Қазақстан-Иран: Шығыс мотивіндегі мәміле
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Астанаға Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкиан ресми сапармен келеді. Екі күнге созылатын сапар барысында сауда-экономикалық мәселелер талқыланып, көлік-логистика және мәдени-гуманитарлық салалардағы жоспар бекітілмек. Kazimform-ның аналиткалық шолушысы Астана мен Тегеран арасындағы келіссөздің астарына үңілді.
Парсы әлемінің пайымы
Қазақ қоғамына Иран етене таныс. Тарихи болмыстың ұқсастығы кейінгі ынтымақтастыққа жол ашып келеді. Екі ел арасындағы алғаш дипломатиялық қатынас 1992 жылы орнады, сол жылы Сауда-экономикалық, өнеркәсіптік және ғылыми ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссия құру туралы хаттамаға қол қойылды. Бір жыл өткесін Ирандағы тұңғыш Қазақстан елшілігі жұмысын бастаған болатын. Ал 2007 жылы Горган қаласында Қазақстанның Бас консулдығы, 2018 жылы Бендер-Аббас шаһарында ҚР консулдығы ашылды. Қазір Ақтау мен Алматыда Иранның бас консулдықтары бар.
Достық қарым-қатынастың белгісіне айналған президент сапары бұған дейін де дәстүрлі қалыптан айныған жоқ. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан президенттері Иранға 6 сапар жасаса, Тегеран тарапы 9 мәрте Астанаға табан тіреді. Әсіресе Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттігі тұсында барыс-келіс біршама жиілегенін байқауға болады. Мемлекет басшысы Иранның саяси элитасымен тұрақты байланыста – бұрынғы көшбасшыларымен де, қазіргі ресми билікпен де қарым-қатынасты нығайта алды.
Президент 2022 жылы Иранға жасаған ресми сапарын ерекше атаған жөн. Сол кезде екі ел визасыз режимге көшті, 235 млн доллардың коммерциялық құжаттарына қол қойылды, бірлескен сауда палатасы құрылды. Бастысы, Орталық Азия, соның ішінде біз үшін аса тиімді Қазақстан-Түрікменстан-Иран-Түркия бағыты бойынша алғашқы контейнерлік пойыз іске қосылғаны есте.
Шығыстанушы Жанат Момынқұловтың айтуынша, Масуд Пезешкиан сапарының саяси-экономикалық мәні зор. Өйткені, қазір Иран санкциялық қысымның салдарынан тұрақты нарық іздеп отыр әрі екі ел балама көлік-логистикалық бағыттарды дамытуға мүдделі.
– Жаһандық логистикалық бағыттардың өзгеруі мен әлемдік экономиканың құбылуы Қазақстан мен Иранды мүдделес елдерге айналдыруда. Осы тұрғыда Иран президентінің сапары екіжақты қарым-қатынасты талқылау ғана емес, сондай-ақ Еуразиядағы көлік, сауда-экономикалық және азық-түлік байланысының жаңа архитектурасын құруға көмектеседі.
Қысқаша айтсақ, Тегеран үшін аталған сапар – Орталық Азиядағы маңызды транзиттік рөлін қайта жандандыруға таптырмас мүмкіндік, ал Астанаға – өңірді логистикалық қайта бағдарлау және баламалы дәліздердің рөлін күшейту үшін қажет. Демек, алда кез келген келісімнің мәні саяси-идеологиялық мәлімдеме емес, мәміленің іске асырылуы, қауіпсіздігі, практикалық және ұзақ мерзімді пайдасына байланысты болмақ, – деді сарапшы.
Бұған дейін екі ел өзара сауда айналымын 3 млрд долларға дейін ұлғайту туралы міндет қойған еді. Содан бері шикізат пен көлік-логистика салалары сауда-саттықты дамытудың негізгі көзі ретінде бағаланып келеді. Үш жыл бұрын «ҚазМұнайГаз» компаниясы мен Иранның Ұлттық мұнай компаниясы, «Қазақстан темір жолы» мен ИИР темір жолдары арасында меморандум жасалды. Сарапшы Жанат Момынқұлов келесі кезекте «Солтүстік-Оңтүстік» бағыты жанданады деген ойда.
