Қазақстан ислам әлемінде білім мен ғылымды дамыта алатын әлеуетке ие - Асқар Мусинов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жақында Ислам ынтымақтастығы ұйымының ұйымдастыруымен Сауд Арабиясында «The role of social media in supporting the work of the OIC» атты үлкен жиын өткен еді. Жиын барысында жаңа медианың Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясында алатын орны талқыға салынды. Алқалы жиыннан кейін Ислам ынтымақтастығы ұйымында Қазақстанның мүддесін қорғап жүрген дипломат, ұйым Бас хатшысының ғылым және технологиялар жөніндегі орынбасары, сондай-ақ, «Бейбітшілік, қауіпсіздік және жанжалдарды шешу» бөлімінің басшысы Асқар Мусиновпен сұхбаттасудың мүмкіндігі туды. Сұхбат барысында Қазақстанның ИЫҰ-дағы әлеуетті рөлі, ықпалы және бастамалары турасында әңгіме өрбіген болатын.

- Ислам ынтымақтастығы ұйымының негізгі мақсаты мен міндеті қандай? Қазақстан ұйымға төрағалық еткенде қандай жетістіктерге қол жеткізе алды?

- Ұйым 1969 жылы құрылды, жақында елу жыл толады. Ұйымның құрылуына түрткі болған Иерусалимдегі Әл-Ақса мешітінің өртену оқиғасы еді.  Негізінен, мешіттің өртенуі қасақана әрекет деп қабылданды, яғни ислам мемлекеттері немесе мұсылмандарды кемсітушілікке бағытталған жымысқы мақсаттан туындаған деген көзқарас бар. Міне, осыған жауап ретінде мұсылмандар "бір жеңнен бас, бір жағадан қол шығаруға" ниеттенді. 1969 жылы Мароккода ислам елдерінің өкілдері алғаш рет бас қосты, аталған жиынға сол уақытта тек отыз мемлекет қана қатысты. Сонда «Ислам конференциясы ұйымын» құру туралы шешім қабылданды.

 Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, 1992 жылы  құрамында мұсылман халықтары бар өзге де Кеңес одағының мемлекеттері Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстанмен қатар аталған ұйымға мүшелікке енді. Міне, содан бері біз ұйым шеңберінде өте белсенді әрі жемісті ынтымақтастық жасап келеміз. Қазақстанның аталған ұйым аясындағы белсенділігіне бір дәлел - 2011 жылы ұйымға төрағалық етуі. Дәл осы жылы Астанада ИЫҰ Сыртқы істер министрлерінің отырысы өтті. Бұл отырыс бірнеше себептерге байланысты тарихи жиын болып есте қалды. Бастысы - Қазақстанда алғаш рет «Ислам конференциясы ұйымы» (ИКҰ) атауы «Ислам ынтымақтастығы ұйымы» (ИЫҰ) деп өзгертілді. 2011 жылы Қазақстан ұйымға төрағалық ету барысында екі жүзге жуық мемлекеттер деңгейінде түрлі іс-шаралар өткізді. ИЫҰ саяси ұйым болғанымен, ислам әлемі үшін экономикалық, әлеуметтік, мәдени, гуманитарлық  сипаттағы салалар бойынша жұмыс атқарады. Осы бағыттар бойынша Қазақстан төрағалық еткен жылдары ауқымды шаралар ұйымдастырылды. Ислам ынтымақтастық ұйымына Қазақстанның 2011 жылы төрағалық етуі Азия тарихындағы ең жарқын әрі атаулы оқиғалардың бірі болды деп айта аламыз. 

- Сіздің Бас хатшының ғылым және технологиялар жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалғаныңызға көп болған жоқ. Ұйым шеңберіндегі бұндай жаңа бағытта қандай жұмыстар жүргізіп жатырсыз және алдағы уақытқа қойған нақты мақсатыңызбен бөліссеңіз?

