Қазақстан хоккей құрамасы әлем чемпионатында Мажарстанға есе жіберді
АСТАНА. KAZINFORM — Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы 2025 жылғы әлем чемпионаты элиталық дивизионындағы үшінші ойынын бүгін Мажарстанға қарсы өткізді.

Қарсыластар элиталық дивизионда алғаш рет кездесіп отыр. Қазақстандық хоккейшілер үздіктер қатарында бесінші жыл қатарынан сынға түсіп жатса, мажарстандық ойыншылар олардың қатарына биыл қосылды.
Қазірге дейін құрамалар бірінші дивизионда бұған дейін тоғыз мәрте шеберлік байқасты. Оның сегізінде қазақстандық хоккейшілер жеңіске жетсе, қалғанында қарсыласына есе жіберді.
Кездесу барысында мажарстандық құрама сапынан Янош Хари небәрі 15-секундта есеп ашса, Иштван Тербоч 18-минутта басымдықты арттыра түсті.
Екінші кезеңнің 34-минутында қазақстандық Никита Михайлис есеп айырмасын қысқартты.
Үшінші кезеңде мажарстандық хоккейшілер жылдам екі гол соғып кетті. Алдымен Вильмош Галло 41-минутта мергендік танытса, Петер Винце 43-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Ойынның 59-минутында қазақстандық Валерий Орехов есеп айырмасын қысқартты.
Осылайша ел құрамасы қарсыласына 2:4 есебімен есе жіберді.
Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы В тобында ойнап жатыр. Қарсыластары — Финляндия, Чехия, АҚШ, Германия, Дания, Норвегия және Мажарстан. Ойындар Данияның Хернинг қаласында болады.
Қазірге дейін Қазақстан құрамасы Норвегияны (2:1) жеңсе, Германияға (1:4) есе жіберді.
Енді қазақстандық хоккейшілер алдағы ойынын 14 мамырда Дания құрамасына қарсы өткізеді.