Қазақстан инновациялық технологияларды енгізуде көрші елдерден алда келеді - ресейлік ғалым

Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан «Биопластикалық материалдарды сауықтыру және эстетикалық медицинада қолдану» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды.
«Зертханада өсірілген «Гидроматрикс» деп аталатын жасанды теріні біз Қазақстанға енді ғана таныстырып жатырмыз. Осыған қарамастан Қазақстан инновациялық бұл жаңа технологияны қабылдауда жылдам шешім қабылдап, оны кең ауқымда енгізуді бірден бастап кетті. Біз бірінші үлгіні Ресейде 2008 жылы қолдандық. Осыған қарамастан ол әлі күнге дейін тек ірі орталықтарда ғана енгізілуде. Оның халық түгел көріп отырған жоқ», - дейді «Гидроматрикс» биопластикалық материалының авторы және оны жасап шығарушы ғалым Рамил Рахматуллин.
Орынбор мемлекеттік университетінің клеткалық технологиялар ғылыми-өндірістік зертханасы меңгерушісінің айтуынша, бұл батыстың дамыған елдеріндегі жасанды биоматериалдардың негізінде жетілдірілген технологиялық жаңа өнім саналады. Ол өзінің бағасы мен сапасы және тиімділігі жағынан биологиялық тәсілмен өсірілген өзге терілерден артық болмаса, кем емес. Мәселен шетелдік өзге материалдарды күйген не жарақат алған теріге бекіту үшін сыртынан ақ дәкемен орауды қажет етеді. Ал мұнда оны ораудың еш қажеті жоқ және жараның орны тез жазылып, аурудың әсері өте жеңіл болады.
«Мені әрдайым Қазақстанның даму қарқыны қайран қалдырады. Мұнда Ресейге қарағанда, инновациялық озық технологияны енгізу дұрыс жолға қойылып, бұл істің мемлекеттік деңгейде оң шешімін тапқаны қуантады. Бұл өнімімізге көптеген шет елдер қызығушылық білдірген болатын, алайда нақты шешім қабылдау жағынан оған өзгелерден кеш кіріскеніне қарамастан Қазақстан бәрін басып озды. Біз енді С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетімен меморандум жасамақпыз», - дейді Р.Раматуллин.