Қазақстан футзал құрамасы бүгін Нидерландпен ойнайды
Футзалдан Қазақстан құрамасы бүгін, 14 желтоқсанда Астанада Нидерланд құрамасымен ойнайды, деп хабарлайды Kazinform.
Ел құрамасы А тобында сынға түсіп жатыр. Қарсыластары — Румыния, Әзербайжан және Нидерланд.
Қазақстан мен Нидерланд кездесуі елорда уақытымен 20:25–де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Ел құрамасы бұған дейін Румынияны — 4:3, Нидерландты 2:0 есебімен жеңген еді. Сондай-ақ екі мәрте Әзербайжанды 4:2, 3:2 есебімен тізе бүктірді.
Айта кетсек, екінші іріктеу сатысында қазақстандық футзалшылар Черногория (7:0, 5:1) мен Словенияны (2:0, 3:3) артта қалдырып, өз тобында бірінші орын алды.
Төрт турдан кейін 12 ұпай жинаған Қазақстан құрамасы көш басында келеді.
Одан кейінгі орындағы Румынияның — 7, Әзербайжанның — 3, Нидерландтың 1 ұпайы бар.
Алтыншы турда 20 қарашада қазақстандық футзал шеберлері сырт алаңда Румыниямен шеберлік байқасады.
Айта кетсек, ел құрамасы әлем чемпионатының финалдық сатысында 2000, 2016, 2021 жылдарда сынға түсті. Олар 2021 жылы 4-орынға табан тіреді.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қазақстан құрамасынан алдағы екі матчта алаңға кімдер шығатыны белгілі болды.