«Қазақстан халқына» қоры немен айналысады – Болат Жәмішевтің сұхбаты

Болат Жәмішев
Фото: Жібек жолы

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 11 қаңтарында, қасіретті «қаңтар оқиғасынан» кейін денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау салаларындағы мәселелерді шешу үшін «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорын құруды тапсырған болатын.

Дәл сол тапсырмадан соң іле-шала құрылған қордың игілігін бүгінде біраз отандасымыз көріп те үлгерді. Jibek Joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасына арнайы сұхбат берген аталған қордың басшысы Болат Жәмішев нақты адамдарға атаулы көмекпен қатар, халық топтарына да жүйелі көмек көрсететілетіндігін айтады.

«Расымен де, Президенттің тапсырмасына орай «Қаңтар» оқиғасынан кейін шамамен 1 апта өткенде қор құрылды. Оның басшысы ретінде мен тағайындалғаныммен қорды ұжым болып, яғни, қамқоршылық кеңесінің мүшелерімен, басқарма мүшелерімен бірге құрғанымыз анық. Мақсатымыз шұғыл жұмысқа кірісіп кету болды. Әдетте мұндай ұйымды құруға айтарлықтай көп уақыт жұмсалады. Бастапқыда негізгі жұмысымызды ысырып қойып, ұйыдастырушылық істермен айналуысуға да мүмкіндігіміз болмады. Сондықтан жекеменшік бір компания тарапынан ұсынылған жобалық өнімді жақсы қолдандық. Сол өнім арқылы азаматтардың өтінімдерін қабылдап, оларға жәрдемдесе алдық. Яғни, оны Президенттің тапсырмасына сай азаматтарға көмек көрсету мақсатында қолдандық. Бастапқы кезеңде азаматтар бұл қордың немен айналысатынын түсіне қойған жоқ. Ұйымның өзі де түсінбеді, қалыптасу кезеңінен өтіп жатты. Президенттің тапсырмасында көрсетілгендей, әлеуметтік мәселелер көтерілді. Ол мәселелерді Үкімет түрлі себептерге байланысты қарастырып үлгермейтін-ді. Бүгінде бүкіл әлемде қайырымдылық жасау жүйесі мемлекеттің әлеуметтік қолдаудың орнын басып жатыр. Біздің мақсатымыз да осы», - деді Болат Жәмішев.

Қор басшысының айтуынша, бастапқыда ел тұрғындары қорға түрлі мәселелермен, айталық үй сатып алуға көмек көрсетуін өтінумен жүгінген. Ал бағыт-бағдары мүлде бөлек қордың күнделікті келіп жататын мұндай өтініштерге жауап беруі біраз уақытты алатындығы сөсіз.

«Осыдан кейін қор тұжырымдамасын пысықтадық. Оның нәтжиесінде ұлттық қайрымдылық конференциясын ұйымдастыру туралы шешімге келдік. Бұл қордың нақты мақсаттарын айқындауға көмектесуі үшін керек еді. Президент жұмыс істеуіміз керек салаларды айқындағанымен қордың өзі нақты қадамдарын анықтауы керек болды. Бастапқыда келіскендей, қордың жұмысына Үкімет те, өзгелер де араласпауы тиіс. Қор қоғамдық ұйым ретінде мемлекеттік органдардың араласуынсыз ісін атқаруы қажет. Олар жұмысымызға араласқан да жоқ. Көбіне әлеуметтік саламен айналысқандықтан мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл орнатуға тура келеді. Ортақтастық, серіктестік іске араласуға жатпайды», - деді Болат Жәмішев.

«Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры 2022 жылдың тамыз айында Ұлттық қайырымдылық конференциясын, одан кейін еліміздегі қоғамдық ұйымдардың 1 500-ге жуық өкілінің қатысуымен 43 ЗУМ конференция өткізді. Өңір әкімдерінің қолдауымен барлық аймаққа барып, қоғамдық ұйымдар өкілдерімен дөңгелек үстелдер ұйымдастырды. Оған елімізде тіркелген қоғамдық ұйымдардың өкілдері шақырылды.

«Осы ұйымдармен бірлесіп, қордың тұжырымдамасын жасадық. Бұл тұжырымдама қамқоршылық кеңестің, басқарманың шешімі емес, көп кезеңге созылған республикалық қайырымдылық конференциясының негізінде құрылды», - деді ол.

Оның атап өтуінше, 2022 жылдың қаңтар, ақпан, наурыз айында қордың есепшотына қомақты қаржы, яғни 22 млрд теңге түскен. Қор жұмысын дәл осы қаржы есебінен орфандық науқастарға көмек көрсетуден бастады десек те болады.

