Қазақстан халқы 20,3 млн адамға жетті – Статистика бюросы

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстан халқының саны 20 353 265 адамға жетті. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлім етті.

санақ
Фото: egemen.kz

Жыл басынан бері ел халқы 69,8 мың адамға артты. Оның ішінде табиғи өсім 63,4 мың адамды, ал көші-қон есебінен өсім 6,3 мың адамды құрады.

Халық санының ең жоғары өсімі елордада тіркелді. Астана тұрғындарының қатары осы кезеңде 29,7 мың адамға көбейді. Бұл өсімнің 78,3 пайызы көші-қон есебінен қамтамасыз етілген.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, көші-қонның оң сальдосы 5 өңірде – Алматы және Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ республикалық маңызы бар үш қалада – Астана, Алматы және Шымкентте байқалды. 

Сонымен қатар бюроның 12 мамырдағы жарияланған мәліметінше, қантар-наурызда елге келгендер саны 4923 адамды, елден кеткендер саны 1122 адамды құрады. Көші-қон айырымы 3801 адамды құрады. 

Құжатта көрсетілгендей елдің негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен жүретіні көрсетілген. Осы елдерден келгендердің үлесі 84,1 пайыз, ал бұл елдерге кеткендердің үлесі 68 пайызды құрады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандағы еңбек көші-қонына қатысты статистикалық деректерге шолу жасағанбыз.

Соңғы жаңалықтар