Қазақстан Халықаралық валюта қорының ел экономикасын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалайды – Нұрлан Байбазаров

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Қазақстандағы Халықаралық валюта қоры миссиясының басшысы Николя Бланшемен кездесті. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.  

Үкімет
Фото: Үкімет

Елімізге кезекті сапары аясында ХВҚ миссиясы негізгі мемлекеттік органдармен, соның ішінде Парламент, Ұлттық банк, Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы министрлігі және басқа да мүдделі тараптармен бірқатар кездесу өткізді.

Үкімет
Фото: Үкімет

«Кездесуде тараптар ағымдағы экономикалық жағдайды, Үкіметтің экономиканы одан әрі сапалы өсіру мақсатында жүргізіп жатқан реформалары мен шараларын, сондай-ақ Қордың экономикалық саясатты дамытудың басым бағыттары бойынша ұсынымдарын әрі жақын және орта мерзімді перспективаға арналған ынтымақтастық жоспарларын талқылады», — делінген ақпаратта.

Вице-премьер экономиканың үздіксіз өсуін және биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша оны 3,7%-ға дейін жеделдетуді баса айтты. Бұған қоса, Премьер-Министрдің орынбасары Үкіметтің бюджеттік саясаттың тиімділігін арттыру, салық заңнамасын жетілдіру, инвестициялық тартымдылықты күшейту және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі жұмысына да тоқталды.

Үкімет
Фото: Үкімет

Нұрлан Байбазаров Қазақстан Халықаралық валюта қорымен серіктестікке үлкен мән беретінін және оның ел экономикасын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын атап өтті.

Өз тарапынан Николя Бланше тұрақты 6% өсімге қол жеткізу үшін экономикадағы құрылымдық реформаларды жалғастыру қажеттігін, бұл — қол жеткізуге болатын көрсеткіш екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Қордың Қазақстанға тиісті қолдау көрсетуді жалғастыруға дайын екенін білдірді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда Ядролық физиканы дамыту жөніндегі кеңес құрылғанын жазған болатынбыз. Тиісті құжатқа Премьер-Министр 27 қыркүйекте қол қойды.

 

Соңғы жаңалықтар