Қазақстан-Иран бизнес форумы екі ел арасындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін береді - С.Сәрсенов

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан-Иран бизнес форумы екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың кеңейе түсуіне және екі елдің іскерлік орталарының байланысын нығайтуға жаңа серпін береді. Бұл туралы бүгін Алматыда «Инновациялық технологиялар паркі» еркін экономикалық аймағында басталған Қазақстан-Иран бизнес форумы барысында ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Сәкен Сәрсенов мәлім етті.
None
None

«Әлемді жайлаған ғаламдық қаржы дағдарысы барысында басқа елдермен мықты экономикалық байланыстар орнату үлкен маңызға ие. Бұл дағдарыстан шығудың маңызды жолдарының бірі. Осы тұрғыда жаңа технологияларды дамытуда және инвестицияларды арттыруда Иран Ислам Республикасы - Қазақстанның маңызды әріптестерінің бірі. Көпғасырлық тарихи байланыс, саяси және экономикалық мәселелер бойынша қайшылықтардың жоқтығы, екіжақты байланыс орнатуға дайын екендіктері екі елді бірегей әріптестерге айналдырады», - деді С.Сәрсенов. Сонымен қатар ол алдағы уақытта Иран капиталының қатысуымен Қазақстанда бірқатар ірі жобалардың жүзеге асырылатындығын жеткізді. «Егер бұрын екі ел арасындағы экономикалық байланыстар негізінен мұнай мен сауда саласына бағытталған болса, қазір индустриалды-инновациялық және көлік-логистика салалары да қамтылып жатыр. Мысалы, Маңғыстау обысында жаңа мұнай өңдеу зауыты салынады. Инвестиция көлемі - 7 млрд. АҚШ доллары. Ал Семейде қалдықсыз технология бойынша жаңа ет өңдеу зауыты салынатын болады. Инвестиция көлемі - 52 млн. АҚШ долларын құрайды», - деді С.Сәрсенов. Айта кетелік, өткен жылы Астана қаласында өткен Қазақстан-Иран бизнес форумы барысында екі ел компаниялары арасында әр түрлі сала бойынша жалпы сомасы 500 млн. АҚШ долларына келісімшарттар жасалған болатын. Бүгінгі форум барысында да бірқатар келісімшарттар жасасуға қол жеткізіледі деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар