19:02, 16 Ақпан 2009 | GMT +5
Қазақстан ғарышкерлері Мұхтар Аймаханов пен Айдын Айымбетов ұшуға дайын
ЖҰЛДЫЗДЫ ҚАЛАШЫҚ. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Премьер-Министрі Владимир Путиннің жақында өткен кездесуі барысында ғарыш саласындағы екі жақты ынтымақтастықтың келешегі талқыланды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Мемлекет басшысы Ресей тарапынан «Казсат-2» жер серігінің сенімділігін күшейтуді сұрады, сондай-ақ, «қазақстандық ғарышкерлердің ұшу мәселелері дұрыс шешіліп жатыр», деп атап өтті.Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы ғарышкерлерінің ұшуы осы жылдың күзіне жоспарланған. Қазақстандық Мұхтар Аймаханов пен Айдын Айымбетов оқуды 2003 жылдың маусымында Ю.Гагарин атындағы ғарышкерлер дайындау орталығында бастады. 2005 жылдың шілдесінде екеуі де «ғарышкер-сынақшы» мамандығын алды.Оқу кестесінің тығыздығына қарамастан, дайындық үрдісі мен алдағы ұшу сапарына әзірлік деңгейі туралы ҚазАқпаратқа айтып беруге келіскен қазақстандық ғарышкерлер, біздің тілшімізді Жұлдызды қалашықтағы ғарышкерлер дайындау орталығына шақырды. Мұхтар Аймаханов пен Айдын Айымбетов Мәскеуден 25 шақырым жердегі, өздері дайындықтан өтіп жатқан Жұлдызды қалашықта отбасыларымен бірге тұрады. Кеңес заманында бұл жабық қалашықтан телерепортаждар беріліп тұратын, оның орналасқан жері туралы 1990 жылдарың басында ғана ашық айтыла бастады. Қазір, аталған жұлдызды қалашықта ресейлік көптеген ғарышкерлер өз отбасыларымен бірге тұрып жатыр. Атақты ғарышкерлер тұрғын үйінде тұрып жатқан қазақстандықтар үшін, қызметтік баспананың жалдау ақысын біздің үкімет төлейді. М.Аймаханов пен А.Айымбетов өз әңгімелерін ғарышқа дайындықтың үш кезеңнен тұратынын айтудан бастады. Олар: жалпы ғарыштық әзірлік, топ құрамындағы әзірлік және экипаж құрамындағы әзірлік. «Бұл кезеңнің әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері мен қиындықтары бар. Біз оның барлық сатысынан өттік, емтихандар тапсырдық және тиісінше бағалар алдық», - дейді Мұхтар Аймаханов. Қызылорда облысына қарасты Жосалы ауылының тумасы Мұхтар Аймахановтың тұрған жері Байқоңыр ғарыш айлағынан алыс емес еді, сондықтан да, ол бала кезінде зымырандардың көкке ұшырылуын жиі байқайтын. Балалық шақтағы ғарышкер болсам деген арманым, бүгінде нақты шындыққа айналып келеді, дейді ол.Айдын Айымбетов Талдықорғанда туды, ол да бала күнінен ғарышкер болуды армандап өсті. Өмірлік мақсаттарын жүзеге асыру үшін, олар әскери ұшу училищелерді тәмамдады. «Бізбен қатарлас балалардың бәрі де өскенде ғарышкер болуды армандаған болар. Өйткені, адамзаттың тұңғыш рет ғарышқа самғағаны, бала біткеннің бойына қанат бітіргені сөзсіз. Мен де, міне осы мақсатпен Ресейдің Армавир қаласындағы жоғары әскери авиациялық учелищесіне оқуға түстім. 1993 жылдан бастап ҚР Қарулы Күштері қатарында қызмет етемін. Дайындық басталғанға дейін Талдықорғандағы авиация звеносының командирі қызметін атқардым», - дейді Айдын Айымбетов.
