Қазақстан Германияны мұнаймен қамтамасыз етіп отырған негізгі 4 мемлекеттің бірі - Президент

«Тағы бір аса маңызды сала – мәдени-гуманитарлық байланыс. Елімізде неміс ұлтының 226 мың өкілі өмір сүреді. Олар Қазақстанды өркендетуге елеулі үлес қосып келе жатыр. Германияда 1 млн-нан астам бұрынғы отандастарымыз тұрады. Бұл – халықтарымыз арасындағы достықты нығайта түсетін алтын көпір. Біз осы саладағы ықпалдастықты тереңдетуге ниеттіміз», - деді Президент.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Германия Президентімен сауда-экономикалық қатынастарды дамыту жолдарын талқылағандықтарын айтты.
«Қазақстан – Германияның Орталық Азиядағы негізгі экономикалық әріптесі. Германияның Орталық Азия елдерімен алыс-берісінің 83 пайызы біздің елге тиесілі. Былтыр екіжақты сауда-саттық шамамен 10 млрд доллар болды. Қазақстан Германияның басты 50 экономикалық серіктесінің қатарына кіреді. Сондай-ақ, осы елді мұнаймен қамтамамсыз етіп отырған негізгі 4 мемлекеттің бірі саналады. Біз экономикалық ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне қадам бастық. Өзара тиімді қарым-қатынасты нығайту өте маңызды. Сол үшін Президент Штайнмайерге екі елдің мүддесіне сай келетін бірқатар нақты ұсыныс айттым», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.