспорттық және логистикалық мүмкіндіктерінің тұсаукесерін өткізді.

Соңғы жаңалықтар