«Жұлдызға қарай жол ашу шын мәнінде өте қиын», деп айтуға болады. Мұхтар мен Айдынның айтулары бойынша, ғарышкерлер жасағына қабылдау үшін, бастапқы кезеңде екі мыңнан астам үміткер өтініш берген, бірақ соның ішіндегі сегіз жүзі алғашқы сынақтан сүрінбей өтіпті. Мұндағы басты талап, жоғары біліммен қатар, мықты денсаулық. Осыдан кейін аймақтық медициналық комиссиялардың тексеруі басталды. Мұнда да үміткерлердің көпшілігі сынақтан өте алмай қалып, Алматыдағы республикалық медициналық комиссияға жеткені сегіз үміткер болыпты. Сегіз үміткер, тікелей ғарышкерлер таңдаумен айналысатын Мәскеу қаласындағы медицина-биологиялық мәселелер институтына жіберілген. Бұл кезеңнен өткені төрт үміткер. «Осыдан кейін, біздер Астанада өткен ведомствоаралық мәжіліске шақырылдық та, онда екі адамнан тұратын негізгі құрам бекітілді. Енді, осы екі адамның арасынан экипаждың негізгі мүшесі мен оның сыңары іріктеледі. Ғарышқа ұшатын адам біреу. Сонда таңдау, «екі мың адамның ішінен біреуге ғана түседі», дейді Айдын Айымбетов.Ғарышкерлер дайындау орталығының ресейлік мамандары, «Кім және қашан ұшады?»-деген сауалдардың соңғы сәттерге дейін құпия сқталып келетіндігін айтады. Олардың сөзіне қарағанда, барлық мәселені еліміздің жоғары саяси басшылары шешеді. Сондықтан да, екі ғарышкер дайындық жұмыстарын бірдей жүргізеді. Ал, ғарышкерлер болса, түрлі қисындағы сауалдарға бір қалыптылық танытады. Қандайда бір өкпе-реніш немесе бақталастық болуы мүмкін емес. Біз бір-бірімізді қолдауға тиіспіз, өйткені, өзімізді әріптес және кәсіби ғарышкер санаймыз, дейді олар.
Дайындықтың басым бөлігі халықаралық ғарыш стансасында (ХҒС) өтеді. Әлемнің он алты мемлекеті қатысып отырған орбиталық ұшу стансысы, шын мәнінде халықаралық жоба саналады. Қазақстандық ғарышкер стансаның ресейлік блогында жұмыс жүргізеді деп жоспарлануда. Дегенмен, старт алдындағы дайындыққа ағылшын тілі курсы да енеді, өйткені, ХҒС америкалық әріптестермен де бірлесе әрекет етуге тура келеді.Мұхтар мен Айдын ғарышқа «турист» ретінде ұшпайтындықтарын атап өтті. «Біздің еліміз жеке ғарыштық бағдарламасын дамыту үстінде. Сондықтан да, ұшу сапары кезінде бізге әр саладан, соның ішінде, Жерді қашықтан барлау мәселесі туралы да тапсырмалар болуы мүмкін», дейді қазақстандықтар.
Қазақстандық ғарышкерлер жасағының жасақталуы сөз жоқ, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы, деп атап өтті қазақстандықтар. «Біздің Президентіміздің күш-жігері арқасында ғарыш саласы алға жылжи бастады. Қазақстандық ғарышкерлердің ұшуы еліміз үшін үлкен мәртебе және біздің еліміз үшін жоғары саяси маңызға ие болады. Ұшуға біз дайынбыз. Басшылық тапсырмасын абыроймен орындауға, қазақ халқының сенімін ақтауға, Қазақстан Республикасының толыққанды ғарыштық державаға айнала бастауына қатысуға қолымыздан келгенше тер төгуге дайынбыз» - деп, сендіреді М.Аймаханов пен А.Айымбетов.