Қазақстан ғалымдары ЕАЭО интеграциясының бірлестікке қатысушы елдер экономикасына әсерін болжау моделін жасады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан ғалымдары интеграция жағдайында мемлекеттік экономикалық саясат жүргізу бойынша тиімді, ғылыми негізделген шараларды ұсына алады. Бұл параметрлік реттеу теориясын пайдалану арқылы болжамдар әзірлеудің арқасында мүмкін болып отыр.
None
None

Айта кетерлігі, бұл академик Әбдіғаппар Әшімов бастаған ғалымдар тобы әзірлеген экономикалық-математикалық модель. Яғни, өзекті жұмыс аспабы десек те болады. Қазіргі уақытта бұл теорияға танымал ғалымдар, оның ішінде Нобель сыйлығының лауреаттары да қызығушылық танытып отыр. ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген мемлекеттік ғылыми-техникалық бағдарламаның жетекшісі, техника ғылымының докторы, ҚР ҰҒА академигі Әбдіғаппар Әшімов интеграцияның экономиканың түрлі салаларына ықпалы, салдары, қазақстандық ғалымдар зерттеулерінің қызықты нәтижелері жайында тарқата айтып берді. - Сіздің пайымыңызша, өңірлік экономикалық одақ не үшін құрылады? - Жаһандану және әлемдік нарықтағы бәсекелестіктің арта түсуі жағдайында өңірлік экономикалық одақ өңірлік экономиканы тиімді дамыту және осы ұйымға кіретін елдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қажет. Бүгінде орын алып жатқан интеграциялық үдерістер одаққа мүше мемлекеттердің әртүрлі экономикалық стратегияларын жүзеге асырудың мүмкіншілікті нәтижелерін болжау, анықтаудағы нақты құралдарды өткір қажетсініп отыр. Ал қазіргі қолданыстағы, бастауын танымал ғалымдар Джекоб Вайнер мен Джеймс Мидтың еңбектерінен алатын интеграция теориясы аталған міндеттерді шешу үшін қажетті барлық қағидалар мен тетіктерді ұсына алмайды. Сол себепті біздің ұжым макроэкономика, жүйелі сараптама және ақпараттық технологиялар түйісінен табылған параметрлік реттеу теориясын әзірледі. Біз инвестиция көлемі, бағам саясаты сынды негізгі макроэкономикалық факторлардың барлық сыныбын қарап шықтық. Бірнеше мыңдаған мәліметтерді өңдеу нәтижесінде біз бірегей нәтижеге қол жеткізе алдық. Бұл әдіс біздің еліміздің бірқатар қаржы институттарының және Нобель сыйлығының лауреаттары Финн Кидланд пен Эдвард Прескоттың қызығушылығын оятып отыр. - Бізді ең бірінші кезекте интеграцияның Қазақстанға қандай ықпалы болатындығы қызықтыруы заңдылық қой. Осы мәселенің басын ашып берсеңіз? - Кеден одағымен интеграция болмаған жағдайда Қазақстанның жалпы ішкі өнімі және экономикамыздың басым салаларындағы жалпы қосылған құн қазіргі уақытта 1 пайыздық шектен төмен қалыптасатындығын зерттеу нәтижелері көрсетіп отыр. Дәл осындай жағдай басқа да макроэкономикалық көрсеткіштерде байқалады. Мәселен, Қазақстанның тауар айналымы, оның ішінде Кеден одағына кіретін елдермен арадағы тауар айналы КО болмаған жағдайда 1 пайыздық шектен төмен болар еді. Егерде біз қолданыстағы экономикалық саясатты одан ары жалғастыра беретін болсақ, онда 2018 жылы ҚР халқының жан басына шаққандағы ЖІӨ-і 21 670 АҚШ долларына жетуі мүмкін еді. Бірақ, егер де Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа қатыспаған жағдайда бұл мөлшер 823 долларға кем қалыптасар еді. Параметрлік реттеу теориясын және оның көмегімен табылған салық ставкалары мен мемлекеттік шығыстардың ғылыми негізделген мәнін қолдану Қазақстан халқының жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің аталған көрсеткішін 4,8 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Бұған қоса, соңғы өнім шығару өсімі түрінде біздің экономикамыздың барлық салалары 2,4-10,4 пайыз шекте арта түседі. Дегенмен, қазіргі уақытта мемлекет ел экономикасы дамуының барлық факторларын толыққанды есепке ала алмауы салдарынан белгілі бір дәрежеде шығындарға ие болып отыр. Сараптама мен болжаудың заманауи әдістерін пайдаланбай, жеңілдетілген әдістермен шектеле берсек, онда біз барлық уақытта да ескі соқпаққа түсе беретін боламыз. Ал ғылыми негізделген ұсыныстарды пайдалану билік органдарына екпінді қарқынмен халықтың әл-ауқатын арттыратын экономикалық саясатты жүргізуге мүмкіндік берер еді. - Сіздерге теорияның арқасында қандай болжам жасауға мүмкіндік туды? - Біздер 2018 жылдарға дейін болжамды мәліметтермен толық, ал ЕАЭО елдері, Армения, Қырғызстан, ЕО және басқа әлем экономикасының жекелеген салаларына қатысты егжей-тегжейлі жауап алдық. Бұл жауаптарды қысқа ғана атап өте кетейін. Егер Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Еуропалық одақ ағымдағы жылы еркін сауда аймағын құратын болса, яғни, егерде олар екі одақ арасындағы сауда-саттыққа қойылған барлық шектеулерді алып тастар болса, онда Қазақстан экономикасы үшін бұл пайыздың оннан бір бөлігімен өлшенетін шамалы ғана тиімділік береді. Егер, күтіліп отырғандай, Армения 2015 жылы Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін болса, онда ЕАЭО-ның бас елдері экономикасына бұл іс жүзінде еш әсер етпейді. Ал, Армения болса, бұл одаққа кірудің нәтижесінде жалпы ішкі өнімін арттырады. Яғни, бұл елдің ЖІӨ-сі 2018 жылға қарай ЕАЭО-ға кірмеген жағдайдағы көрсеткішімен салыстырғанда 5,8 пайыз өсім көрсетеді. Егер Еуропалық одақ елдері және қалған әлем елдері ағымдағы жылы біздің ЕАЭО-дағы серіктесіміз Ресей Федерациясына қарсы санкция енгізетін болса, онда бұл санкциялар РФ үшін импорттық бағалардың 25 пайызға өсуімен байқалады. Мұның да Қазақстан экономикасына айтарлықтай әсері жоқ. Санкция енгізілген жағдайда Қазақстан ЖІӨ-сі таяу жылдары ішінде 0,18 пайызға кемиді. - Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар