Қазақстан-Германия: неміс тарапын Орталық Азиямен не байланыстырады

Қазақстан-Германия
Коллаж: Canva

16-17 қыркүйекте Германия канцлері Олаф Шольц Қазақстанға ресми сапармен келмек. Шольцтың бұл сапары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруынан кейін болғалы тұр. Екі ел жоғары деңгейдегі келіссөздер өткізеді және «Орталық Азия + Германия» форматындағы кездесу де жоспарланған. Әлемдегі жетекші экономика қатарына кіретін Германияны Қазақстанмен не байланыстырады? Kazinform тілшісі екі ел қарым-қатынасының ерекшеліктерін зерделеді.

32 жылдан асқан ынтымақтастық

Қазақстан мен Германия арасында дипломатиялық қатынас 1992 жылы 11 ақпанда орнатылды. 1992 жылы желтоқсанда Алматыда Германия Федеративтік Республикасының Елшілігі ашылды. Ал 1993 жылы қыркүйекте Бонн қаласында Қазақстан Республикасының Елшілігі ашылып, 1999 жылы Берлинге көшірілді.

Негізінен, Қазақстан-Германия қарым-қатынастары сенімді диалог пен өзара достық байланыстары арқылы өрбуде. Дипломатиялық қарым-қатынас орнағалы бері өзара ынтымақтастықты нығайтудың маңызды кезеңі қалыптасты. Мысалы, 2019 жылы желтоқсанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Германияға барған еді. Көп өтпей 2020 жылы 14-16 ақпанда Мюнхен қауіпсіздік конференциясына қатысу үшін осы елге кезекті рет сапарлады. Былтыр, нақтырақ 28-29 қыркүйекте Мемлекет басшысы «C5 + Германия» диалогына қатысу үшін неміс жеріне үшінші мәрте барды. Сол жиында екі ел сауда-экономикалық қарым-қатынас, жаңа көлік-транзит дәліздерін дамыту, энергетика саласындағы кооперация мәселелеріне назар аударды.

Германияға сапар
Фото: Ақорда

 

Бұған қоса парламентаралық байланыстар да қарқынды дамып келеді. ҚР Парламенті қос палатасының спикерлері ГФР-ға 2012 жылы, 2015 жылы және 2017 жылы барды.

Қазақстан мен Германия арасындағы келісімдер көбіне шикізат, өнеркәсіп және технологиялар саласында жасалған. Бұған қоса, Қазақстан мен ГФР арасында Экономика, өнеркәсiп, ғылым және техника саласында кең ауқымды ынтымақтастықты дамыту туралы шарт; Мәдени ынтымақтастық туралы келісім; Қазақстан мен ГФР үкіметтері арасында Ұйымдасқан қылмысқа, терроризмге және қылмыстың басқа да қауiптi түрлеріне қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім бар.

Сауда-экономикалық байланыс қарқынды өсуде

Екі елдің сауда-экономика бағытындағы әріптестігі өте қарқынды өсіп жатқанын айта кеткен жөн. Мәселен, екіжақты тауар айналымы 2021 жылы 2,2 млрд доллар болса, 2022 жылы – 2,8 млрд доллар, ал 2023 жылы 3,9 млрд долларға жетті. Осылайша, неміс жұртшылығы Қазақстанның ең ірі 10 сауда серіктесінің қатарына еніп отыр.

Қазақстан-Германия тауар айналымы
Инфографика: Kazinform

 

Былтырғы тауар айналымның 742,3 млн (924,4 мың тонна) доллары Қазақстан экспортына тиесілі (3 есе өсім), қалған басым бөлігі Германиядан келген импорт – 3,1 млрд доллар (293,5 мың тонна).

Қазақстан былтыр Германияға турбовинттік қозғалтқыш жеткізуді 3,5 есеге (700 келі) ұлғайтқан. Ал мұнай жеткізу 4,7 есе (668,4 мың тонна), көмір жеткізу 4,8 есе (101,2 мың тонна) өсті. Сондай-ақ өткен жылы еуропалық елге 277,4 тонна никель және 26,7 тонна ұшу аппараттары жөнелтіліпті.

Кейбір позициялар бойынша кеміген көрсеткіштер барын жасырмаған жөн. Мысалы, ферроқорытпаларды сату – 9,6 пайыз (71,8 мың тонна), оқшауланған сымдар сату – 33 пайыз (370,9 тонна), фосфор сату – 1,6 есеге, 9,9 мың тоннаға дейін азайған. Бұл айтылғандарға қоса былтыр Германияға балық сүбесі (2,2 мың тонна) де экпортталды.

