Қазақстан халқы микроқаржы ұйымдарына 2,9 трлн теңге несие қарыз

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан экономикасындағы кредиттердің жалпы жиынтығы 42,8 трлн теңгеге жетті. Ұлттық банктің кезекті статистикалық мәліметінде осындай дерек бар.

несие
Фото: tula.mk.ru

Ұлттық банк мәліметіне сүйенсек, Қазақстан экономикасындағы кредит берешегінің жиынтық сомасы 2024 жылдың 1 сәуірінен бастап бір жылдың ішінде 20,4% ұлғайып, 2025 жылғы 1 сәуірде 42,8 трлн теңге болған. Бұл соманың 19,5 трлн теңгесі (45,6%) қаржылық емес заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің мойнында. 23,3 трлн теңгесі (54,4%) халықтың мойнында. 

Несиелерді қай валютада алынғанына келсек, 90,6%-ы (38,7 трлн теңге) төл валютамен, 9,4%-ы (4 трлн теңге) шетел валютасымен берілген. Жоғарыда айтылған 42,8 трлн теңге берешектің 85,6%-ын (36,6 трлн теңге) банктер берген. 2024 жылдың 1 мамырында бұл сома 30,9 трлн теңге болған.

«Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ, «Экспресс Финанс» Ипотекалық ұйымы» АҚ сияқты ипотека ұйымдарына төленуі керек несиелердің жалпы көлемі — 271,7 млрд теңге (2024 ж. 1 мамырында — 289,5 млрд теңге болған). «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ, «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ сияқты квазимемлекеттік сектор нысандарына қайтарылуы керек кредит мөлшері — 2,9 трлн теңге (2024 ж. 1 мамырында –2,2 трлн теңге болған).

Микроқаржы ұйымдары таратқан несиелердің жалпы сомасы — 2,9 трлн теңге. 2024 жылдың 1 мамырында бұл сома 2,5 трлн теңге болған. Яғни, бір жылдың ішінде халықтың микроқаржы ұйымдары алдындағы несие берешегі 400 млрд теңгеге ұлғайған.

Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі тұрғындарға тиімсіз шартпен қарыз берген микроқаржы ұйымын тексеріп жатқанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар