Қазақстан футзалында отандық ойыншыларды дайындауды құптаймын — Нұрсұлтан Құрман

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан футзал қауымдастығының президенті Нұрсұлтан Құрман Kazinform агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында ұлттық құраманың Еуропа чемпионатына шығуы, Премьер-лигадағы бәсекелестікті арттыру, футзалға инвестиция тарту және өзге де мәселелер бойынша ой-пікірін айтып берді.

Қазақстан футзалында отандық ойыншыларды дайындауды құптаймын — Нұрсұлтан Құрман
Фото: Қазақстан футзал қауымдастығы

— Қазақстан футзал қауымдастығының президенті қызметіне келгеніңізге бір айға жуықтады. Бұл қызметке келгенде алдыңызға қандай мақсат қойып отырсыз?

— Алдымен жақын уақытта жүзеге асуы көзделген жоспарымызға тоқталайық. Нақты ортақ мақсатымыз — Қазақстан футзал құрамасының Еуропа чемпионатына өтпелі ойындар арқылы шығуы. Біз 18 және 23 қыркүйек күндері Италиямен жалғыз жолдаманы сарапқа саламыз. Басты тапсырма — қарсыласқа тыңғылықты дайындалу және құрлықтық додаға жолдамаға қол жеткізу. Бас бапкер Кака (толық аты-жөні Пауло Рикардо Фигейра Силва) тамыз айында келеді және аталған кездесуге дайындығын бастайды. Ойыншылардың қалпына келуі үшін 23 тамызда «Қайрат» пен «Семей» арасында суперкубокты өткіземіз. Ал 25 тамызда Қазақстан кубогы ойындары басталып, ол 30 тамызға дейін жалғасады. 

Сондай-ақ чемпионаттың басталуы 4 қыркүйекке жоспарланған. Доп додасын ерте бастауымыздың себебі бар. Ол ойыншылардың өтпелі матчқа дейін толық қалпына келуіне жағдай жасайды. Бұрын чемпионат қыркүйек айының аяқ шенінде немесе қазан айының алғашқы күнінде басталатын еді. Көптеген клуб оқу-жаттығу жиынына 1 тамызда кірісетін. Оған қоса Фазанаға (Италия) ертерек аттануды жоспарлап отырмыз. Ол ойыншылардың физикалық және психологиялық дайындығына оң әсерін тигізеді. Бұл жерде Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровтың еңбегі зор екенін атап өткім келеді. ҚФФ өз тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіп отыр. Еліміздің туризм және спорт министрлігінің футзалды дамытуға қосқан үлесін де атап өтуіміз тиіс. Олардың жұмысы ұлттық құраманың беделіне әсер етеді.

— Құрама қандай тосынсый дайындайды?

— Ұлттық құрама сапына Эдсон Гомес дос Сантос (игрок футзального «Қайрат» футбол клубының ойыншысы) қайта оралады. FIFA ережесі бойынша спорттық азаматтықты өзгерту үшін елде бес жыл үздіксіз өмір сүру керек. Оның Словенияға жалға берілуі бұл мерзімді кейінге шегерді. Бірақ жаңа санақ 2020 жылдың қыркүйегінен басталды, енді ол қайтадан ұлттық құрамаға келе алады.

Қазақстан футзалында отандық ойыншыларды дайындауды құптаймын — Нұрсұлтан Құрман
Фото: sports.kz

— Ішкі чемпионатқа қайта оралайық. Осы бағытта қандай міндеттер қоясыз?

— Негізгі мақсаттың бірі — бәсекелестік пен ішкі біріншілік деңгейін арттыру. Биыл суперлигада 12 команда бақ сынайды. Чемпионатқа Бірінші лиганың жеңімпазы қаарғандылық «Биосфера» қосылып отыр. Біз командалар санын көбейте аламыз. Бірақ спорттық принципті ұстанамыз. Мәселен, Бірінші лигада биылғы маусымда «Хромтау» мен «Елім-Ай» (Көкшетау) секілді екі жаңа команда ойын көрсетеді. Олар әуесқой деңгейде табыстарға қол жеткізді. Бұдан бұрын Бірінші лигада төрт команда сынға түсті. Ендігі кезекте біз олардың санын сегізге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Олар үш айналым бойынша шеберлік байқасады. Үздіктері плей-офф сатысына жолдама алады.

— Менің әуесқой командам бар және кәсіби лигада ойын көрсеткім келеді деп елестетіп көрейік. Ол үшін не қажет?

