«Қазақстан халқына» қоры жабдықтаған спорт залдарда 2 мыңға тарта бала тегін жаттығып жүр

Қордың спорт саласындағы мәселелерге назар аударуына екі мыңнан астам жұртшылық өкілдерімен өткізілген онлайн-конференциялар мен көшпелі дөңгелек үстелдер барысында айтылған ұсыныстар негіз болды. Ұсынымдар мен өтініштер негізінде Қор төрт қайырымдылық жобасын іске асырып келеді. Олар – ауылдардағы спорт залдарды және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған дене шынықтыру-сауықтыру клубтарын жарақтандыру, пара-хоккейден Қазақстанның жалғыз құрамасын спорттық жабдықтармен қамтамасыз ету, пара-атлеттерге протездер дайындау жобасы.
«Осыған дейін демеушілердің қолдауымен ауылды жерлерде спорт залдарды ашып жүрген «Батыр боламын!» қоры бізге жүгінді. «24 спорт залы» бағдарламасын бастап, өткен жылы спорт инфрақұрылымы әлсіз немесе мүлде жоқ шалғайдағы ауылдар мен елді мекендерде 23 залды жабдықтадық. Ғимарат жергілікті билік пен меценаттардың есебінен беріліп жөнделсе, Қор жабдықтармен және спорттық бұйымдармен қамтамасыз етті», - дейді «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Басқарма төрағасы Болат Жәмішев.
Жабдықталған 23 залда ауылдардағы тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардан шыққан 5 жастан 18 жасқа дейінгі 1 750 бала бокспен, күреспен, дзюдомен және басқа да спорт түрлерімен үнемі айналысуға мүмкіндік алды. Жергілікті жаттықтырушылар балаларға үйірме жұмысын өткізеді. 24 залды ашуға Қор тарапынан 183,6 млн теңге бөлінген.
Мәселен, Атырау облысының 1,5 мыңға жуық адам тұратын Бөдене ауылында спорт залының ашылуы тұрғындар үшін көптен күткен оқиға болды.
«Бұрын біздің ауылда мұндай зал мен күресуге арналған спорттық құрал-жабдықтар болмады. Осындай үйірмеге барғысы келетін балалар саны көп. Сондықтан, бұл мүмкіндік үшін ағаларымызға рахмет», - деді жолдастарымен алғашқылардың бірі болып күрес секциясына жазылған оқушы Мырзабек Қуанышбек.
Жасөспірімдер жарыстарда нәтиже көрсетіп те жатыр. Мәселен, өткен жылғы желтоқсанда Түркістан облысы Қақпақ ауылының тұрғыны Досжан Марат Ж. Үшкемпіровті еске алуға арналған грек-рим күресінен республикалық турнирде қола жүлдеге ие болды.
Сондай-ақ, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған спорт залдарын жарақтандыру жобасы да қолға алынды. Балаларды бейімделгіш спортқа баулып жүрген «Жас жауынгер» дене шынықтыру-сауықтыру клубының табысты тәжірибесі қолданылды. Тұрақты қатысудың нәтижесінде жүру қозғалысы шектелген әрі жаттығуға үйренбеген балалар ширап, алғашқы қадамдарын жасай бастады. Сондықтан, қор жобаны «Тұсаукесер» деп атады. Жоба аясында Астанада ашылған залда жаттығып жүрген балалардың бірі – 10 жасар Ернұр. Анасы Бақытгүл Құрманбекованың сөзінше, олар үш жыл бұрын Қызылордан елордаға көшіп келген сәттен бастап Ернұр үйірмеге қатысып келеді. Осы уақыт ішінде қолы мен аяғындағы бұлшықеттер нығайып, қимылы сенімді бола түсті.
