Қазақстан Иранмен сауда айналымын 3 миллиард долларға жеткізуді көздейді - шетелдегі қазақ баспасөзі

АСТАНА. KAZINFORM - Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады

Қазақстан Иранмен сауда айналымын 3 миллиард долларға жеткізуді көздейді
Фото: parstoday.ir/kz

Еуропалық Одақ – Орталық Азия алғашқы саммиті Өзбекстанда өтеді – ӨзА 

Еуропалық Одақ – Орталық Азия алғашқы саммиті
Фото: uza.uz

Еуропа Кеңесінің Президенті Антониу Кошта мен Еуропа Комиссиясының Президенті Урсула фон дер Ляйен 3-4 сәуір күндері Өзбекстанға ресми сапармен келеді.

Бұл туралы Еуропалық Одақтың Өзбекстандағы өкілдігінің хабарламасына сілтеме жасап «ӨзА» ақпарат агенттігі мәлімдеді.

Хабарламада Еуропалық Одақ пен Орталық Азия елдерінің алғашқы саммитіне Өзбекстан Республикасы басшылық ететіні айтылған. Ауқымды жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан басшылары да қатысады.

Бұл жиында Еуропалық Одақтың аймақпен ынтымақтастыған кеңейту мүдделерін қорғау мүмкіндігі туралы айтылады. Сондай-ақ қазіргі геосаяси ахуалдың жедел өзгеруі, атап айтқанда, Ресей – Украина соғысы, Ауғанстандағы жағдай Еуропалық Одақ пен Орталық Азия арасындағы байланыстың стратегиялық маңызын арттыру мәселесі қаралады.

 - Еуропа Кеңесінің басшысы Антониу Кошта қазіргі кездегі әлемдік тұрақсыздық пен бөлінушілік жағдайына тоқталып, Еуропалық Одақ үшін бейбітшілік пен өркендеуді қамтамасыз етудің жалғыз жолы – сенімді серіктестік орнату екенін айтты, -  деп жазады «ӨзА».

Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Өзбекстан 2024 жылы 33 378 тонна шай импорттады» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

шәй
Фото: uza.uz

Өзбекстан 2024 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында шетелден 50,6 миллион АҚШ долларына тең 33 378 тонна шай импортталған.

Бұл туралы «ӨзА» ақпарат агенттігі ӨР Статистика агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

Атап айтқанда, Өзбекстан 2024 жылы ең көп шай импорттаған елдер Қытай (26 806 тонна), Кения (1 651 тонна), Иран (1 271 тонна), Үндістан (965 тонна) және Ресей (578 тонна) қатарлы елдер.

Шыңжаңның Тарбағатай аймағы қазақстандық туристерді ыстық ықыласпен қарсы алды- «Халық газеті»

Тарбағатайға келген туристер
Фото: kaz.people.cn

Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, 11 ақпанда Қазақстанның Абай облысынан келген 39 турист Бақты кеден бекеті арқылы елге кіріп, биылғы Тарбағатай аймағындағы трансшекаралық туристік топтардың біріншісі болған.

Сол күні Бақты кеден бекетінің жаңа ұлттық қақпасында Тарбағатай халқының өкілдері аккордеон ойнап, әуезді «Көрікті Тарбағатай» әнін шырқап, алыстан келген қонақтарды ыстық ықыласпен қарсы алған.

«Халық газеті» басылымының келтірген дерегіне сүйенсек, 11-14 ақпан аралығында туристік топ Шәуешек қаласының аккордеон мәдени көрме залына, Тарбағатай аймақтық мұражайына және басқа да орындарға барған. Сонымен қатар жергілікті тұрғындар қауымдастығына барып, тамаша дәстүрлі Қытай мәдениетімен танысқан.

- Былтырдың 6 желтоқсанында Бақты портында адамдар ағыны қайта басталғаннан бері Тарбағатай аймағында кіретін төрт туристік бағыт, сондай-ақ Алакөл мен Алматыға шығатын бес туристік бағыт іске қосылды. Осы уақытқа дейін Бақты порты арқылы кіріп-шыққан турист саны 6000-ға жеткен, - деп деп жазады қытайлық БАҚ.