Ал неміс халқынан келген импорт былтыр 2022 жылмен салыстырғанда 23,5 пайызға өсіп, 293,5 мың тоннаны құрады. Жергілікті автокөлік нарығына 4,7 мың автомобиль (1,9 есе өсім) келген. Бұл тұста германиялық өндірушілер Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласының техникалық базасына да ықпал етіп жатқанын айта кеткен абзал. Былтыр 2 мыңға жуық техника келген, оның 1,1 мыңы – трактор (1,8 есе өсім), 740-ы – ауыл шаруашылығына арналған машина. Бұдан бөлек, 41,8 мың тонна тіркемелер, 10 мың тонна мотор майы әкелінген.

Өз кезегінде 2,4 мың тонна фармцевтикалық өнім жеткізіліп, өсім аздап ұлғайды (1,2 пайыз). Германиядан Қазақстанға жеткізілген бу қазандықтары 30 есеге (1,3 мың тонна), медициналық жабдықтар – 1,9 есе (868,9 тонна), сорғылар 21,7 пайызға (2,4 мың тонна) артқан. Сонымен қатар еліміздегі дүкендер неміс шоколадын көптеп алдырыпты. Мөлшері 3,5 мың тонна, өсім 16,5 пайызға жеткен.

Қазақстан-Германия сауда
Инфографика: Kazinform

 

Германия қазақ жеріндегі жобаларға қызығушылығын жойған жоқ. Ұлттық банк дерегінше, 2005-2022 жылдары Германиядан Қазақстанға келген инвестиция ағыны 5,84 млрд долларды құраған. Ал былтыр бұл көрсеткіш 712 млн еуро болып, бір жылдық көрсеткіш бойынша рекордтық деңгейге барды.

Мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастар

Аса маңызды сала саналатын мәдени-гуманитарлық байланыстар да жақсы деңгейде. Елімізде неміс ұлтының 226 мың өкілі өмір сүреді. Сондай-ақ Германияда 1 млн астам бұрынғы отандастарымыз тұрады. Осы сандар екі ел арасындағы достықты нығайтатын себеп бола алады.

Қазір Қазақстан-Герман мәдени ынтымақтастығы мәселелері жөніндегі аралас комиссия жұмыс істейді. Ал неміс диаспорасының мәселелерімен Этникалық немістер мәселелері жөніндегі үкіметаралық комиссиясы айналысады. 2023 жылы наурызда Берлинде оның 19-шы отырысы өткен. Бұдан бөлек, 1994 жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасы аясында Германияның жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнатылғанын айта кеткен жөн.

Еуропа елдерімен қарым-қатынасты тереңдету тұрғысында Қазақстан мен ЕО азаматтарының өзара сапарлары өскенін ескерсек, Қазақстан визалық режимді жеңілдетуге ерекше мән беріп келеді. 2017 жылдың қыркүйегі мен желтоқсанында ЕО Кеңесінің визалар жөніндегі жұмыс тобының отырыстары өтіп, ЕО-ға мүше елдердің көбі Қазақстанмен визалық режимді жеңілдету мәселесін пысықтауды қолдады.

2023 жылғы 21-23 тамызда Қазақстанға Еуропалық парламенттің Сыртқы істер бойынша комитетінің төрағасы Дэвид Макаллистер бастаған бір топ депутат делегациясының іссапары өтті. Аталған сапар барысында еуропалық депутаттар мен Қазақстанның бірқатар мемлекеттік органы, соның ішінде Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілдері арасында келіссөздер болды.

Астана мен Берлин әріптестігі

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дың Еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Марат Рамазановтың айтуынша, Астана мен Берлиннің стратегиялық әріптестігінің серпінді дамуын тауар айналымының тұрақты өсуі, Қазақстан экономикасына германдық инвестициялар мен екіжақты экспорттық-импорттық операциялар көлемінің ұлғаюы айғақтайды. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық, ғылыми-білім беру және экологиялық салалар да белсенді.

ҚСЗИ-дың Еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Марат Рамазанов
Фото: ҚСЗИ

 

– Германия канцлері мен Қазақстан Президентінің кездесуінен жаңа келісімдер, сондай-ақ энергетика, көліктік логистика, ауыл шаруашылығы, химия, машина жасау салаларындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін беру жөніндегі практикалық қадамдар болады деп күтілуде. Геосаяси проблемалар мен оларды шешудің тәсілдері, оның ішінде Қазақстан мен Германияның делдалдық әлеуетін іске қосу мүмкіндігі жөнінде пікір алмасу болады.

Өңіраралық мәселелердің шамамен осындай блогы «Орталық Азия - Германия» саммитінде қозғалатын болады. Екінші саммиттің Астанада өтуінің символдық мәні бар, бұл Қазақстанның Орталық Азия өңірінің жетекші еуропалық державамен интеграциясының көпжоспарлы үдерісіндегі негізгі рөлін айғақтайды, – деп түйіндеді сарапшы.

Соңғы жаңалықтар
telegram