— Бірінші кезекте клуб регламентке сай болуы тиіс. Негізгі шарт -қаржылық тұрақтылық. Сондай-ақ доп додасына қатысу жарнасын төлеу талап етіледі. Ешқандай күрделі және арнайы талаптар жоқ, барлығы айқын көрсетілген. Атап айтқанда, «Биосфера» алдымен әуесқой лигасында ойын көрсетіп, кейіннен Бірінші лигада сынға түсті. Ендігі кезекте олар Суперлиада ойнайды.

— Төрешілерді оқыту және VAR жүйесін енгізу мәселесі қалай шешіледі?

— Орал қаласында 16 тамызда төрешілерді VAR жүйесімен жұмыс істеуге қатысты оқыту басталады. Оған жоғары тәжірибелі маман келеді, ол біздің төрешілерді дайындайды. Біз VAR жүйесін чемпионатқа бірінші немесе екінші айналымда енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл жүйе төрешілердің шешіміне қатысты даулы сұрақтарды 75-80 пайызға азайтуға мүмкіндік береді.

— Қазақстанда ірі халықаралық турнирді өткізу жөнінде әңгіме айтылады. Аталған мәселе қандай деңгейде тұр?

— Біздің тарапымыздан футзалдан Чемпиондар лигасы финалын өткізу жөнінде ұсыныс берілді. Барлық құжат қабылданды, нақты жауабы 11 қыркүйек күні белгілі болады. Бұл жөнінен Қазақстан негізгі үміткер ретінде саналып отыр. Мұндай ауқымды турнирді жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндігіміз бар.

— Сіз футзал клубтарының президенттері және директорларымен сөйлесетін шығарсыз. Олар сізге қандай мәселелер бойынша өтініш білдіреді?

— Иә, мен әрқашан клуб басшыларымен байланыста боламын. Көбінесе олар клубтар, спорт басқармалары, әкімдіктер немесе басқа ведомстволар арасында дәнекер болуды сұрайды. Аймақтарда қаржыландыруды кешіктіру немесе бюрократиялық қиындықтар туындап жатады. Біз диалог орнатуға және мәселелерді шешуді жеделдетуге қол ұшын созамыз. Сондай-ақ, көбісі маркетинг пен демеушілерді тартуға көмек сұрайды. Мен оған қатысты кеңестер беремін және ақпаратпен бөлісемін. Ал топ-клубтарда матчты ұйымдастыру және өткізу уақыты жөнінде ұсыныстар түседі. Біз — ашық ұйымбыз және әрқашан клубтармен байланыс орнатуды қалаймыз. Мен чемпионаттың географиясын ұлғайту үшін еліміздің көптеген аймағына жиі барып тұрамын. Мәселен, Қызылордада жоғары деңгейдегі футзал дәстүрі қалыптасқан, дегенмен онда кәсіби команда жоқ. Түркістан облысында Созақ селосында футзал академиясы бар, онда да кәсіби клуб ашылмаған. Біздің міндетіміздің бірі — кәсіби футзалға инвестиция тарту, командалардың медиа бойынша жұмысын күшейту және балаларға жақсы жағдай жасау.

— Елімізде балалар футзалы қалай дамып жатыр?

— Қазақстанда балалар футзалы лайықты деңгейде деп айта аламын. Жылма-жыл түрлі жастағылар арасында чемпионат өткізіледі. Біздің мақсатымыз — оның танымалдығын арттыру, жайлы жағдай жасау, балаларды көбірек тарту үшін қатысу жарнасын азайту. Сондай-ақ, хабар тарату сапасын арттырып, балалар футзалын жас өрендер де, олардың ата-аналары да қатыса алатын үлкен тимбилдингке айналдыру қажет. Ассоциация ол үшін қолайлы алаңды қамтамасыз ету керек. Мысалға айтар болсам, бір ғана Қарағандыда футзалдан 140 балалар мектебі бар, онда жас өрендердің көп бөлігі тәлім алады. Қазақстанда көптеген адам футзалмен айналысады. Бұл — біздің еліміздегі бұқаралық спорт түрі.

— Құраманың бас бапкері Кака жайында айтып берсеңіз. Оның алдында қандай міндеттер тұр?

— Кака — Қазақстан құрамасының бас бапкері, оның басты міндеті — құраманы Еуропа чемпионатына шығару. Біз оған құраманың Еуропа чемпионатында сәтті ойын көрсету үшін көмектесеміз және қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.

— Еуропа чемпионатында сәтті ойын көрсету деген нені білдіреді?

— Негізгі мақсат — үздік үштіктегі құрамалардың бірі болу.

Қазақстан футзалында отандық ойыншыларды дайындауды құптаймын — Нұрсұлтан Құрман
Фото: Қазақстан футбол федерациясы

— Құрамада Лео, Игита, Есенаманов және өзге де жасы үлкен ойыншылар бар. Оларды алмастыра алатын жастарға көңіл бөліне ме?

