Қазақстан фермерлері ауыл шаруашылы жерлерін ЕАЭО банктерінде кепілге қоя алмайды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ЕАЭО елдеріндегі банктер Қазақстанның фермерлерінен ауыл шаруашылы жерлерін кепіл ретінде алмайды. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер агенттік өкілінен ЕАЭО елдерінің банктеріне Қазақстан фермерлерінің жерді кепілге қоюы мүмкіндігі туралы сұрақ қойды.

Өз кезегінде О. Қизатов бейрезиденттерге еліміздің ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға немесе жалға беруге тыйым салынғанын айтты.

«Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі банктер Қазақстанның жер саласына қатысты заңнамасын біледі. Осы орайда олар ауыл шаруашылығы жерлерін кепілге алмайды. Себебі Қазақстаннан барып несие алған адам қарызын өтемесе, көршілес елдердің банктері жерді өндіріп алмайды. Бейрезиденттерге еліміздің ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға немесе жалға беруге тыйым салынған. Бұл тұрғыда біздің заңнама тәртібі жоғары тұрады», - деді Олжас Қизатов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде кредит тарихының құрамына кіретін мәліметтерді алмасу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды.

Келісім кредит тарихының құрамына кіретін мәліметтерді алмасу тетігін, тәртібі мен шарттарын айқындайды. Бір жағынан, басқа мүше мемлекеттердің аумақтарындағы банктерге кредиттік ресурстар үшін жүгінген кезде, ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттің резиденттері үшін тең жағдайлар жасауға және екінші жағынан, банктер үшін басқа мүше мемлекеттердің резиденттеріне несие беру туралы шешімдер қабылдау кезінде тәуекелдерді сапалы бағалау мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Жалпы, ЕАЭО елдерінің азаматтары Қазақстан банктерінен 120 млрд теңге несие алған.


Соңғы жаңалықтар