Қазақстан халқы 2020 жылға қарай 18,5 млн. адамға жуықтайды

АЛ. 29 қыркүйек. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Мамандардың пікірінше, Қазақстан халқы 2020 жылға қарай 18,5 млн. адамға жуықтайды.
None
None

Адамдар өмірінің ұзақтығы да өседі. Бұл туралы Орал қаласында қазіргі демография мәселелеріне арналған екі күндік халықаралық ғылыми конференцияда айтылды.

Батысқазақстандық белгілі демограф-ғалым, тарих ғылымдарының докторы, «Ақжол» ғылым және білім қоғамдық қорының президенті Мұрат Сыдықовтың айтуынша, конференция Қазақстанды зерттеген демографтардың көп жылдық еңбегінің нәтижесі іспеттес. Негізінен аталмыш мәселе оң сипатымен ерекшеленеді. Сонымен қатар жұмыссыздық, тұрғындардың әлеуметтік құрылымының өзгеруі, қаладан ауылға көшу сынды жайттар мамандар алаңдаушылығын туғызуда. Сондай-ақ тұрғын үй мәселесін шеше отырып, отбасының материалдық базасын нығайтуға баса назар аудару қажет.

Қазақстан демографиясының мәселелерімен шетелдік ғалымдар да айналысуда. Соның бірі - Карлов университетінің (Прага) профессоры Томаш Кучера. Ол жиынға келе алмаса да, өз баяндамасын интернеттен скайп арқылы оқып берді. Оның пікірінше, жалпы, Орталық Азия аймағында соңғы он жылда халық саны 20 пайызға көбейсе, Қазақстанда олай емес. Дегенмен 2000 жылдан бері тұрақты өсім бар.

ҚР Статистика агенттігі әлеуметтік және демографиялық статистика департаменті директорының орынбасары Ерболат Мұсабектің атап өткеніндей, 2003 жылдан бері Қазақстан халқы көбейіп келеді, туу саны артып, өлім-жітім кемуде. Егер 2000 жылдардың басында елімізде адамдардың орта жасы 65 болса, енді 67-68-ге дейін артады деп күтілуде. Болашақта «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша келетін отандастар есебінен де халық саны өседі. Сөйтіп 2020 жылға қарай 18,5 миллиондай болмақ.

Соңғы жаңалықтар