Қазақстан хоккей құрамасының мүмкіндігі қандай

спорт
Фото: icehockey.kz

АСТАНА. KAZINFORM - Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы әлем чемпионаты элиталық дивизиондағы орнын сақтап қалды. Осылайша бесінші жыл қатарынан үздіктер қатарында ойнауға мүмкіндік алды.

Биыл жеті кездесудің небәрі екеуінде жеңіске жетіп, қалғанында қарсыластардың ығына жығылды. Ұлттық құрама қазақстандық жанкүйерлер көңілінен шыға алды ма? Әлде, біздің мүмкіндігіміз бұдан да жоғары ма еді? Осы жөнінде ой-таразысына салып, алдағы мүмкіндіктерді саралап көрейік.

Өз жігіттеріміз қалай ойнады ?

Әлем чемпионатының тарихы бір ғасырдан астам уақытқа созылады. Алғашқы бәсеке 1920 жылы Бельгияның Антверпен қаласында жалауын көтерді. Содан бергі кезеңде Канада - 28, КСРО (Ресей) - 27, Чехословакия (Чехия) - 12, Швеция - 11, Финляндия - 4, АҚШ - 2, Ұлыбритания мен Словакия - 1 мәрте жеңіс тұғырына көтерілді.

Қазақстандық хоккейшілер 1998 жылдан бері әлем чемпионаты элиталық дивизионында ел намысын қорғап қайтты. Әзірге ең жоғары жетістігі - 2021 жылғы оныншы орын. Сол жылы ел құрамасы төрт мәрте жеңіске жетіп, қоржынға он ұпай түсті. Тіпті, өз тарихында алғаш рет плей-офф сатысына жолдама алуға жақын тұрды. Бұл жолы ұлттық құрамаға қазақстандық маман Юрий Михайлис бапкерлік қызмет атқарды. Қазақстандық хоккейшілер сол кезден бері элиталық дивизионнан төмен түсіп көрген емес. Ендігі жылы бесінші жыл қатарынан үздіктер қатарында сынға түсуге мүмкіндік алып отыр. Әзірге мұндай жетістікке қол жеткізген емес.

Ұлттық құрама биыл В тобында Франция, Словакия, Латвия, Швеция, Германия, АҚШ және Польшамен сынға түсті. Қазақстандық хоккейшілер Франция мен Польшаны 3:1 есебімен жеңсе, Словакияға 2:6, Латвияға 0:2, Швецияға 1:3, Германияға 2:8, АҚШ-қа 1:10 есебімен есе жіберді.

Сәттілік серік болмады ма ? 

Әлем чемпионаты басталардан бұрын жанкүйерлер Қазақстан құрамасы плей-офф сатысына шығуы мүмкін деп үміттенген еді. Әрине, әрбірі осал қарсылас емес. Десе де ширақ қимыл, өзгеше өрнекпен топтық кезеңде жақсы нәтижеге қол жеткізуге болатын ба еді? Ұлттық құрама ең негізгі міндет - элиталық дивизиондағы орнын сақтап қалды. Алайда, қарсыластардың көбі деңгейі бізбен қатарлас. Олардың әрбірін жеңуге болатын. Мәселен, топтық кезеңде Германия, Латвияның осал тұсын табуға мүмкіндік болғанын несіне жасырамыз? Қазақстандық хоккейшілер олармен бұдан бұрын да кездесті. Талай мәрте қапы қалдырып кетті. Биыл да сол қарқында ойын көрсетсе, плей-офф сатысына шығуға жол ашылып тұрған еді.

Рас, биыл ұлттық құрама сапында жастардың саны басым. Кейбір жағдайда олардың тәжірибесі жетіспей жатты. Ойын барысында өрескел қателіктерге бой алдырды. Соның салдарынан кейбір кездесуде қарсыластар жеңіске жетті.