– Әрине, Иран Қазақстанды көрші мемлекет қана емес, «Еуразиялық серіктес», стратегиялық көлік торабы, азық-түлік экспорттаушы, ЕАЭО, Қытай және Орталық Азия нарықтарының қақпасы ретінде қабылдайды. Сол себепті алдағы келіссөзде логистика («Солтүстік-Оңтүстік» бағыты), сауда, азық-түлік және аграрлық сала, инвестиция, баламалы қаржы тетігі сөз болады, – деді Жанат Момынқұлов.
Астана астықтан басқа не береді?
Жоғарыда атап өткен 3 млрд долларлық сауда межесін еңсеру үшін әлі біршама жұмыс қажет. Өткен жылы алыс-беріс небәрі 340 млн долларды құрады: бұл – Каспий теңізі арқылы шектесетін елдердің ішіндегі ең мардымсыз көрсеткіш. Мысалы, 2024 жылы еліміз Түрікменстанмен тауар айналымын – 555,7 млн долларға, Әзербайжанмен – 533 млн долларға жеткізді.

Сауда-инвестиция сарапшысы Ернар Серіктің айтуынша, биыл көрсеткіш ілгерілеуі ықтимал. Себебі биыл 15 мамырда ЕАЭО мен Иран арасындағы еркін сауда туралы келісім күшіне енді, тауар номенклатурасын 90% өсіруге мүмкіндік берген.
– Келісім Қазақстан үшін әлдеқайда тиімді. Біздің тауарларымызға импорттық баждың орташа мөлшерлемесі 20%-дан 4,5%-ға дейін төмендетілді. Соның нәтижесінде 9 айда Қазақстанның Иранға экспорты 3,2 есе ұлғайғанын көреміз. Ал импорт 17%-ға қысқарды, – деді Ернар Серік.
Спикер еларалық тауар айналымының тұрақсыздығын экспортты әртараптандырмаудың салдары деп санайды. Бұл уәжге келіспеске болмас, бүгінде Тегеранға кететін эскпорттың басым дені астық – арпа мен бидай. Кейінгі 9 айдағы эскпорт өсімін де осы саладан алып отырмыз: арпа – 5,5 есе (166,2 млн доллар), кептірілген бұршақ тұқымдас көкөністер – 11,8 есе көп (1,92 млн доллар) тасымалданды. Биыл өңделмеген мақта талшығы, бидай тасымалы қосылды. Жалпы Иранға экспортталатын тауардың 93%-ын арпа құрайды. Сарапшылар Масуд Пезешкианнің келуі экспорт-импорттық тауарлар тізбегін жаңартуы мүмкін деп топшылауда.

Иранмен арадағы экспортқа қарағанда, импорт әркелкі. Бұл орайда парсы жұрты Қазақстанға жеткізілетін өнімін әртараптандыруда алда келе жатыр. Бір тауардың жалпы көрсеткіштегі үлесі 10%-дан аспайды:
· сары май – 10% (13,2 млн доллар);
· этилен полимері – 9% (11,9 млн доллар);
· ірімшік пен сүзбе – 5,9% (6,65 млн доллар);
· тақталар, табақтар, пленка – 4,9% (6,41 млн доллар);
· құрма, инжир, ананас, авокадо, гуайява, манго 4,79% (6,21 млн доллар);
· бояу мен лак – 3,9% (5,16 млн доллар);
· консервіленген жемістер, жаңғақтар 3,49% (4,46 млн доллар).
Қазір Қазақстанда ирандық капиталы бар компаниялардың 658 филиалы тіркелген, олардың 353-і жұмыс істеп тұр. Тараптар бизнес-форум, B2B-сессиялар мен көшпелі кездесулер арқылы инвестор тартуға әрекет жасап келеді.
Сарапшы Ернар Серік жылдан-жылға жалғасқан сауда миссиялары аяқсыз қалмаса, кейінгі келісімдер нәтиже әкеледі деген пікірде.