- Мен ҚР Сыртқы істер министрлігінде 1987 жылдан бері қызмет істеп келемін. Бірнеше елде елші болдым, 2013 жылы елге келгеннен кейін ҚР СІМ жауапты хатшысы болып тағайындалдым. 2014-2016 жылдары Сыртқы істер министрінің орынбасары болдым. Аталған уақытта Қазақстанның ИЫҰ-мен ынтымақтастығы жоғары деңгейде дамыды, сол себепті елдегі басшылықтың қарарына сәйкес, Ұйымға қызметке жіберді. 2016 жылдың мамыр айынан мен ИЫҰ-ға қызметке келдім. Аталған ұйымда лаңкестік пен экстремизмге және қақтығыстарға қарсы «Бейбітшілік, қауіпсіздік және жанжалдарды шешу» деген арнайы бөлім құрылған еді. Бөлімнің басшысы болып тағайындалдым және аталған лауазымды бүгінге дейін атқарып келемін. Ал 2017 жылдың мамыр айында Бангладеш астанасы Даккада өткен сыртқы істер министрлерінің жиналысында Қазақстан тарапының ұсынысы бойынша, мен ИЫҰ-ның Бас хатшысының орынбасары лауазымына ашық сайлау барысында лайықты деп танылдым. Негізінен бұл біз үшін үлкен құрмет. Себебі, бұл қызметке Қазақстаннан бөлек бірнеше мемлекеттен үміткерлер ұсынылды. Айта кету керек, ИЫҰ-да заң бойынша, Бас хатшының алты орынбасары болады, аталған орынбасалар белгілі бір жағрафиялық топтан сайланады. Мысалы, Африка тобынан экономикалық мәселелер бойынша орынбасар тағайындалса, Сауд Арабиясынан саяси, мәдени және гуманитарлық мәселелер бойынша Араб елінің өкілі сайланса, Палестина мен Құдыс мәселесі бойынша да орынбасар болып Палестинаның өкілі сайланса, Азия мемлекеттері Бас хатшының ғылым және технологиялар бойынша орынбасары сайланады. Азия тобына 18 мемлекет кіреді. Сол сәтте аталған 18 мемлекеттің 12-сі біздің ғылым және технология бойынша Бас хатшының орынбасары лауазымына ұсынған үміткерлігімізді қолдады. Бізбен бірге дауысқа түскен Бангладеш 6 дауысқа ие болды. Азия мемлекеттерінің сыртқы істер министрлері яғни үкімет өкілдерінің басым көпшілігі Қазақстанды қолдағандықтан, мамыр айынан бастап мен аталған қызметке сайландым.

- Қазіргі таңда ұйымға 57 мемлекет мүше. Әлеуметтік желілерді бағамдап отырсам, Ислам ынтымақтастығы ұйымы Палестина мәселесін неге шепейді, Мьянма жайы қараусыз қалды деген пікірлер баршылық екен. Аталған жаһандық мәселелерді шешуде ұйымның қауқары қандай?

- Негізінен ұйым 1969 жылы құрылғанда ең басты мәселе - Палестина еді. Сол уақыттан бері ұйым жарты ғасыр тоқтамай жұмыс жасап келеді, жаһандық жиындарда мұсылман үмбетінің дауысы мен айтар ойын жеткізуде ұйымның атқарған еңбегі бар. Палестина мәселесінің шешілуіне ИЫҰ қарқынды түрде ат салысып, мүдделі пікірді білдіріп келеді. Палестиналықтардың өз аумағына енуі турасында да айтылды. Бәріміз мұсылман үмбеті болғаннан  кейін ИЫҰ ислам мемлекеттерін қолдайды, кез келген түйіткіл тудырған мәселені қолдан келгенше, әлбетте әділ және халықтың пайдасына шешуге тырысады. Бұдан өзге - рохинджа мұсылмандарының жайы, Оңтүстік Филиппин, Оңтүстік Таиланд мәселесі. Атап өтерлігі, қай елде болмасын, мұсылмандардың құқығы қысымға ұшырайтын болса, ұйымдағы 57 мемлекет жәрдемдесуге мүдделі. Енді ұйымдағы Қазақстанның бастамалары мен әлеуеті турасында айтып өтсем. Қазақстан ИЫҰ Бас хатшысының ғылым және технологиялар бойынша орынбасары лауазымына өз үміткерлерін ұсынған сәтте біз әлбетте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанада ғылым және технологиялар жөніндегі саммит өткізу бастамасына иек арттық. Аталған саммит мемлекет басшысының бастамасымен 2017 жылдың қыркүйегінде өткен еді. Саммитті өткізу туралы идеяның өзі Қазақстанның қағидаға беріктігін және ислам әлемінде әлеуметтік әл-ауқатты көтеруге, білім мен ғылымды дамытуға, технологиялық жетістіктерге қол созуға бей-жай қарамайтындығын көрсетті. Бұған дейін ислам әлеміндегі білім, ғылым, технология мәселесі сәл сирек қаралса, Астанада өткен саммит барысында бұл мәселелер ауқымды әрі анық талқыланды. Президент бұл мәселелерді алға тартып қана қоймай, нақты шешімдер ұсынды. Міне, Елбасының ұсынған шешімдерін мен өзімнің Ұйым шеңберіндегі сайлауалды науқанымда жасаған мәлімдемемде келтірдім. Өздерінің сайлауалды науқанын өткізген өзге де мемлекеттер, соның ішінде Азия елдері Елбасы ұсынған бастамаларды қолдап, үлкен қызығушылық танытты. Қазір баршаға аян ислам әлемі, жаһандық терроризм мен исламға деген фобия салдарынан үлкен мәселелерді бастан өткеруде. Бұдан шығудың түрлі жолдары мен шешімдері бар. Бірақ, Елбасы ғылым, білім, технология турасында тың шешімдер мен ұсыныстарды алға тартты.

Н. Назарбаев ислам әлемінің ежелгі құндылықтарына мән беруді сұрады. Мәселен, ежелгі мұсылман әлемінде ғана емес барша жаһанға аты мәшһүр болған қазақ топырағынан шыққан әл-Фараби, Әбу Әли ибн Синаларды ойға алайық. Елбасы ИЫҰ бойынша «2026» арнайы іс-қимыл жоспарын құруды ұсынды. Аталған жоспар Азия елдерінде ғылым мен білімді дамыту арқылы қазіргі ғарыш жылдамдығымен дамып жатқан Батыс елдерінен қалыс қалған ислам әлемі арасындағы кеңістікті толтыруды көздейді. Бұл үшін Азия елдеріндегі білім мен ғылым саласына бөлінетін қаражат еселенуі керек, алдағы он жылда ислам әлемінде ғалымдардың еңбектері жаһандық басылымдарда жиі жарық көруі, исламдағы ғалымдар саны екі есе көбеюі тиіс. Ал 2026 жылға қарай технологиялық және жаңа бастамалардың біршама өсуі көзделеді. Тағы бір маңызды бастама - бұл ислам әлемінде G-20 ұйымына сәйкес (әлемнің 20 дамыған елі өз дамуының мәселелерін талқылайды) 15  дамыған мемлекеттер форумын құру. Аталған бастама да Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Мемлекет басшысы қазіргі жаһандану мен төртінші индустриалдық революция аясындағы жаңашылдық ислам әлеміне де тікелей әсер етуі тиіс деп атап өтті. Осы орайда Қазақстан кластерін дамытуға тиіс. Мұндай кластер біздің елде жоқ емес, бар. Мәселен, Назарбаев Университеті.

