Қазақстан Ислам даму банкінен $1,1 млрд қаржы тартпақ
АСТАНА. KAZINFORM - Джидда қаласында Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілі – ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Нұрлан Байбазаровтың Ислам даму банкінің (ИДБ) президенті Мұхаммед Сүлейман әл-Джассермен екіжақты кездесуі өтті, деп хабарлайды Үкіметтіңбаспасөз қызметі.

Келіссөздер барысында тараптар Қазақстандағы басым инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру саласындағы ынтымақтастықты тереңдету мүмкіндіктерін талқылады. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылды. Кездесудің негізгі қорытындысы осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін Ислам даму банкінен $1,1 млрд-қа дейінгі сомаға қаржы тарту туралы уағдаластық болды.
Қол жеткізілген уағдаластықтарға қосымша Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ислам даму банкі арасында ниеттер туралы хаттамаға қол қойылды. Құжат тараптардың арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту шеңберінде исламдық қаржыландыру құралдарын қолдана отырып, жобаларды қаржыландыру тетіктерін тәжірибе жүзінде пысықтауға өзара дайындығын көрсетеді.
Аталған ынтымақтастықты жүзеге асыру елдің инфрақұрылымдық дамуына қуатты серпін береді, 1,6 трлн теңгеден астам инвестициялар ағынын қамтамасыз етеді және 16 мыңнан астам жұмыс орнын ашады деп күтілуде, бұл өз кезегінде Қазақстанның жедел индустрияландырылуына және экономикалық әртараптандырылуына ықпал ететін болады.
Бұл бастама 2024 жылғы 25 маусымда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ислам даму банкі арасындағы стратегиялық өзара іс-қимыл туралы негіздемелік бағдарламалық келісімде айқындалған бағытты жалғастырады. Осы келісім аясында тараптар жалпы сомасы $8 млрд-тан асатын инвестициялық жобаларды іске асыру ниетін растады.
Жүзеге асырудың бірінші кезеңі климатқа тұрақты су ресурстарын дамыту жобасы болды, ол үшін Ислам даму банкі өз тарихындағы ең ірі қарыз — $1,15 млрд сомасына несие берді. Қаражат жалпы ұзындығы 3 618 шақырым болатын 8 су қоймасын салуға және реконструкциялауға, сондай-ақ 115 суару каналын жаңғыртуға бағытталған. Жоба елдің су және экологиялық қауіпсіздігін арттыруға бағытталған және ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту үшін негіз қалыптастырады.
Кездесу барысында «Қазақстанның Даму банкі» АҚ — «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымының қатысуымен исламдық инвестицияларды тарту мәселелерін қоса алғанда, исламдық қаржыландыру саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары белгіленді.
Осыған дейін Үкіметтің галлийге экспорттық кедендік бажды алып тастағаны туралы жаздық.