– Ирандық капиталы бар ірі салық төлеушілердің ішінде құрылыс саласындағы Solico Group МехKaz, тау-кен саласындағы Kusha Madan тау, мыс өндіруші Irkaz Metal Corporation, ауыл шаруашылығы бағытындағы Empire Food кәсіпорнын айтуға болады. Бұл компаниялар елімізде көп жылдан бері жұмыс істеп, жергілікті өндірісті дамытып келеді.. Жақында Иранның Kourosh Food Industry компаниясы Қазақстанда майлы дақылдарды қайта өңдеу кәсіпорындарын құруға қызығушылық танытты.
Ирандағы қазақ инвестициясына келсек, соңғы жылдары еліміз Орталық Азия арқылы өтетін транзиттік жүгін теңізге жеткізу үшін Иранның Шахид-Реджаи портында (Бендер-Аббас ауданы) терминал мен логистикалық орталық құруды жоспарлап отыр, – деп бөлісті сарапшы.
Кейінгі жылдары Қазақстан-Иран кәсіпкерлері В2В-сессияларына қызығушылық танытуда. Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, соңғы В2В-сессияларына Қазақстан тарапынан 50-ден астам компания және Иран тарапынан 230-ға тарта кәсіпкер қатысқан. Сауда миссиясының қорытындысы бойынша 92 млн доллардың 10 құжатына қол қойылды.
Логистика: балама дәліз бастауы
Қазақстан үшін әрқашан көлік-логистикалық әлеует маңызды. Кез келген келісімде транзиттік бағыттарды пайдалану немесе теңізге шығудың балама жолын іздеу бары белгілі. Осы орайда Иранның икемді тұсы көп. Мысалы, «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі елімізді Таяу Шығыс пен Парсы шығанағымен байланыстыратын стратегиялық маңызға ие. Бүгінде контейнерлiк тасымалдар, мультимодальдық бағыттар және транзиттiк рәсiмдердi оңайлату бойынша жобалар дамып жатыр.

Сарапшы Ернар Серіктің пікірінше, Иран арқылы балама сауда нарығын іздеу – жақсы нышан, алайда геосаяси ахуал бұл бағыттардың қалыптасуына қолбайлау болып отыр.
– Желтоқсанның басында Иранның жүк пойызы алты елдің (Иран, Қытай, Қазақстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан) жаңа келісімі аясында Түрікменстан арқылы алғаш рет Бұхараға бағыт алды. Бұл Иран арқылы өтетін «Қытай-Еуропа» жаңа дәлізінің негізін қалайды және Қазақстанның транзиттік торап ретіндегі рөлін күшейтеді. Масуд Пезешкианнің сапарында транзиттi кеңейтуге, техникалық талаптарды, темiр жол тасымалдарының өзара тарифтерiн келiсуге ерекше көңiл бөлiнуi мүмкiн.
Жалпы, еркін сауда туралы келісімнің болуы әрі бірлескен логистикалық жобалардың көбеюіне қарамастан Қазақстан-Иран қарым-қатынасы жаңа деңгейге шығуы қиын. Иә, Иранға азық-түлік пен шикізаттың тұрақты импорты қажет, Қазақстанға ірі нарыққа және баламалы сауда бағыттарына қолжетімділік керек-ақ. Бірақ геосаяси жағдайларға байланысты Иран нарығы Қазақстан экспорты үшін әзірге тұрақсыз күйде қалып отыр, – деп атап өтті Ернар Серік.
Спикердің ойынша, президенттер басқосуында күтпеген мәлімдеме болмайтын сыңайлы. Себебі алдымен ортақ мәселелерді шешу өзекті: сауда мен астық экспортын кеңейту, қайта өңдеу мен агросекторға инвестиция салу жоспарда болмақ. Соның ішінде сауда өсімін шектейтін техникалық шарттар мен тарифтерді реттейтін келіссөздер жүргізілуі ықтимал.
