«Қазақстан халқына» қоры мәдени және спорттық жобаларға екпін қояды - Ләззат Шыңғысбаева

АСТАНА. KAZINFORM — «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева «Jibek Joly» телеарнасының «Уәде» бағдарламасына сұхбат беріп, қордың негізгі қызметі, жаңа бастамалары, даму бағытына және басқа да маңызды мәселелерге қатысты пікірін айтты.

Ләззат Шыңғысбаева
Фото: Дияр Бексұлтанов

Негізгі жұмыс ел өңірлерінде іске асырылады

- «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының жұмысы ауқымды, еліміздегі ең ірі қор саналады. Біз бес бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Осы орайда білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, спорт және мәдениет салалары қамтылған. Қор өзінің жұмысын бастағанда, денсаулық сақтау саласына көбірек көңіл бөлді. Қазір мәдениет пен спорт бағытына да назар аударып жатырмыз. Жалпы, қор 104 ірі жоба мен бағдарламаға бастамашы болды. Көбісі өңірлерге, аудандар мен ауылдарға арналған, яғни 80 пайызы осы бағытта, - деді Л. Шыңғысбаева.

Оның айтуынша, қазір халық біраз ұсынысын жолдаған. Бұл ретте спорт саласын дамыту жобалары жайында бастамалар көтеріліп жатыр.

- Ауыл тұрғындары үшін баратын жерлер көп емес. Балалар көбіне бос жүріп қалады. Сондықтан спортпен айналысу үшін жағдай жасау керек. Түрлі додаларда чемпион болып, Қазақстанның Туын көбіне ауылдан шыққан балалар көтеріп жүргені белгілі. Осы жылы біраз облыс әкімімен кездесіп, оңалту мәселелерін талқыладық. Атап айтқанда, сауықтыру жұмыстары күшейтіледі. Былтыр тасқын болғанда, еліміздің бес өңіріндегі 21 елді мекенде 627 үй салып бердік. Осының қорытындысын қарастырып, биыл қор құрылыс салуды да жүзеге асырып отыр. Бұл тұрғыда спорт және оңалту нысандарын қамтимыз, - деді басқарма төрағасы.

Осы орайда Қор тиісті алгоритмді құрған. Құрылысқа қатысты ешқандай компанияны таңдамайды, яғни басты серіктес ретінде облыс әкімдігімен бірлескен жұмыстар атқарылады. Ал облыс әкімдігі тәжірибесі мол және қаржылық жағынан проблемасы жоқ жергілікті компанияларды тартады. Тиісті комиссия құрылып, бір құрылыс компаниясы таңдалады.

Қазақстан халқына
Фото: Дияр Бексұлтанов

Қорға сенімділік бар

- Мемлекет басшысының бастамасынан кейін, ірі компаниялар Қорға қаражат аударды. 2022 жылдан бері 252 млрд теңге қаражат келіп түсті. Одан бері жыл сайын қаражат жинау мақсаты болмады. Өйткені жиналған қаражатты реттеп, жобаларды іске асыру керек. Ірі донорлардың «берген қаражат қалай жұмсалып жатыр?» деген сұрағына жауап берілуі қажет. Біздің ресми сайтымызда барлық қаржының жұмсалуы, кіммен келісімшарт бекітілгені жайында толық ақпарат бар. Тиісті тізімде үш жылдың ішінде қол қойылған шарттар тіркелген және ашық көрсетілген, - деді Ләззат Шыңғысбаева.

Оның сөзіне қарағанда, үш жылдың ішінде донорлар тарапынан Қор қызметіне қатысты ешқандай күмән болмаған.

- Жалпы, қорға түскен қаражаттың басым бөлігі бір жылдың (2022 жылы) ішінде келіп түсті. Сонымен қатар, заңнама аясында жыл сайын «Самұрық-Қазына» таза пайдасының 7 пайызын «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аударады. «Сәтті Жұлдыз» лотерея операторы да жарнасын салып тұрады... Атап айтқанда, қор қаражатын сақтауға қатысты іс-қимылдар тұжырымдамамен бекітілген, осы жайында толық ақпаратты біздің ресми сайттан көруге болады, - деді қор басшысы.

Мәселен, қор белгілі бір қаржыны депозитте теңгемен сақтайды. Ережеде депозитте сақтауға қатысты талаптар қарастырылған.

- Ол жақтан (депозиттің өсімінен) түскен қаражат әкімшілік шығындарға, кеңсені жалға алуға, шататқа жұмсалады. Жалпы, донорлардан түскен қаражат тек жобалар мен бағдарламаларға бағытталады. Ірі компаниялар бөлген қаржаттың бір тиынын да әкімшілік шығындарға немесе қызметкерлердің жалақысына бөлмейміз. Осы қадамдар донорлардың сенімін сақтауға, ашық жұмыс істеу үшін іске асырылып отыр. Бізге келген қаржының әр тиынына есеп береміз, - деді ол.

