Қазақстан Испанияда ECAC–ICAO EUR/NAT воркшопына қатысты

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан авиациялық оқиғалардан зардап шеккендер мен олардың отбасыларына қолдау көрсету мәселелері бойынша ECAC–ICAO EUR/NAT воркшопына қатысты. Бұл туралы Азаматтық авиация комитеті мәлімдеді.

Азаматтық авиация комитеті
Фото: Азаматтық авиация комитеті

Мадридте (Испания) авиациялық оқиғалардан зардап шеккендерге және олардың отбасыларына көмек көрсету мәселелеріне арналған ECAC–ICAO EUR/NAT «Supporting air accident victims and their families through Family Assistance Plans» өңірлік семинары өтті. Аталған іс-шараға Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің, Air Astana, Алматы халықаралық әуежайының өкілдері қатысты. Семинарға мемлекеттердің уәкілетті органдары, авиациялық әкімшіліктер, әуекомпаниялар, әуежайлар және зардап шеккендер отбасыларының қауымдастықтарын қоса алғанда, 70-тен астам қатысушы жиналды.

Іс-шара барысында халықаралық үздік тәжірибелер, бұрынғы авиациялық оқиғалардан алынған сабақтар, сондай-ақ зардап шеккендер мен олардың отбасыларын қолдауда мемлекет пен авиация саласының рөлі талқыланды.

Қазақстандық спикерлер – Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің формальдылықты оңайлату департаментінің директоры Всеволод Ким, «Air Astana» АҚ-ның Төтенше жағдайларда әрекеттену жөніндегі супервайзері Толғанай Абдуллаева, «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ-ның операциялық қызмет көрсету департаментінің директоры Қайрат Жұматаев баяндама жасады.

Сарапшылар қазақстандық мамандардың жұмысын жоғары бағалап, ұсынылған материалдардың практикалық маңыздылығын және зардап шеккен отбасыларға көмек көрсету барысында әуежайлар мен әуекомпаниялар арасындағы өзара іс-қимылды талқылауға қосқан үлесін атап өтті.

Қазақстан өңірлік деңгейде Family Assistance Plans жүйесін дамытуға қатысуды және үздік тәжірибелермен алмасуды жалғастырады.

Қызылордада өткен V Ұлттық құрылтайда логистика және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау мәселесі де талқыланған болатын. Қазақстан Еуразиядағы алдыңғы қатарлы авиациялық хабқа айналу мұратына қалай жете алады? Kazinform тілшіcі осы мәселеге қатысты сарапшылар пікірін сұрап білді.

Соңғы жаңалықтар