Ал сарапшы Жанат Момынқұлов Қазақстан мен Иран арасындағы көліктік-логистикалық ынтымақтастыққа жай саяси декларация емес, стратегиялық мүдде деген баға берді. Оның айтуынша, ортақ көлік-логистикалық жобалар нәтиже береді, тіпті келешек экономикалық басым бағытқа айналатын күн жақын. Сондықтан «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізі турасында меморандумдар жасалады деген болжам басым.
– «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі – Қазақстан мен Иран үшін өңірлік маңызы бар негізгі жобалардың бірі. Өткен жылы Қазақстан Иран, Ресей және Түрікменстан 2024-2025 жылдарға арналған дәліздің шығыс тармағын дамыту жөніндегі жол картасына қол қойды. Жоспарға сәйкес, маршруттың өткізу қабілеті 2027 жылға қарай жылына 15 млн тоннаға дейін және 2030 жылға қарай 20 млн тоннаға дейін ұлғаюы тиіс.
Биыл алғашқы бес айда Қазақстан аумағы арқылы 1,5 млн тонна жүк тасымалданды, демек өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 74%-ға ұлғайды деген сөз. Мұндай қадам Орталық Азия елдері үшін көлік дәлізінің теңізге шығатын негізгі жол және дәстүрлі бағыт ретінде қарастыруына мүмкіндік береді, – деп талдады Жанат Момынқұлов.
Спикер қазақ-иран келіссөзінің өзге де саласын сараптауға тырысты. Прагматикалық сценарий ауанымен алсақ, энергетика, қызмет көрсету, қайта өңдеу, технологиялар алмасу, шағын және орта бизнесті қолдау секілді тақырып күн тәртібіне көтерілуі мүмкін.
Сонымен қатар өңірлік қауіпсіздік назардан тыс қалмайды. Жанат Момынқұлов Ауғанстанға қатысты Қазақстан ұстанымы Иранмен әңгіменің бір бағыты болатынын меңзеді.
– Өңірлік қауіпсіздік пен геосаясат жанама түрде талқыланатын болады, сондықтан өңірдің қауіпсіздігі мен Ауғанстан маңызды тақырыптар күйінде қалмақ. Ауғанстандағы ахуал, көші-қон ағыны, есірткі трафигі және өңірлік тұрақсыздық жағдайында пікір алмасу жүзеге асатыны анық. Қауіпсіздік, шекара маңындағы ынтымақтастық жөніндегі диалогты да көруіміз мүмкін. Бұл Қазақстан мен Иранның халықаралық ымырагер ретіндегі маңызын арттырады, – деп түйіндеді.
Рухани жақындық
Қазақстан-Иран арасындағы мәдени-гуманитарлық қатынас екіжақты байланыстың ұстынына айналып келеді. Кейінгі кезде мәдени шаралар көбейіп, институционалдық база кеңеюде. Халықтардың бір-бірін тануға деген ұмтылысы, құрметтеуге деген аяқалысы көңіл қуантарлық. Бұған 2022 жылғы Мемлекет басшысының Иранға ресми сапары өзгеше екпін бергені анық.
Аталған сапар аясында әл-Фараби мұрасын зерттеу жөніндегі бірлескен комитет құру туралы шешім қабылданды. Оған қоса 2022-2025 жылдарға арналған мәдени алмасу бағдарламасына, «Хабар» агенттігі мен Иран телерадиокомпаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға, сондай-ақ Сыртқы саяси зерттеулер институты мен Иранның Саяси және халықаралық зерттеулер институты арасындағы меморандумға қол қойылды.
2024 жылы 28-29 қыркүйекте Маңғыстау облыстық филармониясының «Ақшағыл» этно-фольклорлық ансамблі Тегеранға жол тартып, жергілікті көрерменге ұлттық музыка өнерін насихаттады. Ал биыл Мәдениет комитеті, ҚР Ұлттық музейі, ҚР Ұлттық мұрағаты өкілдері Тегеранға жұмыс сапарымен барғанын білеміз. Бұл сапарда Қазақстан мен Иран арасындағы өзара мәдени ынтымақтастыққа қатысты өзекті мәселелер шешім тапты.