Қазақстан ғалымдары қытайлық мамандармен сейсмикаға төзімді құрылыс бойынша әріптестікті нығайтты
Кездесу барысында сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, озық технологияларды қолдану, бақылау жүйелерімен қамту, сондай-ақ кәсіби мамандарды даярлап, біліктілікті арттыру мәселелері талқыланды.
«Өзара тиімді әріптестік арқылы алдағы уақытта қазақстандық және қытайлық мамандардың қатысуымен нақты бірлескен жобаларды жүзеге асырамыз деп есептейміз», - дейді «ҚазҚСҒЗИ» АҚ бас директоры Бегман Құлбаев.
Өз кезегінде қытайлық компания өкілі сейсмикаға төзімді құрылыс бағытына сәйкес Қазақстанмен тәжірибе алмасып, өз технологияларымен бөлісуге дайын екендерін жеткізді.
Аталған меморандумның аясында тараптар ғылыми қызметкерлердің әлеуетін күшейтіп, тәжірибе алмасу, екі елдегі ғимараттар мен құрылыс нысандарының жер сілкінісіне қарсы қауіпсіздігін нығайту үшін сейсмикалық демпферлеу және оқшаулау технологиясын қолдану жөніндегі бірлескен зерттеулерді жүргізуге уағдаласты. Сонымен қатар, ерекше ғимараттар мен құрылыстарды жобалау бойынша бірлескен арнайы техникалық шарттарды әзірлеп, сейсмикаға төзімді құрылыс теориясы мен тәжірибесі жөніндегі бірлескен іс-шараларды өткізу жоспарланған.