Қазақстан-германдық жоғары деңгейдегі келіссөздер көпжақты диалогты жалғастыруға жаңа мүмкіндіктер ашады - ГФР-дағы ҚР елшісі

Германия Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған Еуропа елдерінің алғашқыларының бірі болған. Біз Германия Федерациялық Республикасын Еуропадағы негізгі серіктесіміз ретінде қарастырамыз, ал Германия үшін Қазақстан Орталық Азиядағы басты бағыт болып табылады.
Бүгінгі күнде Қазақстан мен Германия арасындағы барлық салалардағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді, ең жоғары деңгейдегі пәрменді саяси сұхбат қолдау табуда. Үкіметаралық, парламентаралық және партияаралық байланыстар, сондай-ақ ғылыми, іскерлік, шығармашылық интеллигенция топтары арасындағы диалог өзара құрмет, сенім және ашықтық негізінде тұрақты түрде нығайып келеді.
Дипломатиялық қарым-қатынастардың 20-жылдығы - біздің жас мемлекетіміз үшін айтулы оқиға. Оны біз жоғары деңгейде ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ГФР-ға жетінші сапарының табысты өтуімен бағаладық. Сапар барысында қазақ-герман арасындағы қатынастардың ұзақ мерзімді және биік деңгейді көрсететін серпінді жоба екені дәлелденді.
Осы орайда, елдеріміздің басшылары қол жеткізген түрлі бағыттардағы уағдаластықтарды атап өтуіміз тиіс. Шикізат, өнеркәсіп және технологиялар салаларындағы әріптестік туралы Үкіметаралық келісімшартты іске асыру шеңберінде және инвестициялық жобаларды талқылау мақсатымен Герман экономикасының шығыс комитетінің төрағасы Экхард Кордес бастаған неміс іскерлік топтарының делегациясы ү.ж. қыркүйек айының соңында Қазақстанға сапармен келеді деп күтілуде. Дәл сол күндері Астанада бірқатар неміс саясаткерлері мен сарапшылардың қатысуымен Берлин Еуразиялық Клубының екінші отырысы өткізіледі. Германияда кеңінен тараған «Дуалды» жүйе негізінде Қазақстанда бірігіп кәсіби-техникалық кадр дайындау бастамамыз қарқынмен алға басып келіп, нақты шара ретінде ҚР-да дуалды білімді енгізу туралы тиісті екіжақты құжат әзірленуде.
Қазақстан мен Германия арақатынасындағы 20 жылдық тарихта елдердің игілігіне арналған басқа да мағыналы оқиғаларды және жобаларды табуға болады, әсіресе неміс тарапы бастаған сапарлардың саны өсіп келеді. 2010 жылы Федералдық канцлер Ангела Меркель Қазақстанға екі сапар жасап, Астанада өткен ЕҚЫҰ саммитінің жұмысына қатысты. 2010 жылы қазанда Астанаға Бундестаг Президенті Н.Ламмерттың келуі де Қазақстанға Германия Парламентінің төменгі палатасы жетекшісінің тұңғыш сапары болған еді. 2012 жылы қараша айында өтетін ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Н.Нығматуллиннің Берлинге жауап ретіндегі сапары парламентаралық ынтымақтастыққа елеулі серпін береді деп үміттеніп отырмыз.
Екі ел арасындағы сауда-саттық ынтымақтастығы да маңызды мәселелердің бірі болып табылады. 2011 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен ФРГ арасындағы сауда айналымы дағдарысқа дейінгі деңгейіне жетіп, 6,2 млрд еуроны (+20%) құрады, бұл ФРГ-ның Орталық Азия мемлекеттерімен бүкіл сыртқы сауда көлемінің 85 пайызы. 2012 жылдың бірінші жартыжылдығында сауда көрсеткіштері 3,1 млрд еуро құрады. Елімізде неміс капиталының қатысуымен 1200-ден астам кәсіпорын тіркелген. Біздің мемлекеттеріміз Сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі үкіметаралық Жұмыс тобы мен Стратегилық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Германия іскерлік тобының шеңберінде белсенді түрде өзекті мәселелерді қарастырады.
Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтіқ Республикасының арасындағы маңызды байланыс ретінде неміс ұлтының Қазақстан азаматтары (200 мың адам), сондай-ақ бұрын Қазақстанда тұрған Германия азаматтарының (900 мыңнан аса адам) бар екені белгілі, біз олардың мұқтаждарына ерекше назар аударамыз. Қазақстан Республикасында өмір сүріп жатқан этникалық немістердің мәселелері бойынша қазақ-герман Үкіметаралық комиссияның жұмысы нәтижелі жетістіктерге қол жеткізді. 2010 жылдан бастап Гумбольд атындағы Берлин университетінде «Қазақстан және қазақ тілі» лектораты ашылып, неміс студенттері арасында қызығушылық өсуде. Біз осы бірлескен жобаға одан әрі қолдау көрсетуге деген ниетіміз бар.
ГФР Сыртқы істер федералдық министрі Гидо Вестервелленің ү.ж. 29 тамызда Қазақстанға ресми сапармен келуі және «Ядролық сынақтарға тыйым салудан ядролық қарудан азат әлемге» атты халықаралық конференцияға қатысуы екі еліміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнаған күннен бері келе жатқан жиырма жыл ішінде қалыптасқан стратегиялық ынтымақтастық деңгейін, сондай-ақ халықаралық проблемаларға қатысты көзқарастарымыздың ортақтығын дәлелдейді деген ойдамыз. Алдағы қазақстан-германдық жоғары деңгейдегі келіссөздер, қалыптасқан дәстүр бойынша, халықтарымыз игілігі үшін одан әрі көпжақты диалогты жалғастыруға жаңа мүмкіндіктер ашады деген сенімдеміз.
ҚР-ның ГФР-дағы елшілігі,
2012 жылғы тамыз.