Қазақстан халқы Ұлыстың Ұлы күнін тойлауда - ВИДЕО
Бір Астананың өзінде айтулы мерекеге орай 300 шара жоспарланған. Мұнда Ұлыстың Ұлы күні Конгресс-холл сарайында «Ән мен әнші» дәстүрлі концерттік бағдарламасымен басталады. Жалпы Астанаға ел өңірлерінен 350 өнерпаз келеді. Сондай-ақ 21, 22 наурыз күндері сағат 10.00-16.00 аралығында «Қазақ елі» монументі алаңында халықтық сауық пен мерекелік концерт ұйымдастырылады.
Ал сағат 10.00-16.00 аралығында әкімдік алдындағы алаңда мерекелік шара өз жалғасын таппақ. Алаңға жиналғандар ыстық бауырсақтан дәм татып, спорттық сайыстарда бақ сынай алады. Сонымен қатар көпшілік назарына театрландырылған көріністер ұсынылмақ. Кешкі сағат 19.00-де әкімдік алдындағы алаңда Наурыз мерекесіне арналған концерт пен би кеші өтеді. Наурыз - ең алдымен қазақтың мәдени мұрасын ұлықтап, ұлттық құндылықтарымызды ерекше қадірлеудің жарқын айғағы. Жалпы, Наурыз - достықтың, ынтымақтың, ырыс-берекенің, жаңарудың мерекесі, халықтар бірлігі мен татулығының бастауы.
"ҚазАқпарат" ХАА Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мейрамымен құттықтай отырып, күллі Қазақстан халқына бақ-береке тілейді.