Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің брендіне айналды - Мәжіліс депутаты А.Мурадов
Оның айтуынша, барлық үкіметтік немесе парламенттік құрамдағы шетелдік сапарларда Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерінен, ұлыстық топтардан бір өкіл міндетті түрде қоса барады. Олар әрдайым шет мемлекеттерде Қазақстанның ұлысаралық татулығы моделін дәріптеп, ел беделін көтермелеп отырады. Соңғы кезде өзекті болып отырған Еуразиялық экономикалық елдер арасында да көрінбейтін көпір салып, мүше мемлекеттер халықтарының экономикалық байланыстарын өзара сенім арқылы күшейтуге үлес қосуда.
«Сондықтан Ассамблея Қазақстан брендіне айналды. Ұйым арқылы имидждік жобаларды қолға ала бастау керек. Бір жағынан ол біздің ұлысаралық бірлікті сақтаудың моделін дәріптейтін негізгі ресурс», - деп атап өтті А.Мұрадов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Ассамблеяның бұл құрметті орны туралы Швецияның Уппсала қаласында өткен ұлысаралық әріптестік халықаралық конференциясында талқыланған.
«Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына қызығушылық танытатындар 24 жылда Қазақстан қалайша қақтығыстардан аман қалды деген сауал қояды. Олар өз елдерінде толықтай орныға алмай жатыр және біздің елден осындай татулықтың, бірліктің ұя салуына ықпал еткен ең негізгі факторды білгілері келеді. Біздің жеріміздегі әл-ауқаттылықтың матрицасы - қазақ халқының толеранттылығы. Бұл факторды негізге алынбаса, қалғанның барлығы жәй пайымдау болып кетеді. Қазақстан халқы Ассамблеясында бұл туралы нақты белгіленген», - дейді депутат.
ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Орталық Азия өңіріндегі ұлысаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының директоры Айгүл Сәдуақасованың хабарлауынша, елдегі бейбітшілік тірегіне айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының тәжірибесі көптеген елдердің сарапшыларын қызықтырады.
«Қазақстанның татулық моделіне Балтық елдерінің сарапшылары өте үлкен қызығушылық танытты. Себебі аталмыш Еуропалық одаққа мүше үш елде ішкі мәселелер, оның ішінде тараптардың мүдделерін қорғау, азаматтық құқық саласындағы көптеген жайттар аса өзекті. Сондай-ақ үлкен ынтызарлықты Украина ғалымдарынан, Англия университеттерінен байқадық. Әсіресе оларды тіл саясаты толғандырды. Белгілі бір шектеулер немесе басымдықтар барын не жоғын білгілері келеді. Мәселен, маған балалар мектептерді және оқыту тілін қалай таңдайды деген сауал қойды. Бізде ата-аналардың және оқушылардың тілегі бойынша өздері таңдау жасай алады деп жауап бердім. Ұлыстардың тілдерін оқуға барлық жағдай жасалған», - дейді ол.