«Ұлттық құрамаға жастарды көбірек тартуға мән бердік. Олардың санын толықтыруға болар еді. Бұл бойынша арнайы регламент бар. Елімізде таланатты жастар көп. Сол жастармен жұмыс істей білуіміз қажет. Біз әлем чемпионатында ұзақ жылдан бері Францияны жеңе алмай келдік. Ал Словакия былтырғы кеткен есесін қайтарды. Польшамен кездесуде Никита Михайлис пен Валерий Орехов гол соқты. Олар бұдан бұрынғы кездесулерде гол соғуға тырысты. Дегенмен сәттілік жетіспей жатты. Енді алдағы жарыстарға дайындаламыз», - деді ұлттық құраманың бас бапкері Ғалым Мәмбетәлиев.

Жастарға үміт артамыз

Биыл ұлттық құрама сапында жастардың саны басым. Бұл бас бапкердің алдағы жылдарға дайындығы десек те болады. Өйткені, құрама сапында жастардың санын толықтыру - келешекке жасалған бір қадам. Аталған хоккейшілер қазірден тәжірибесін жетілдіреді, шеберлігін шыңдайды. Азулы қарсыластармен ойнап үйренеді. Айналып келгенде, бұл алдағы уақытта ұлттық құраманың жоғары деңгейде ойнауына жол ашады.

Қазірдің өзінде құраманың жеңіске жетуіне үлес қосып жүрген жастар бар. Алдағы маусым айында 23 жасқа толатын шабуылшы Әлихан Өмірбеков Словакия және АҚШ қақпасына екі шайба соғып кетті. Сондай-ақ, Валерий Орехов, Артём Королёв, Темирлан Гайтамиров, Максим Мусоров, Әділ Бекетаев, Батырлан Мұратов, Сама Данияр алда әлі талай әлем чемпионатында бақ сынауына мүмкіндігі бар.

«Былай қарасаңыз, бәрі де – дұрыс. Мақсат орындалды, жоспар жүзеге асты. Рейтингте әрбір ұпай маңызды емес пе? Мысалы, Қазақстан құрамасы 2024 жылғы әлем чепионатында алты ұпай еншіледі. Жалпы кестеде біз енді тек 13-орында боламыз. Өйткені А тобындағы Норвегия мен Данияда 6 ұпай еншіледі. Келесі жылғы қарсыластарымыздың бірі төменгі дивизионнан көтерілген Венгрия мен Словенияның біреуі болады. Оған сөз жоқ. Бірақ биылғыдай тағы бір осалдау құраманың болғаны жақсы еді ғой. Ал 2025 жылы Францияның орнына Дания түсуі ықтимал. Онда қиындау болады. Себебі топтық ойындардың бірі осы елде өтеді. Әлем чемпионатында 16 құрама болғаны дұрыс. Біз үшін өте пайдалы болып тұр. Осы әлем чемпионаты болмаса, біз Өмірбеков, Диханбек, Королев, Кеңесбай, Бойко, Шульга және өзге де әлеуеті зор ойыншылардың бар екенін білмеуіміз мүмкін еді», - дейді спорт журналисі Нұрғазы Сасаев.

Ұлттық құрама сапында Роман Старченко, Евгений Рымарев сынды тәжірибелі хоккейшілер ойын көрсетті. Мұндай жоғары деңгейдегі талай жарысқа қатысқан жігіттер бұл жолы да сынақтан сүрінген жоқ. Әлем чемпионатында капитандық міндетті атқарған Роман Старченко Германия мен Польша қақпасынан саңылау тауып, өз құрамасын жеңіске жетеледі.

Қысқасы, қазақстандық хоккейшілер тағы бір әлем чемпионатына аяқтады. Алдағы жылы мүмкіндігіміз қалай болады? Биылғы қателіктен сабақ алдық па? Оны уақытында таразылайтын боламыз. Десе де ендігі кезекте қазақстандық хоккейшілердің жоғары табысқа жетуіне күш салу қажет секілді...

Соңғы жаңалықтар