Қазақстан халқы бүкіл тарихында өзге халықтарға бауырмалдық пен төзімділік танытып келеді - ЕҚЫҰ Бас хатшысы

- Хатшы мырза, Сіз Конгрестің құрметті қонақтарының бірісіз. Форумнан не күтесіз? Ұйымның Конгресс қатысушыларына арнаған Жолдауына тоқталып өтсеңіз.
- ЕҚЫҰ Конгреске қатысушыларға арналған Жолдауында, кемсітушіліктің алдын алу мен төзімділікті қамтамасыз ету - бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту, қақтығыстардың алдын алу сияқты ортақ істің ажырамас бөлшегі болып табылатындығы атап көрсетілгенін тағы да қайталай аламын. Мен жетекшілік етіп отырған Ұйымның негізі қаланғалы бері атқарылып келе жатқан істердің негізі осы. 1975 жылы Хельсинкиде қабылданған ЕҚЫҰ-ның Түйіндеме актінде дін бостандығы жария етілген болатын және ЕҚЫҰ содан бері өз қызметінде дін түрлеріне қатысты кемсітушілікке қарсы тұру, шағын дін өкілдерін қорғау істеріне бар күш-жігерін салып келеді. Біздің Жолдауымыздың мазмұны да осыған саяды, ол діни форумның жалпы үндеуімен үйлесім тапты және диалогтың әрі қарай жалғасуына сеп бола алды, деп ойлаймын. Дегенмен, біз әрі қарай жылжуымыз қажет және ЕҚЫҰ елдерінде толеранттылыққа қол жеткізу және кемсітушілікті түп-тамырымен жою үшін бірлесіп әрекет етуіміз керек.
- Жаһан діндері басшыларының конгресінде бүгінгі қаржылық дағдарыс жағдайында жаһандық ығыттарды еңсеруге көмектесетін халықаралық ынтымақтастықтың жаңа жолдарын қолға алу туралы үндеулер айтылды. Экономика саласындағы жаһанданудың әсері моральдық және рухани құндылықтардың ролін кемітпей ме?
- Менің ойымша, жаһандану үрдісінің оң жетістіктерін негізінен экономика саласынан байқауға болады және ақпарат алмасу мен қауіпсіздік жөніндегі ұжымдық шаралар қабылдау саласында да жетістіктер баршылық. Конгрестегі жалпыхалықтық талқылаудың мазмұны сол, жаһан діндері мен діни ағымдардың барлығының қызметі, қалай болғанда да жаһандану үдерісінің бір бөлшегі болып табылады. Сондықтан да олардың миссиясы - бейбітшілік жолында бірлесіп әрекет ету және жаһандану дәуірінде адамдар үшін рухани құндылықтардың маңызын адамзаттың есіне салып отыру. Осы тұрғыдан алғанда, аталмыш миссияның күрделілігіне қарамастан, Қазақстан ол міндетті тамаша атқарып отыр деп санаймын. Қазақстан дінаралық диалог пен ынтымақтастықты дамытуға белсенді қолдау көрсете отырып, барлық діндердің өкілдерінің басып қосу үшін қолынан келгенді жасауда.
- 2005 жылы Орталық Еуропаның бірнеше елі Еуропалық Одаққа қосылды, сондай-ақ Өзбекстандағы атышулы оқиға орын алды. Сол кезде біз Амстердам университетінде ЕҚЫҰ мен Еуроодақтың аймақтағы рөлі туралы мәселені қызу талқылап, Еуроодақ кеңейген жағдайда, ЕҚЫҰ-ның рөлі құлдырамауы керектігін, керісінше, оның рөлі, әсіресе Орталық Азия аймағы үшін өсу қажеттілігі туралы пікірімді білдірілген болатын. Орталық Азия елдерінің көптеген сипаттар бойынша, әсіресе әлеуметтік-экономикалық даму деңгейлері бойынша, бір-бірінен айырмашылығы бар екенін ескере отырып, Сіз осы оймен келісесіз бе? Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы, оның алғашқы орталықазиялық республика екендігімен ғана ерекшеленіп қоймайды деп санайсыз ба?
