Қазақстан ғылымының болашағы Астанада әлемдік сарапшылармен талқыланады

 Честер Яблонский
Фото: NU баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Жасанды интеллект, наноматериалдар және ғылыми жетістіктерді коммерцияландыру – осы және өзге де өзекті мәселелер 19-21 қыркүйек күндері елордада өтетін NU ARC-2024 ғылыми-тәжірибелік конференциясында жан-жақты талқыға түспек.

Айта кетерлігі, Әлеуметтік даму қорының қолдауымен NU ұйымдастырғалы отырған іс-шара академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналады. Осы ретте NU-дың ғылыми-зерттеу жөніндегі вице-провосты Честер Яблонскиді сөзге тартып, алдағы күндері өтетін халықаралық іс-шара жайында білген едік.

- Алдымен конференцияның ерекшелігіне тоқталып өтсеңіз…

- Біз пәнаралық көзқарасқа назар аударамыз. Бұл тар бейінді іс-шара емес, мұнда әртүрлі сала мамандары бас қосады. Біз Қазақстан ғылымының болашағын қалыптастыруға көмектесетін білім алмасу алаңын құруға үміттенеміз. Қатысушылар үш күндік қызу талқылау мен зерттеулерге куә болады.

- Қай бағытта талқылаулар жүреді ?

— Наноматериалдар мен жасанды интеллект – басты тақырыптардың бірі болмақ. Әлемнің жетекші университеттерінің ғалымдары, оның ішінде MIT, Ливерпуль университеті, Сингапур Ұлттық университеті және басқалары өздерінің жетістіктерімен бөліседі. Біз оптикалық, магниттік материалдарды және олардың энергетика, катализ бен биомедицинада қолданылуын талқылаймыз. NU жанындағы Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты (ISSAI) AI саласындағы әзірлемелерді ұсынады.

- Жалпы конференция ғалымдар арасындағы ынтымақтастыққа қалай әсер етеді деп ойлайсыз ?

— Біздің басты мақсаттарымыздың бірі де сол. Қатысушылар басқа саладағы әріптестерімен байланыс орнатып, жаңа бірлескен жобаларға жол ашады деп сенеміз. Пленарлық отырыстар NU-дың негізгі ғылыми басымдықтарын қамтиды. Мысалы, Northwestern University-ден келетін Джон Роджерс жасыл электронды құрылғылардың тұжырымдамасын ұсынады. Ал University of New South Wales профессоры Вина Сахаджвалла қалдықтарды «жасыл материалдарға» қайта өңдеу туралы айтады. Ол – қалдықтарды қайта өңдеу ғылымында төңкеріс жасаған, халықаралық деңгейде танымал материалды зерттеуші ғалым, инженер және өнертапқыш.

- Ғылыми жобаларды коммерцияландыру мәселесі де талқыға түседі, солай ма ?

- Әрине, сөзсіз талқыланады. Бұл мәселе Қазақстан үшін өзекті және біз зерттеулерін коммерцияландыруда табысқа жеткен сарапшыларды да шақырдық. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен білім беру саласындағы басқа да жетекшілердің қатысуымен панельдік сессия өтеді. Олар ХХІ ғасырда университетті қалай басқару керектігін айтып береді.

- Конференция алаңында тағы да қандай іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр ?

- Меніңше, Three Minute Thesis байқауының финалы ерекше қызығушылық тудырмақ. Бұл – Квинсленд университетінде (Австралия) әзірленген академиялық зерттеу конкурсы. Докторанттар өз зерттеулерінің мәнін үш минут ішінде аудиторияға жеткізе білуі тиіс. Казір бұл халықаралық деңгейде танылған конкурсқа айналды. Жеңімпаздар зерттеулеріне гранттар алады. Бұл әртүрлі саладағы әлемге әйгілі ғалымдардың, ең бастысы, Қазақстанның түрлі университетіндегі әріптестеріміздің қатысуымен осындай деңгейде өткізіліп отырған республикадағы тұңғыш халықаралық конференция екенін ерекше атап өткім келеді.

Соңғы жаңалықтар
telegram