Қазақстан ислам әлемі үшін ғылым мен білімді  әлеуетті дамыта алатын мемлекет, оған мүмкіндігі де баршылық. Байқоңырдың өзін алатын болсақ, бұл ғарыш алабы тек ислам әлемінде ғана емес, әлемдегі теңдессіз айлақ. Бізде ғылым академиясы да бар, өзге де салаларымызда тың жұмыстар жүріп жатыр. Қазақстан егемендік алған сәттен бері қаншама бастамаларға мұрындық болды. Жақын болашақта азық-түлік қауіпсіздігі бойынша Ислам ынтымақтастық ұйымының отырысы өтеді. Бұл да Қазақстан ұсынған бастама. Елбасы алдағы он жылда азық-түлік қауіпсіздігінің күн тәртібінде тұратынын алға тартып, аталған бастаманы ұсынды әрі ислам елдеріне мәселені шешу үшін өздерінің ресурстары мен ғылыми әлеуетін біріктіруге үндеді. Бүгінде Ұйымға ислам әлемінің 25-тен астам елі қосылды. Менің ойымша, бұл үлкен мәнге ие. Біз ИЫҰ арқылы Арал теңізін құтқару,  ядролық қарусыз әлем құру бойынша т.б бастамаларды алға тарттық. Қазір де белсенді жұмыс жалғасуда.null

- Ресей Федерациясы қазір ИЫҰ-ға бақылаушы ел мәртебесіне ие.  Айталық, Ресейдің құрамындағы субъектілер, яғни Татарстан, Шешенстан, Дағыстан сынды мұсылман қауымы басым мемлекеттер бар. Осындай бір елдің субъектілері болатын мемлекеттердің ұйымға ену жайы қалай қаралған? Жалпы ұйым алдағы уақытта жаңа мемлекеттермен толыға ала ма?

- Бүгінде әлемге аян, дүниежүзінде Исламның рөлі кең етек жайып келеді.  Әлбетте, бірқатар мемлекет ИЫҰ-ға ислам әлемімен татулық пен ынтымақтастықты дамыту мақсатында мүше болуды яки бақылаушы мәртебесін алуды қалап отыр. Бұл жеңіл бола салатын жұмыс емес. Біріншіден, Ұйымның жарғысына сәйкес, кез келген мемлекет мүшелікке өтуі үшін 57 мүше-мемлекеттің толық мақұлдауын алуы керек.  Екіншіден, Ресейдің құрамындағы субъектілер олар сол мемлекеттің аумағында. Ресей ұйымға бақылаушы болғандықтан, субъектілер мен ұйым арасында қатынас бар. Бірақ, аталған мемлекеттердің ұйымға мүшелікке енуге мүмкіндігі жоқ, себебі бұл мемлекеттер Федерацияның субъектілері, жеке мемлекет емес.

- Дипломат болғысы келетін, халықаралық ұйымдарда жұмыс істесем дейтін жастарға қандай  ақыл-кеңес берер едіңіз?

- Біздің халықаралық ұйымдардағы негізгі қызметіміз - Қазақстанның дипломатиялық қатынасын дамыту. Сондықтан, осындай халықаралық ұйымдарда қызмет етем деген жастарға кәсіби білімдері мен тәжірибелерін дамыту қажеттігін айтар едім. Екіншіден, ұйым аясында өзінің жұмыс тілі бар.  Мәселен, ИЫҰ-да бірінші - араб тілі, екінші  - ағылшын тілі, үшінші - француз тілі. Осы талаптың үддесінен шығу үшін әлбетте үш тілді меңгерген абзалырақ. Ал ең бастысы - қай елде, қай ұйымда қызмет істесе де, Қазақстаннан келетін дипломатқа ең бірінші кезекте Отанын адал сүйетін, шетелдіктермен кездескенде өз елі туралы ашылып айтып, түсіндіре алатын, ұлтжанды, мемлекетшіл азамат болуы шарт. Отанын шын сүйген адам дипломат та бола алады, халықаралық ұйымда да жемісті еңбек ете алады.  

- Сұхбатыңызға үлкен рахмет! Еңбекте жемісті болыңыз!

  

Әңгімелескен

Олжас БЕРКІНБАЕВ

Астана-Жидда-Астана

Соңғы жаңалықтар