- Әрине, Орталық Азия өте күрделі өңір және оның халықаралық сахнада белгілі бір рөл атқаратыны анық. Біріншіден, аймақтың есірткі арнасы мен экстремизм проблемалары, сондай-ақ энергетикалық ресурстармен қамтамасыз ету проблемалары өткір тұрған Ауғанстан мен Пәкістанға жақын орналасуының маңызы зор. Міне, осы жәйттің барлығы әлем назарын Орталық Азияға аудартып отыр. Екіншіден, еуропалық елдермен салыстырар болсақ, Орталық Азия өзіндік дәстүрлі жолдармен демократияға бағыт алып, әлеуметтік және мәдени өзгеру үдерістерінің күрделі кезеңінен өтіп келеді. Ия, шын мәнінде Орталық Азия елдерінің бір өңірде орналасқанына қарамастан, олардың саяси және экономикалық дамудағы, басқа да көптеген тұрғыдағы айырмашылықтары зор. Осы жағынан алғанда, әр ел өз жолымен келеді және әр ел көптеген мәселелерді шешуде өзінің жолын табуға тырысып бағуда. Бұл оңай іс емес, дегенмен менің ойымша, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық ете отырып, көптеген қатысушы елдерге Орталық Азия өңіріне көбірек назар аударуға мүмкіндік береді және аймақ елдері де өз жауапкершіліктерінің жоғары деңгейін сезіне алады. Аймақты үлкен асулар мен жетістіктердің күтіп тұрғанына сенімім мол.
Ал ЕҚЫҰ-ға төрағалық мәселесіне келер болсақ, ол үлкен дайындықты талап етеді және әзірлік жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр да. 2010 жылы біз көптеген бағыттар бойынша даму үдерістерін көретініміз анық. Баспасөз мәслихатында айтқанымдай, ЕҚЫҰ Хатшылығы төрағалыққа дайындалуда Қазақстанға көмек көрсетуде және ол қолдау жалғаса бермек. Ұйым төрағалығына дайындық аясында Қазақстанның қабылдап отырған шараларына біз дән ризамыз. Әрине, әлі де біраз мәселенің түйінін шешуіміз, Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасы ретінде айналысатын жаңа міндеттері мен негізгі проблемаларын нақтылауымыз керек. Нақтылай түсер болсақ, заңнамалық, азаматтық және демократиялық институттардың рөлін күшейту, Ауғанстандағы жағдайды реттеу, оның ішінде елдің шекарасын нығайту және т.б. көптеген проблемаларды шешу сияқты мәселелерді айтуға болады.
Әлемдік қаржылық дағдарысты бастан кешіріп отырғанымызды ескерсек, келешекте экономикалық және саяси мазмұндағы жаңа проблемалардың, оның ішінде Кавказ аймағында проблемалардың туындау мүмкіндігін жоққа шығара алмаймын. Осының барлығы шешімдерді талап етеді және Қазақстанның алдынан туындайтын проблемалар мұнымен шектелмейтіні анық. Мәселенің барысы қашан және қалай өрбитінін нақты айта алмаймын, бірақ біз күрделі тарихи кезеңді бастан кешіріп отырмыз және бізді көптеген күтпеген міндеттер күтіп тұр. Жалпы алғанда, ЕҚЫҰ хатшылығы осы міндеттер мен проблемаларды анықтаумен айналысуда және оларды қалай еңсеретінімізді уақыт көрсетеді.
- Дін конгресіне қатысушылар тәуелсіздік алған Қазақстанда түрлі діни қауымдастықтардың бейбіт қатар өмір сүруіне және елдегі ұлысаралық қарым-қатынастардың жоғары деңгейіне аң-таң. Халық саны жағынан онша көп емес қазақтар қатаң климаттық жағдайда және аумағы үлкен елде өмір сүріп отырғандықтан, өзге халықтарға деген достық, тату көршілік, бауырластық сезімдерді тарихи негізде сіңірген деген пікірлер айтылады. Ұлысаралық және дінаралық қатынастың қазақстандық моделі әлемнің басқа елдеріне үлгі бола ала ма, қалай ойлайсыз?
- Ия, Қазақстан халқы ғасырлар бойына өзге халықтарға деген толеранттылық, төзімділік және бауырластық сезімдерін көрсетіп көрсетіп келеді. Бұл жәйт Қазақстанның аталмыш мәселедегі нағыз көшбасшы екенін көрсетеді және Қазақстан өзге елдерге лайықты үлгі бола алады. Сондықтан да, Қазақстандағы жағдайды баршамыз мақтан тұтуымыз керек, одан үлгі алуымыз керек деп санаймын.
- Сұхбатыңызға рахмет!