Қазақстан халықаралық төрелік сотында өз ұстанымын қорғап шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасы халықаралық төрелікте кезекті рет жеңіске жетті, деп хабарлайды Әділет министрлігінің баспасөз қызметі.

Международный уголовный суд
Фото: © UN Photo/Rick Bajornas

Министрліктің мәліметінше, Гаага қаласындағы Тұрақты төрелік палатасы (ТТП) әкімшілігіндегі Евгений Белавиннің Қазақстанға қарсы бастаған UNCITRAL (Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясы) төрелік ісі тоқтатылды.

Аталған төрелік іс 1997 жылғы Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасындағы екіжақты инвестициялық келісімге негізделген. Іс барысында Е.Белавин Қазақстаннан 34 миллиард АҚШ долларынан астам өтемақы өндіруді талап еткен болатын.

2025 жылғы 1 қыркүйекте Төрелік трибунал істі дереу тоқтату туралы қаулы қабылдап, талапкерді трибунал мен ТТП-ның барлық шығындарын төлеуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының төрелік барысында жұмсаған шығындарын өтеуге міндеттеді.

Сонымен қатар, трибунал Қазақстан Республикасының ұстанымын толық қолдап, мемлекетке қарсы қойылған барлық айыптауларды заңсыз деп таныды.

Айта кетейік, Әділет министрлігінің дерегінше, халықаралық сотта Қазақстанға қатысты 20 іс қаралып жатыр.

Соңғы жаңалықтар