Ләззат Шыңғысбаева
Фото: Дияр Бексұлтанов

Су тасқыны салдарын жою

2024 жылғы көктемегі тасқынынан кейін «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры зардап шеккен аймақтарға көмек көрсетті. Ресми сайттағы мәліметке қарағанда, зардап шеккен өңірлерде тұрғын үй құрылысына қаржы бөлінді.

- Бес өңірде 627 үй салынды. Бір үйдің орташа құны – 26,5 млн теңге. Мәселен, Қостанай қаласынан 700 км қашықтықта орналасқан Көлқамыс ауылы бар. Бұл тұрғыда логистика мәселесін, әр өңірдегі үйлердің типтік үлгісін, жобалық-сметалық құжатын ескеру керек. Осы орайда бекітілген сараптамалық құжатнамасымен барлық жұмысты заңды түрде атқардық. Себебі әр үйді салудан бөлек, оның сапасына да ерекше назар аудару керек, - деді Л. Шыңғысбаева.

Бұл ретте салынған үйлердің сапасына қатысты тұрғындардан шағым болмаған. Әр мердігер екі жылға кепілдік беріп отыр. Осы уақыт аралығында салынған нысандарда кемшілік анықталса, құрылыс салушылар өз қаражаты есебінен жөндеп береді.

Қазақстан халқына
Фото: Дияр Бексұлтанов

Қор жеткізген дәрі-дәрмекке жауапкершілікпен қарау керек

Қор бағдарламасында Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында мемлекет ұсынбайтын сирек (орфандық аурулар) және ауыр аурулары бар азаматтарды қымбат, заманауи, инновациялық және тіркелмеген дәрілік заттармен қамтамасыз ету ескерілген. Екінші бағыт бойынша онкологиялық және онкогематологиялық аурулары бар науқастарға препараттар жеткізу қарастырылған.

- Осы екі бағытта біз дәрі-дәрмек алып жатырмыз. Онкология бойынша елімізде мемлекет жағынан бекітілген бағдарлама бар. Жалпы Қазақстан бойынша онкология саласын дамытуға ерекше мән беріліп отыр. Бұл жерде «Қазақстан халқына» қоры үш пункт аясында қатысады. Біріншісі – құрал-жабдықтар, екіншісі – дәрі-дәрмек, үшіншісі – қазір осы салада жұмыс істеп жүрген мықты мамандарды шетелдің озық оқу орындарында оқыту. Атап айтқанда, осы қадамдарды қазір жүзеге асырып жатырмыз, - деді қор басшысы.

Жұмыстың маңызды бағыты ауыр және орфандық аурулары бар пациенттер үшін дәрілік препараттарды сатып алуға арналған. Қор үш жылда 490 адамға 64 млрд теңге сомасына дәрілік заттарды сатып алды.

- Осы салада біршама өзгеріс енгізіп жатырмыз. Бұл науқастар еліміздің өңірлерінде тұрады. Дәрі-дәрмек мәселесі тек қана денсаулық сақтау жүйесінің ішінде болуы керек. Қоғамдық қор сатып алып жатқан дәрі денсаулық сақтау жүйесінің сыртында қалып қойып отыр. Мәселен, дәрінің қаражатын біз төлесек, осы препарат өңірлерге жеткізіледі. Осы дәріні жергілікті денсаулық сақтау басқармасы медициналық ұйымдарға таратады. Кейбірі қайырымдылық қаражатына алынған препараттарға бей-жай қарайды деген күмән бар, яғни сұрауы жоқ зат ретінде қарауы мүмкін. Мұндай көзқарас дұрыс емес. Нақты айтқанда, бізге көптеген науқас хабарласып, жеткізілген дәрі-дәрмекті қалай пайдалану керек екенін білмейтінін мәлімдеді. Біздің қоғамдық қор медициналық ұйым емес қой?! Біз тек қана келісімшартқа отырып, препараттарға қажет қаражатты аударамыз. Ары қарай осы дәріні ем-домға пайдалану жағын дәрігерлер реттеуі тиіс. Орфандық ауруларға арналған дәрі-дәрмек өте қымбат екенін түсіну керек, яғни қатаң бақылауда болуы қажет, - деді Ләззат Шыңғысбаева.

Айта кетейік, Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры (ҚӘҚ) құрылды

Еске салсақ, биыл қаңтар айында «Қазақстан халқына» Қоғамдық қорын үш жыл бойы басқарған Болат Жәмішев қызметінен кетті. Ол бұл қызметке 2022 жылдың қаңтарында тағайындалған еді. Басқарма төрағасы болып сайланған өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты Б. Жәмішев Қордағы жұмысын аяқтау туралы шешім қабылдады.

Соңғы жаңалықтар