Қазақстан халықаралық резервтер деңгейі бойынша әлемнің 50 елі қатарына кірді - Елбасы
«Қазақстан халықаралық резервтер деңгейі бойынша әлемнің 50 елі қатарына кірді. Оның көлемі Ұлттық қорды қоса алғанда 63 млрд АҚШ долларынан астамды құрады», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, 2008 жылғы дағдарыс кезінде еліміздің резерві бар-жоғы 43 миллиард долларды құраған еді. Ал оның 10 миллиарды дағдарыспен күресуге бөлінген болатын.
Сонымен қатар Президенттің алға тартқан деректеріне сәйкес елімізде шағын және орта бизнеспен айналысатын шамамен 700 мың шаруашылық субъектілері бар, оларда 2,5 миллион отандастарымыз еңбек етуде.
«Экономикамызға 122 млрд. доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Ұлттық әл-ауқат бойынша жаһандық рейтингте Қазақстан өткен жылы 50-орынды алды.Еліміз үшін өте маңызды үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Тек өткен жылдың өзінде ғана жалпы құны 800 млрд теңгені құрайтын 152-ден астам жаңа нысан салынып, іске қосылды», - деді. Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, 1995 жылы еліміздің экспорт көлемі бар-жоғы 5 млрд. долларды құраған болатын. Ал өткен жылы ол 60 млрд долларға жетті. Бұл 11 еседен астам өсімді көрсетеді.