Қазақстан хоккейшілерінің Олимпиадаға іріктеу сатысындағы қарсыластары кімдер

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шайбалы хоккейден 2022 жылғы қысқы Олимпиадаға үшінші іріктеу кезеңі 6-9 ақпан күндері елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Бұл сында H тобында Қазақстан, Польша, Украина және Нидерланд жарыстың келесі сатысына берілетін жалғыз жолдаманы сарапқа салады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы қарсыласымыз – Украина да әлемдік хоккейде өз орнын еншілеген. 1992 жылы 14 сәуірде өткен алғашқы кездесуінде Украина Қазақстаннан 1:5 есебімен жеңіліп қалған болатын. Аталмыш құрама Олимпиада ойындарында 2002 жылы бақ сынады. Сол жолы жалы командалық есепте 10-орын алды. Одан кейінгі кезеңде олардың аталмыш беделді бәсекеге бірде-бір мәрте жолы түскен емес. Ал әлем чемпионатында топ-дивизионда сол жылы жалпы командалық есепте тоғызыншы орынға табан тіреді. Халықаралық шайбалы хоккей федерациясының 2019 жылғы көрсеткіші бойынша украин хоккейшілері әлемдік рейтингте 25-орында тұр. Қазақстан мен Украина құрамалары 6 ақпан күндері өзара шеберлік байқасады.

Елорда төрінде Нидерланд құрамасы да жалғыз жолдамаға таласады. Нидерланд шайбалы хоккей федерациясы 1935 жылы тұсауын кескен. Алғашқы құрылған жылы әлем чемпионатында бақ сынап, ең соңғы орынды қанағат тұтты. Бұл құрама 1980 жылы Олимпиада ойындарында жалпы командалық есепте сегізінші орынға қол жеткізді. Әлем чемпионатында 1950, 1981 жылдары сегізінші орын алды. Айта кетерлігі, Нидерланд құрамасы бүгінгі күнге дейін 7 мәрте кездесті. Оның барлығында қазақстандық хоккейшілер жеңіске жетті. Халықаралық шайбалы хоккей федерациясының 2019 жылғы көрсеткіші бойынша әлемдік рейтингте 28-орында тұр. Қазақстан мен Нидерланд құрамалары 7 ақпанда мұз айдынға шығады.

Польшада шайбалы хоккей федерациясы 1926 жылы құрылған. Бүгінгі күнге дейін поляк хоккейшілері қысқы Олимпиада ойындарында 13 мәрте бақ сынаған. Бұл жөнінен ең жоғары жетістігі ретінде 1932 жылғы дүбірлі додада төртінші орын алғандығын айта кеткеніміз артық болмас. Сондай-ақ, олар 1931 жылы Польшаның Крыница-Здруй қаласында өткен әлем чемпионатында алғашқы төртікке табан тіреді. Ал 1929 жылы Еуропа чемпионатында финалда Чехословакиядан 1:2 есебімен жеңіліп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Халықаралық шайбалы хоккей федерациясының 2019 жылғы көрсеткіші бойынша олар әлемдік рейтингте 22-орында тұр. Айта кетерлігі, 1994-2018 жылдар аралығында олар Олимпиадаға жолдамаға қол жеткізе алмай келеді. Қазақстан мен Польша құрамалары 9 ақпан күндері кездеседі.

Өз тобында қазақстандық хоккейшілер бірінші орын алуы тиіс. Сол арқылы іріктеу кезеңінің финалдық сатысына жолдама алады. Жарыстың аталмыш сатысында қазақстандық хоккейшілер 2020 жылдың 27-30 тамыз аралығында Словакия, Норвегия, Латвиямен шеберлік байқасады.

Қазақстан құрамасы Қысқы Олимпиада ойындарында екі мәрте бақ сынады. 1998 жылы ширек финалға дейін жетсе, 2006 жылы жалпы есепте тоғызыншы орын алды.


Соңғы жаңалықтар