Қазақстан Еуропалық Одақты визалық режимді жеңілдетуге қатысты шешуші қадам жасауға шақырады
Бұл туралы бүгін «Қазақстан Республикасы - Еуропалық Одақ» Парламенттік ынтымақтастық комитетінің 9-шы отырысы барысында Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Бобров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстандық тарап елдер арасындағы визалық режимнің шапшаңырақ жеңілдетілуіне аса мүдделі. Бұндай қатаң визалық режимді біз баршамызға ортақ еуразиялық үйіміздегі еркін қатынау тұрғысындағы адам құқығының тікелей бұзылуы деп санаймыз», деді В. Бобров.
Сонымен бірге, Мәжіліс Төрағасының орынбасары Еуропалық елдермен визалық режимді жеңілдету мәселесі 2004 жылдан бері, яғни Еуроодақ тарихындағы ауқымды кеңею орын алғаннан бері көтеріліп келе жатқанын еске салды. Содан бері Қазақстан алдыңғы қатарлы Еуропалық Одақ елдерінің бірқатарымен визалық тәртіпті жеңілдету туралы келісім де жасаған. Сонымен бірге, Қазақстанда жаңа биометриялық мәліметтерді қамтыған төлқұжаттар да енгізілді.
«Біз Брюссельді Астанамен өзара келісім негізінде визалық режимді жеңілдетуге қатысты шешуші қадам жасауға шақырамыз», деді В. Бобров.