13:56, 24 Қараша 2011 | GMT +5
Қазақстан Еуропа мен Ислам әлемі арасындағы өзара түсіністікті дамытуға ықпал етуге дайын - Е. Қазыханов
ТАНА. 24 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қазақстан Еуропа мен Ислам әлемі арасындағы өзара түсіністікті дамытуға ықпал етуге дайын.

Бұл туралы бүгін Астанадағы «Қазақстан - Еуропа: ынтымақтастықтың нәтижелері және жаңа көкжиектері» халықаралық конференциясында Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов мәлім етті.
«Өткен жылы еуропалық ұйымға (ЕҚЫҰ) төрағалық етсек, биыл исламдық ұйымға басшылық ете отырып, біз осы миссияның жауапкершілігі мен бірегейлігін түсінеміз. Атап айтқанда, біз өз тарапымыздан Еуропа мен Ислам әлемі арасындағы өзара түсіністікті дамытуға ықпал етуге дайынбыз»,-деді министр.
Бұл тұрғыда Е. Қазыханов бүгінде 1,5 миллиардтан астам адамды құрайтын 57 мемлекетті біріктіріп отырған Ислам ынтымақтастық ұйымына Қазақстан төрағалық ету барысында ЕҚЫҰ-ға басшылық ету кезінде жинақтаған тәжірибені пайдаланып отырғандығын жеткізді.