«Өйткені, орфандық науқастар сирек кездесетін сырқатқа шалдыққан азаматтар. Олардың емі көбіне қолдау түрінде өтеді. Ем алу өте қымбат, науқас балалардың көпшілігі бұл емді алып та көрмеген. Ата-аналары Алматы, Астана сияқты ем көрсетілетін қалаларға қоныс аударумен әуре болған. Біз денсаулық саласына жұмсаған 99 млрд теңгенің жартысына орфандық дәрі-дәрмекті сатып алдық», - деді қор басшысы.

Болат Жәмішев өзге басқаратын қордың ең алдымен қайырымдылық ұйым ретінде жұмыс істеуге тырысатындығын айтады.

«Әрине, онда Мемлекет басшысының немесе Үкіметтің қандай да бір саяси үндеуі бары түсінікті. Жоғарыда қорымыздың жұмысына қатысты тұжырымданы айқындаған кездегі алғашқы қайырымдылық конференциясы туралы айттым. Ал өткен жылы біз осындай 35 ЗУМ конференциясын, аймақтарда 20 дөңгелек үстел отырыстарын өткіздік. Онда біз аймақтық карталарды талқыладық. Яғни, қай өңірде қандай жобаларды жүзеге асыру қажеттілігін қарастырдық. Биыл 2 қазанда донорлардың қатысумен үшінші Ұлттық қайырымдылық конференциясын өткізгелі отырмыз. Қорымыздың донорлары қатарында бар барлық ірі кәсіпорын қатысады. Сонымен қатар біздің донорымыз емес шетелдік ірі компанияларды да шақырғымыз келеді. Бұл конференцияны «Самұрық-Қазынамен» бірге өткізбекпіз. Олар конференцияның серіктесі ретінде шетелдік компанияларды тартуға міндеттеме алып отыр. Осы конференцияда ірі компаниялар тек қаржыландыру жауапкершілігімен шектеліп қалмай, оны жүзеге асыруға да мүдделі болуы үшін өзара іс-қимылымызды қалай құру керектігін талқылайтын боламыз. Бұл тек салықтық жеңілдіктерге байланысты мүдде болмауы тиіс. Керісінше, біздің қор сенімді, ашық серіктес екендігін және олардың әлеуметтік бастамаларын іске асыруға көмектесе алатындығын көрсеткіміз келеді», - деді ол.

Қордың еліміздегі тірек мектептерге қатысты да іргелі жобасы бар. Осы жоба арқылы қор әр тірек мектепке қомақты қаржы бөліп, болашақ ұрпақтың ауылда да білімді азамат болып шығуына септігін тигізуге тырысып келеді.

«Бұл жобамен неліктен айналыстық? Өйткені, ауылдарда шағын жинақталған мектеп өте көп. Егер, балалар шағын жинақталған мектеп орналасқан ауылда тұратын болса, олар тиісті білім ала алмайды деген сөз. Ал, біздегі ресми мәліметтерге сәйкес, ауылдардағы білім беру деңгейі жыл сайын төмендеп келеді. Сондықтан серіктестерімізбен бірге әрбір ауылдық аймақта тірек мектептер құруды үш кезеңмен жүзеге асырмақпыз. Мектепті жабдықтау үшін 250 млн теңге жұмсаймыз. «Назарбаев» зияткерлік мектептері серіктесіміз ретінде 3 жыл бойы осы мектептердің мұғалімдерін оқытады. Сонымен қатар біздің серіктесіміз - Тұрақты білім беруді дамыту қоры барлық ұйымдастырушылық мәселелермен айналысады. Әрбір тірек мектепте олардың қандай ұйым қаржысына жабдықталғанын білдіретін тақтайша орнатылады. Сондықтан біз серіктестермізбен жұмысымызды барынша ашық көрсетеміз», - деді қор басшысы.

Осы уақытқа дейінгі 2 жылдың ішінде қорға 251 млрд теңге қаржы түскен. Оның 225 млрд теңгесіне нақты жобалар мақұлданып та отыр. Мәселен, қор шала туған балалардың көзі көрмей қалмауы үшін 28 перзентхана орталығын ерте ретинопатияны анықтайтын жабдықпен қамтамасыз етті. Бұл шала туған балалардың көру қабілетінің жоғалуын болдырмауға мүмкіндік береді. Өйткені, бұған дейін елімізде мұндай жағдай жиі орын алатын.

Соңғы жаңалықтар
telegram