Қазақстан ғылыми-зерттеу мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға ЖІӨ-нің 0,16 пайызын ғана жұмсайды

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Абай Серікқанов Қазақстан ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға ЖІӨ-нің 0,16%-ын ғана жұмсап отырғанын мәселе етіп көтерді.

Ұлттық ғылыми орталық қызметкерлері
Фото: Әділет Беремқұлов/Kazinform

- Қазақстандағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын ішкі шығыстардың деңгейі жалпы ішкі өнімнің 0,16 пайызына ғана тең. Бұл біздің көрсеткіш дамыған экономикалардың, тіпті Ресей мен Беларусь сияқты елдердің, Еуропалық одақ елдерінің көрсеткіштерінен төмен дегенді білдіреді. Мемлекет әлі күнге дейін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың негізгі инвесторы болып отыр. Барлық шығынның 77%-ға жуығы бюджеттен алынады. Ал кәсіпорындар салған меншікті қаражаттың үлесі 16% ғана. Банктер бөлген қарыз үлесі небәрі 0,1% екенін айттық, - деді ол Сенаттағы кездесуде.

Оның сөзінше, 2024 жылы Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға берілген ішкі шығындардың 65%-ы қолданбалы зерттеулерге, 27%-ы іргелі зерттеулерге, тек 7,3%-ы ғана тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерге тиесілі болған.

Еске салсақ, наурыз айында Алматыдағы Ұлттық ғылым академиясы таратылатыны мәлім болған еді. 

Соңғы жаңалықтар