Қазақстан хоккейі: Сәттілік серік болған жыл
Өткен жыл Қазақстан хоккейшілері үшін табысты жыл болды. Ұлттық, жастар және жасөспірімдер құрамалары әлем чемпионатының топ-дивизионында ойын көрсетеді. Бұл ел тарихында алғашқы мәрте кездесіп отыр. Сондай-ақ, елордалық «Номад» командасы Құрлықтық кубок ойындарында ел намысын қорғайды. Kazinform аталған жеңістер, жетістіктер жөнінде таразыға салып көрді.
Ұлттық құраманың жетістігі
Ұлттық құрама 2023 жылы әлем чемпионаты элиталық дивизионында жақсы ойын көрсеткішімен көзге түсті. Қазақстандық хоккейшілер биылғы әлем чемпионатында алты кездесу өткізді. Бұған дейін буллиттен Словакияны буллиттен, Норвегияны және Словенияны 4:3 есебімен жеңді. Ал Чехияға 1:5, Швейцарияға 0:5, Канадаға 1:5, Латвияға 0:7 есебімен жол берді.
Ел құрамасы В тобында жеті ойыннан кейін жеті ұпаймен алтыншы орынға табан тіреп, әлем чемпионатының элиталық дивизиондағы орнын сақтап қалды. Осылайша үздіктер қатарында төртінші жыл қатарынан ойын көрсетуге мүмкіндік алды.
Атап өтерлігі, бұдан бұрынғы жылдарда ел құрамасы сапында Қазақстан азаматтығын қабылдаған шетелдік хоккейшілер ойын көрсеткен еді. Өткен жылы дүбірлі додада қазақстандық ойыншылар ел намысын қорғауға мүмкіндік алды.
Енді олар 2024 жылдың 10-26 мамыры аралығында Чехияның Прага және Острава қалаларында он алты құраманың қатарында сынға түседі. Олар А тобында (Острава) АҚШ, Германия, Швеция, Словакия, Латвия, Франция, Польшамен шеберлік байқасады.
Былтыр ұлттық құрама тізгінін ұстаған қазақстандық Ғалым Мәмбетәлиев сол қызметін биыл да жалғастырады. Бұл шешім Қазақстан хоккей федерациясының конференциясы отырысында қабылданды.
Ғалым Мәмбетәлиев 1965 жылы Қарағанды облысы Теміртау қаласында дүниеге келген. 1980-2002 жылдарда қазақстандық және Ресейдің «Мостовик» командаларында ойнады. 2002 жылдан бері бапкерлікпен айналысып келеді. 2017 жылы әлем чемпионатында (1А) Қазақстан құрамасын жаттықтырған еді. Сондай-ақ қысқы универсиадада Қазақстан студенттер құрамасымен бірге қола жүлдеге қол жеткізді. Pro Hokei Ligasy чемпионы атанған астаналық «Номад» клубының бас бапкері болды.
Сондай-ақ Қазақстан хоккей федерациясының конференциясында өзге де жас ерекшелігі бойынша құрама бапкерлері тағайындалды. Еліміздің 20 жасқа дейінгі жастар құрамасына Сергей Старыгин жетекшілік етсе, 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасына Георгий Верещагин бас бапкер болады.
Жастардың жігерлі ойыны қуантты
Ал шайбалы хоккейден 20 жасқа дейінгілер арасындағы ел құрамасы биыл элиталық дивизионда ойнауға мүмкіндік алды. Олар бірінші дивизионның А тобында бірінші орынға тұрақтап, үздіктер қатарында ойнауға жолдама алды.
Бірінші дивизиондағы ойындарда қазақстандық хоккейшілер Венгрия (5:2), Дания (3:2), Франция (4:0) және Жапонияны (3:1) жеңіп, Австриядан 6:7 есебімен жеңіліп қалды.
Қазақстандық жастар әлем чемпионатының бірінші дивизионында алты мәрте ойнады. Төртеуінде жеңімпаз атанып, элиталық дивизионға жолдама алған еді. Ал элиталық дивизионда сегіз мәрте бақ сынады. Жоғары жетістігі – 1999 жылы алтыншы орын.
Еске сала кетейік, осы жылдың сәуірінде біздің жасөспірімдер IA дивизионындағы әлем чемпионатында бірінші орынды иеленіп, элитаға көтерілді. Ол кезде де Сергей Старыгин жетекшілік етті.
«Номад» үздіктер қатарында
Қазақстандық «Номад» командасы Құрлықтық кубок ойындарының финалдық сатысында сынға түседі. Онда елордалық команда «Кардифф Девилз» (Уэльс), «Катовице» (Польша) мен «Хернинг Блю Фокс» (Дании) клубтарымен ойнайды. Ойындар 2024 жылдың 12-14 қаңтар аралығында болады.
Жарыстың финалдық сатысы Уэльс астанасы Кардифф қаласындағы 3 мың жанкүйерге арналған «Виндико» аренасында өткізіледі. Айта кетсек, «Номад» өз тарихында екінші мәрте жарыстың аталған сатысында бақ сынауға мүмкіндік алып отыр.
Бұдан бұрын қазақстандық команда Латвияның «Земгалесін» 4:1, Уэльстің «Кардифф Девилзін» 5:4, Францияның «Греноблін» 2:0 есебімен жеңіп, Е тобында бірінші орын алды.
«Барыс» плей-оффқа шыға ма?
Ал Құрлықтық хоккей лигасында елордалық «Барыс» сәтсіз ойын көрсетуге мәжбүр. Дүбірлі додаға 2008 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келе жатқан команда биыл турнир кестесінде 45 ойыннан кейін 37 ұпаймен небәрі 19-орында келеді.
Маусым басында командаға беларусьтік Андрей Скабелка жетекшілік етсе, одан кейін Ғалым Мәмбетәлиев тізгінді ұстады. Ал кейінгі ойындарда клубтың бас бапкері міндетін атқарушы болып Олег Болякин тағайындалды. Қуантарлығы, соңғы үш турда «Барыс» қатарынан үш мәрте жеңіске жетті. Алдағы уақытта плей-офф сатысына шыға ала ма? Оны уақыт көрсете жатады.
Он бес жылдан бері «Барыс» үш мәрте ғана плей-офф сатысына шыға алған жоқ. Ал төрт мәрте Шығыс конференциясында жартылай финалға дейін жетті. Қазақстандық жанкүйерлер жылма-жыл команданың жоғары биіктен көрінгенін қалайды. Десе де соңғы жылдардағы сәтсіздік жанкүйерлер көңілінен шықпай жүргені жасырын емес.
Команда биыл негізінен жергілікті жастарға үміт артып отыр. Ұлттық құрама сапында әлем чемпионатына қатысқан қазақстандық хоккейшілер «Барыс» құрамында мұз айдынға шығуға мүмкіндік алды.