Сонымен қатар осы аптада «Халық газеті» басылымында «Қытайдағы алғашқы жасанды интеллект педиатры ресми түрде «жұмысқа шықты»» деген ақпарат жарық көрді.

жасанды интеллект педиатры
Фото: http://kazakh.people.com.cn

13 ақпанда Бейжіңдегі Ұлттық балалар медициналық орталығы мен Балалар ауруханасының консультациялық орталығында жасанды интеллект бойынша сарапшы педиатр ресми түрде «жұмысқа шығып», 13 педиатриялық сарапшымен бірге күрделі жағдайлар бойынша көпсалалы консультацияны аяқтады.

Қытайлық БАҚ-тың Бейжің балалар ауруханасынан алған ақпаратына сәйкес, бұл елдегі жасанды интеллектінің алғашқы педиатры, ол күрделі және сирек кездесетін ауруларды диагностикалауға және емдеуге көмектеседі деп күтіліп отыр.

 - Бұл консультацияның тақырыбы 8 жасар бала болды. Ол үш апта бойы денесі тартылып, дірілдеген. Екі апта бұрын оның бас сүйегінің түбінен ісік байқалды. Оның себебі күрделі болғандықтан, әртүрлі аурухана әртүрлі диагноз бен емдеу амалдарын ұсынған. Бұл консультацияда жасанды интеллект педиатрлары және әртүрлі бөлімшелердің 13 танымал сарапшысы өте дәйекті ұсыныстар берді, -  деп жазады «Халық газеті».

Ұлттық Балалар медициналық орталығының директоры және Бейжің Балалар ауруханасының деканы Ни Синның айтуынша, ол Бейжің Балалар ауруханасының 300-ден астам танымал педиатриялық сарапшыларының клиникалық тәжірибесін және сарапшылардың ондаған жылдар бойы жоғары сапалы медициналық жазбаларын біріктіреді.

Қазақстан Иранмен сауда айналымын 3 миллиард долларға жеткізуді көздейді - ParsToday

Қазақстан Иранмен сауда айналымын 3 миллиард долларға жеткізуді көздейді
Фото: parstoday.ir/kz

Қазақстан Иранмен сауда айналымын 3 миллиард долларға жеткізуді көздейді, деп жазды ParsToday ақпарат агеттігі.

ParsToday ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев жексенбі күні кешке «Шәһид Раджаи» портының әртүрлі бөліктерін аралап, Иранның оңтүстігіндегі Хормозган әкімшілігінің экономикалық істер жөніндегі үйлестірушісінің орынбасарымен кездесті. Ол кездесуінде Шығыс Азияның кейбір елдерінде қазақстандық порттар мен логистикалық терминалдардың бар екеніне тоқталған. Ол Қазақстан Иранмен сыртқы сауданы 3 миллиард долларға жеткізуге талпынуда екенін айтқан.

Әлібек Бақаев Иран мен Қазақстанның теңіз саудасын дамытудағы стратегиялық рөліне тоқталып, «Біздің еліміз «Шәһид Раджаи» порты арқылы ашық суға шығуға ұмтылатын транзиттік ел болып саналады», деген.

Түркі әлемінің Сыртқы істер комиссиясының басшылары Ыстанбұлда бас қосты - TRT

Түркі әлемінің Сыртқы істер комиссиясының басшылары Ыстанбұлда бас қосты
Фото: trt.net.tr/kazakh

Түрік әлемі Сыртқы істер комиссиясының басшылары Ыстанбұлда басқосты.

Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісі Сыртқы істер комитетінің төрағасы Фуат Октай жиынның ашылуында сөз сөйлеп, аймақтық және жаһандық мәселелерге тоқталған.

Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

Сондай-ақ Түркі Мемлекеттері Ұйымына мүше елдердің сауда көлеміне назар аударған Октай әлеуеті жоғары сауда көлемін арттыруға болатынына тоқталды.

- Екі күнге созылатын кездесулерде жаһандық және аймақтық және Түркі әлемі мен парламенттік дипломатия мәселелері талқыланады, - деп жазды түркиялық БАҚ.

Соңғы жаңалықтар