Қазақстан Иорданиямен өзара тиімді серіктестікті ілгерілетуге айрықша мән береді — Президент

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Иорданиямен өзара тиімді серіктестікті ілгерілетуге айрықша мән береді. Бұл туралы бүгін Ақордада елімізге ресми сапармен келген Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейнмен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Глава государства и Король Абдалла ІІ провели переговоры в узком составе
Фото: Ақорда

— Бүгінде Қазақстан мен Иордания арасындағы қарым-қатынас соңғы 30 жыл ішіндегі ең жемісті кезеңнен өтіп жатыр. Қазақстан Сіздің еліңізбен өзара тиімді серіктестікті ілгерілетуге айрықша мән береді. Бұл да уақыт сынынан өткен. Шындығында да Сіз қазіргі әлемдегі өте сенімді серіктессіз. Біз Сіздің екіжақты қарым-қатынасымызды дамыту жолындағы еңбегіңізді жоғары бағалаймыз. Сонымен қатар, Сіздің көшбасшылық қасиетіңізді, көрегендігіңізді және аймағыңызда да, жаһандық деңгейде де бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы маңызды рөліңізді атап өткім келеді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы II Абдалла бен әл-Хусейннің басшылығымен Иордания Таяу Шығыстағы бейбітшілік пен тыныштықтың нүктесіне айналғанын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан Президенті ретінде Иорданияға алғашқы ресми сапарын еске алды.

— Аталған сапар шын мәнінде өте нәтижелі өтті және екіжақты ынтымақтастығымызға тың серпін берді. Сіздің бүгінгі сапарыңыз да Қазақстан мен Иордания арасындағы өзара қарым-қатынастарды одан әрі ілгерілетіп, жаңа деңгейге көтеретініне сенімдімін. Сондай-ақ, келіссөздеріміздің кейбір тұстарына тоқтала кеткім келеді. Бүгін біз бизнес, мемлекеттер арасында 15-тен астам келісімге қол қоямыз. Бұл құжаттар ынтымақтастығымыздың түрлі салаларын қамтиды. Бүгінгі Қазақстан- Иордания бизнес-форумы ынтымақтастығымызға жаңа серпін беретіне сенеміз, — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Иорданияда экономика мен саясат саласындағы ортақ пікірлестік қана емес, терең мәдени байланыстар да біріктіретіндігіне назар аудартты.

— Келіссөздеріміздің қорытындысы ретінде көлік, энергетика, логистика, ауыл шаруашылығы, IT және цифрландыру, сондай-ақ денсаулық сақтау мен фармацевтика секілді белгілі бір басым салаларда нақты келісімдерге қол жеткізілетініне кәміл сенемін, — деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Иордания Королін қарсы алғанын жазған едік. 

Естеріңізге сала кетсек, кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Королін Астана әуежайынан күтіп алған еді.

Соңғы жаңалықтар