Қазақстан футболшылары ЭКСПО кубогына әзірленіп жатыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» кубогына Қазақстан құрамасы дайындағын күшейтіп жатыр. ҚазАқпарат тілшісі футболшыларымыздың жаттығу барысындағы ойындарына қатысып, маңызды сайысқа деген дайындықтарына куә болды.
None
None


Қазақстан құрамасында кеше ғана өнер көрсеткен танымал спортшыларды бүгінде ардагер футболшы деп танимыз. Дегенмен, Андрей Карпович, Олег Воскобойников, Даниил Рихард, Игорь Авдеев, Андрей Финонченко сынды саңлақтардың әлі де бабында екеніне кеше куә болдық. Көпшілікке мәлім, әлемде 35 жастан асқан футболшылар үшін айтулы турнирлер ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, 2009 жылы Мәскеудегі «Аңыздар кубогын» айтуға болады. Ал биыл әлемдегі ардагер ойыншылар үшін «ЭКСПО кубогы» басты сайыстардың бірі болайын деп тұр. 

«Биылғы кубокке айтулы командалар келеді. Бізге белгілі ақпараттар бойынша, олардың ішіндегі ең үздігі ресейліктер болмақ. Олар -«Аңыздар кубогын» бірнеше мәрте жеңіп алған шеберлер. Біз өз жанкүйерлерімізді қуантуымыз керек. Біздің алдымызда міндет тұр, ол -жеңуге тырысу. Жеңіс үшін жан саламыз», - дейді Қазақстан құрамасының бұрынғы шабуылшысы, «ЭКСПО кубогының» қатысушысы Андрей Финонченко.

Ардагер ойыншылар турнирінің шарты үлкен футболдан ерекше болмақ. «ЭКСПО кубогында» Мәскеудегі ойындағыдай матч жасанды алаңда өтеді. Алаң аумағы - 48×24 м., қақпа көлемі - 5×2 м.

«Маған осы команданы жаттықтыруды тапсырды. Біз «Семей» кәсіпқойлар клубымен Черногорияға барып, 32 команда арасында 5-ші болғанбыз, тәжірибеміз бар. Былтыр футзалдан Қазақстан құрамасының вице-жаттықтырушысы Әміржан Мұқановпен Астанадағы «Есіл» сауда үйінің командасын Будапешттегі Еуропа Чемпионатына дайындадық. Онда тамаша ойын үлгісін көрсетіп, әуесқойлар арасындағы мини-футболдан Еуропа чемпионы болып оралдық. Бірақ бұл жерде өзгеше тактика керек, сондықтан жігіттерге оның негізін түсіндіріп жатырмыз» - деді «ЭКСПО кубогының» Қазақстан құрама командасының жаттықтырушысы Борис Глушков.

Футболшылар Алматыда осымен екі жаттығу ойынын өткізіп үлгерді. Сонымен қатар кеше журналистер мен блогерлермен жолдастық кездесу өткізді. Ойынға Даниил Рихард, Руслан Гумар, Алексей Клишин, Рафаэль Уразбахтин, Асхат Қадырқұлов, Андрей Карпович, Қайрат Әубакіров, Максим Самченко, Мұрат Тілешев және Андрей Финонченко қатысты.

Айта кетейік, ЭКСПО кубогына Германия, Ресей, Португалия, Италия және әлем құрамасы келмек. Ойынға 1990 жылғы әлем чемпионы Гвидо Бухвальд және Андрея Шовковский, Фернанду Мейр, Пауло Мадейра сынды танымал спортшылар қатысады деп жоспарланған.

2 тамыз күні Қазақстан құрамасы Алматыдан Астанаға аттанады. Турнир 5-6 тамыз күндері «Астана аренада» өтеді. 5 тамыз күні топтық кезең, 6 тамыз ақтық ойындар болады.

Соңғы жаңалықтар