— Мұндай сәттен ешкім құтыла алмайды. Алдағы құрлықтық дода Лео, Игита, Дуглас және Есенаманов үшін құрама сапындағы соңғы маусымы болуы мүмкін. Біздің алдымызда даму векторын таңдау міндеті тұр. Алғашқысы ретінде отандық ойыншыларға көңіл бөлу, не легионерлерді тартуды жалғастыру. Бірінші нұсқаны тәуекел ретінде қарауға болады. Қазір біз жол таңдау үстіндеміз. Еуропа чемпионаты нақты шешім қабылдауға көмектеседі. Мәселен, Ресей, Украина, Өзбекстан және Қырғызстанда құрамалар легионерлер көмегіне жүгінбейді. Мен әрбір елдің төлқұжаты бар ойыншыны ұлттық құрамаға шақыру құқығы бар екенін түсінемін, бірақ оны жасанды түрде жасау мүмкін емес. Ұлттық құрамаға жастарды тартуымыз қажет және жаңа есімдердің ашылғанын құптаймын.

— Өзіңіз қай нұсқаны таңдайсыз?

— Мен отандық ойыншыларды дайындауды құптаймын. Бұл — күрделі жол. Бірақ мықты болу үшін оны таңдауымыз қажет. Әрине, оны тәуекел ретінде бағалауға болады, қаншама уақыт жоғары көрсеткішке қол жеткізе алмауымыз әбден мүмкін, ол жанкүйерлер тарапынан наразылық тудыратынын да жоққа шығара алмаймыз. Бірақ таңдау жасау керек және ол Еуропа чемпионатынан кейін айқын болады.

— Пандемияға дейін Қазақстанда студенттік лига табысты жұмыс жасады, одан кейін басылып қалды. Оны қайта жандандыру жоспарда бар ма?

— Иә, бұл — өте маңызды сұрақ, ол біздің күн тәртібімізге қойылған. Жаңа оқу жылынан бастап жоғары оқу орындарында студенттік лиганы қайта жандандыруды ойластырып отырмыз.

— Ал әуесқой футзалдағы жағдай қалай?

— Қазақстан бойынша әуесқой клубтар арасында бәсеке өтеді. Әуесқой футбол лигасындағы үздік командалар кәсіпқой футзалға жолдама алуына мүмкіндігі бар. Жеңімпаз клубтар халықаралық турнирлерде қатыса алады, федерация қажетті шығындарды өтеп беруге қол ұшын созады.

— Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытудың маңызы зор екенін атап өтті. Футзалда бұл жағы қалай болып жатыр?

— Футзалды бұқаралық сипатта дамытудың ешбір қиындығы жоқ, оны футболдан да жоғары деп айта аламыз. Бірақ, негізгі міндетіміз — оны кәсіби деңгейге дейін көтеру. Мәселен, Қарағандыда «Тұлпар» академиясы ойыншыларды тәрбиелеп шығарды, олар әуесқой лигаларда ойын көрсетті. Ендігі кезекте олар команда жасақтап, алдымен бірінші лигаға шықты, одан кейін Премьер-лигаға жолдама алды.

— Қазақстандық футзалда 20 жыл бойы «Қайрат» тізгінді ешкімнің қолына ұстатқан жоқ. Былтыр ол серияны «Семей» командасы бұзды. Чемпионатта бәсекелестікті қалай арттыруға болады?

— Мен бұған байланысты көптеген клубта кәсіби қадамды байқаймын. Жаңа маусымда «Қайрат» пен «Семейге» «Атырау», «Каспий», «Аят» және өзге де клубтар бәсекелестік таныта алады деген ойдамын. Олардың барлығы үздіктерді таңғалдыра алады.

Қазақстан футзалында отандық ойыншыларды дайындауды құптаймын — Нұрсұлтан Құрман
Фото: Абай облысының әкімдігі

— Соңғы сауал, футзалды коммерцияландыру үшін қандай қадамдар жасалуда?

— Біз қолжетімділік пен нәтижелерді көрсетуді қажет ететін серіктестермен жұмыс істейміз. Егер құрама Италияны жеңіп, Еуропа чемпионатына шыққан жағдайда ол жаңа демеушілерді тартуға әсер етеді. Көп адам Қазақстанда мықты футзал бар екенін біледі, бірақ іште не болып жатқанын әрдайым түсіне бермейді. Жеке инвестициялар спорттың жаңа бет-бейнесін жарқырата түседі. Ассоциация клубтарға ойын алаңын ұсынады және олар оны пайдалануы керек.

Соңғы жаңалықтар