«Мемлекеттік қамтамасыз ету аясында сал ауруы бар балаларға жылына бір рет оңалтуға квота беріледі. Бұл өте аз, өйткені балалар күн сайын жаттығуы тиіс. Қызылордада тұрған кезімізде жылына Астанаға екі рет баратынбыз. Бірінші рет квота бойынша тегін ем алып, кейін ақылы бөлімге жүгінетінбіз. Ем-дом кешенді жүргізіліп, балам аяғына тұруы үшін Астанаға көшуді шештік. Сосын осы үйірмеге бара бастадық. Сенбейтін шығарсыз, бірақ оң қолы мен аяғын әлсіз қозғалтып келген Ернұр ақырындап нәтиже көрсете бастады. Бұлшықеттері мен аяқ-қолындағы күші арта түсті. Үйірмеге баласын әкелетін ата-ана көп. Баласының жүре бастап, өз-өзіне қамқор бола алатынына үміті зор. Сондықтан, мұндай дене шынықтыру-сауықтыру клубтары бүкіл ел бойынша ашылу керек», - дейді Ернұрдың анасы Бақытгүл Құрманбекова.
Қордың серіктесі «Жас жауынгер» ұйымы қажетті ғимарат пен жаттықтырушылар тобын анықтайды. Қазіргі таңда «Қазақстан халқына» қорының жобасы Семей, Атырау, Шымкент, Алматы және Астанада ашылып, оған 200-ге тарта ерекше бала барады. 37,4 млн теңгеге залдар қажетті жабдықтармен жабдықталған.
«Бұл жерде даму ерекшеліктері бар балалар жаттығу жасауды, алғашқы қадамды жасауды үйренеді. Сонымен қатар, дос тауып, өздерін чемпион сезінетін орын. Тұрақты қатысып жүргеннен кейін балалардың эмоционалды және физикалық дамуындағы оң өзгерістер байқалады», - деді «Жас жауынгер» ДСК жетекшісі Садық Байымбетов.
«Қазақстан халқына» қоры еліміздегі параспорттың дамуына да үлес қосып отыр. Өткен жылдың күзінде Қорға Астана қаласының пара-хоккей федерациясы жүгінді. Федерация негізінде пара-хоккейден Қазақстанның бірінші және жалғыз құрамасы құрылған. Параспортшылардың тәжірибесі бар, Ресейде өткен чемпионаттарда бірқатар жетістіктерге қол жеткізген. Алайда, бұл жарыстарға сонау 2017 жылы сатып алынған құралдарымен қатысып жүрді. Ал, спорттық құрал-жабдықтардың қызмет мерзімі – небәрі 5 жыл. Осылайша, Қор қазақстандық құраманың пара-хоккейден халықаралық жарыстарға дайындалуы және қатысуы үшін спорттық құрал сатып алуды қаржыландырды. Командаға 12,4 миллион теңге сомаға 50 сырғытпа таяқ пен 16 шана сатып алынды. Жаңа сырғытпа таяқтармен Қазақстан құрамасы С пулындағы Таиландтағы чемпионатта күміс жүлдегер атанып, жоғары лигаға жолдама мен В тобының чемпионатында ойнауға мүмкіндік алды. Ендігі таңда спортшылар көктемде Словакия құрамасымен өтетін жолдастық кездесуге дайындық үстінде.
Қор еліміздің параспортшыларына арналған спорттық-жүгіру протездерін жасау бойынша қайырымдылық бағдарламасын жүзеге асыруды бастады. Дәл осы паралимпиадалық спорт түрінде Қазақстан ұсынылмаған, оған спорттық протездердің қымбаттығы да себеп. Ұлттық паралимпиада комитетінің мәліметі бойынша, елде 70-ке жуық аяқ-қол ампутацияланған спортшы бар және тек бір ғана спортшының жүгіруге қатысуы үшін спорттық протезі бар. Қор жалпы сомасы 113,4 млн теңгеге 10 протез әзірлеуді жоспарлан отыр. Әрбір протездік-ортопедиялық бұйым жеке болғанымен, спортшы ауыстырылған жағдайда салыстырмалы физикалық параметрлері ұқсас кез келген параспортшы оны пайдалана алады.
Фото: «Қазақстан халқына» қоры