Қазақстан Еуразиялық альянс аясында тау-шаңғы курортын дамытады

Өзбекстан астанасында өтіп жатқан «Жібек жолындағы туризм» TITF-2023 көрмесі аясында Тау курорттары Еуразиялық альянсының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Kazinform.

Тау-шаңғы курорты
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Биыл маусымда «Шымбұлақ» (Қазақстан), «Амирсой» (Өзбекстан) және «Роза Хутор» (Ресей) курорттары бірілесіп, өзара альянс құру туралы меморандумға қол қойған. Оған сай аталған тау курорттары қысқы спорт түрлерін дамыту үшін қолайлы орта қалыптастыру, инфроқұрылымды жетілдіру және келушілерге жағдай жасауда бірлесе жұмыс атқарады. Ол үшін арнайы тұжырымдама әзірлеуге кіріскен.

Тұсаукесер барысында альянс үш курортта алдағы уақытқа өткізуі тиіс спорттық, мәдени және ойын-сауық іс-шараларының жалпы күнтізбесін бекітуді ұсынды. Сондай-ақ келер жылы наурызда Сочидегі «Роза Хуторда» тау курорттарының ауқымды фестивалі өтеді. 

курорт
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

«Альянстың қызметі жекелеген қатысушылармен қатар тұтас Еуразия аймағындағы тау туризмінің дамуына зор ықпал ететіні сөзсіз», - деп атап өтті «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының бас директоры Ринат Әбдірахманов.

Мұнымен қоса альянс өкілдері қазір пысықталып жатқан мемлекетаралық туристік маршруттар, үш курортқа барудың бірыңғай жүйесін енгізу төңірегіндегі мәселелерге тоқталып, Тау курорттары Еуразиялық альянсының корпоративтік университетінде білікті кадрларды даярлау жоспарланғанын айтты. 

Ташкенттегі көрмеде альянсқа Әзербайжанның ең ірі «Шахдаг» тау курорты қосылды. Тиісті меморандумға альянс қатысушылары және «Шахдаг туристік орталығы» жабық акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Рустам Наджафов қол қойды.