Қазақстан Еуропа Кеңесінің сенімді серіктесі және орталықазиялық өңірдегі тұрақтылық факторы болып табылады - Т.Ягланд
Еуропа Кеңесінің Басх хатшысы Турбьёрн Ягланд Страсбургте Қазақстанның Бельгиядағы және Люксембургтағы Елшісі, Еуроодақ және НАТО жанындағы миссиялардың басшысы Ерік Өтембаевпен болған кездесуде осындай мәлімдеме жасады.
Еуропа Кеңесінің стратегиялық дамуына тоқталған Т.Ягланд, Кеңестің халықаралық сахнадағы орны мен ролін нығайту, серіктес-мемлекеттермен, бірінші кезекте Қазақстанмен қарым-қатынастарды дамыту мәселесі осынау халықаралық құрылымның қызметінде маңызды орын алатынын атап көрсетті.
Айта кету керек, 25 қаңтарда Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының депутаттарының алдында сөйлеген сөзінде Т.Ягланд ұйымның ролін күшейту және Еуропа Кеңесінің стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу аясында Қазақстанға айрықша назар аудару қажеттілігін айтқан болатын. «Географиялық тұрғыда Қазақстан еуропалық та, азиялық та ел болып табылады. Қазақстан Орталық Азиядағы айтулы тұрақтандырушы роль атқарады және Еуропа Кеңесі оны маңызды серіктес ретінде қарастырады. Қауіпсіздік саясаты мен экономикалық мүдделер, Еуропаға көрші елдердің алдындағы, атап айтқанда, Орталық Азия мен Таяу Шығыс елдерінің алдындағы өз міндеметтемелерін нығайтуды жүктейді. Ал бұл бағыттағы бірінші стратегиялық мақсат - көршілерімізді Еуропа Кеңесінің конвенцияларына, атап айтқанда ығыттармен күресу мәселелеріне қатысты конвенцияларға қосылуға сендіру болып табылады», - деді Т.Ягланд.
Қазақстан дипломатымен болған кездесудің барысында Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы сондай-ақ Қазақстан Президентінің халыққа Жолдауының негізгі тезистерімен таныстырылды.
Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Елші Ерік Өтембаевпен болған келіссөздің барысында біздің елімізбен ынтымақтастықтың мүмкіндігі кең екенін атап көрсетті және осыған орай Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу үшін 2011 жылы Қазақстанға ресми сапар жасау ниетін білдірді.