Қазақстан халқы банктерге 50 трлн теңгеге жуық ақша жинады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда депозиттер көлемі артып келеді. 2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша заңды және жеке тұлғалардың банктердегі депозиттері бір айда өсіп, жалпы көлемі 50 трлн теңгеге жуықтады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттегінің мәліметінше, заңды тұлғалардың депозиттері бір айда 1,8% өсіп, 22,5 трлн теңгеге, ал жеке тұлғалардың депозиттері 1,3% артып, 28,4 трлн теңгеге жетті.
Ұлттық валютадағы депозиттер көлемі де ұлғайған. Бір айда теңгедегі депозиттер 2,3% өсіп, 41,2 трлн теңге болды. Ал шетел валютасындағы депозиттер 1,5% азайып, 9,7 трлн теңгеге дейін төмендеді. Агенттік мұны, басқа факторлармен қатар, теңгенің АҚШ долларына қатысты 1,5%-ға нығаюы аясындағы қайта бағалаумен түсіндіреді.
Осының нәтижесінде депозиттердің долларлану деңгейі де төмендеді. 2026 жылғы 1 тамызда бұл көрсеткіш 19,1% болды. Маусым айында долларлану деңгейі — 19,7%.
Сонымен қатар банктердегі депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелері де өзгерген. Банктік емес заңды тұлғалардың теңгедегі мерзімді депозиттері бойынша орташа өлшенген мөлшерлеме шілдеде 15,9% болды. Маусымда бұл көрсеткіш 16,2% еді.
— Ал жеке тұлғалардың депозиттері бойынша мөлшерлеме өзгермей, 14,7% деңгейінде сақталды. Банктердің меншікті капиталы да өскен. Шілдеде ол 1,9% артып, 11,4 трлн теңгеге жетті. Жыл басынан бері банктердің капиталы 7,6%-ға ұлғайған, — делінген хабарламада.
2026 жылдың басынан бері банктердің таза пайдасы 1,396 трлн теңге болды. Дегенмен бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 14,9% аз.
1 тамыздағы жағдай бойынша банк активтерінің рентабельділігі (ROA) 3,5%, ал капиталдың рентабельділігі (ROE) 23,2% болды.
Еске салайық, бұған дейін ел халқының банктерге қарызы 26 трлн теңгеден асқанын жазғанбыз.