Қазақстан-Италия: Кәрі құрлықтағы мызғымас серіктестік
АСТАНА. KAZINFORM – Кейінгі жылдары Қазақстан мен Италия көшбасшыларының кездесуі жиілегенін білеміз. Аз ғана уақыт бұрын Италия премьер-министрі Джорджа Мелони ресми сапармен елге келсе, бүгін-ертең Италия Президенті Серджо Маттарелла ат басын бұрмақ. Осы орайда Kazinform тілшісі жоғары деңгейдегі келіссөздер экономикаға қалай әсер еткенін, келешек жобалар қай салаға ойысуы мүмкін екенін саралады.

Уақытпен шегенделген байланыс
Екі елдің саяси байланыс орнатқанына 33 жылға жуықтады. 1992 жылы екіжақты дипломатиялық келісімнен кейін елшіліктер ашылып, ауқымды келіссөздер легі толастаған емес. Қазір Қазақстан-Италия арасында сауда қарқыны жоғары, саяси-құқықтық келісімдер көп. 2009 жылы Стратегиялық әріптестік туралы Шартқа қол қойылғалы қарым-қатынас мәртебесі жаңа кезеңге көтерілді.
Екіжақты қатынастарды дамыту мақсатында Өнеркәсіптік және экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық жұмыс тобы істейді. «Қазақстан-Италия» парламенттік достық тобы да құрылған.
Байланыс бағдарының үздіксіз жетілуін өткен жылы іске қосылған «Астана-Милан» әуе рейсі айқындары анық. Жаңа рейстің ашылуы туризмді түлетіп, екі елдің мәдени және іскерлік байланыстарының нығаюына ықпал етті.
Италия – кәрі құрлықтағы маңызды серіктесіміз, Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің үштігіне кіреді. Қос ел көшбасшылары аласапыран кезеңде осы ынтымақтастық деңгейін сақтау үшін аянып қалған жоқ. Жаһандық басқосуда уақыт тауып кездесіп, жүйесіне қарай арнайы шақыруды үдетті. Есте болса, мамыр айында Италия премьер-министрі Джорджа Мелони елге келсе, енді дәстүрлі жолды Италия Президенті Серджо Маттарелла жалғамақ.
Серджо Маттарелла кім?

Италия - парламенттік типтегі унитарлы мемлекет. Заң шығару құқы – қос палаталы органға тиісілі, атқарушы билік – Министрлер Кеңесінің қолында. Өзіндік саяси құрылымын ескерсек, президенттің де, премьер-министрдің де мандаты шамалас. Мемлекет басшысы парламентті таратуға, заңды жариялауға, қарулы күштерді басқаруға өкілеті жүреді. Премьер-министр іс жүзінде үкімет жұмысына жауапты, яғни оған елдегі барлық өзгеріс тәуелді деген сөз. Бүгінде әлемдік саяси аренада бір биліктің қос өкілі қатар көрініп келеді.
Қазақстандықтарға Италия премьер-министрі Джорджа Мелони азды-көпті таныс, мамыр айындағы сапарда көп айтылды. Ал Серджо Маттарелла кім?
Маттарелла 1992 жылдан бастап екі жыл бойы «Пополо» партиялық газетін басқарды, кейін Италия халық партиясының негізін қалаушылардың біріне айналған. 1987 жылдан бастап саясаткер түрлі ведомстволарды басқарып, Италия үкіметінде еңбек етті. 90-шы жылдардың аяғында НАТО елдері Югославияны бомбалаған кезде ол операцияға итальяндық әскерилердің қатысуын жақтаған еді.
2011 жылы саясаткер Конституциялық соттың құрамына кірді. 2015 жылы Маттарелла президенттік сайлауда жеңіске жетіп, 2022 жылы қайта сайланған.
Қасым-Жомарт Тоқаев Италия президентімен бірнеше рет кездескені бар. Соңғы жүздесу биыл наурыз айында жүзеге асты. Міне, жарты жыл өтпей-ақ қос көшбасшы қайта кездесіп отыр. Бұл – жолы ресми сапар, кеңейтілген құрамда.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дың еуропалық және американдық зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы Әлішер Әбдрешев Италия президентінің сапары берік байланыстың дәстүрлі жалғасы деп санайды.
– Конституция бойынша, Италияда президент лауазымы тек мәртебелі статус емес, ұлттық бірліктің тірегі. Ал премьер-министр үкіметті басқаруды міндетіне алып, мемлекеттің алдағы жоспарына жауапты адам санатында. Қазақстанның бір елдің екі бірдей билік өкілімен қатар келіссөз жүргізуі Италиямен арадағы ұзақ мерзімді қарым-қатынас орнатуға деген ниетін білдіреді. – дейді спикер.

Италия – үздік үштікте
Қазір екі ел арасындағы алыс-беріс, барыс-келіс те дамып келеді. Сауда, инвестиция және экономикалық ықпалдастықтың қарқыны алабөтен. Өткен жылы екіжақты тауар айналымы 20 млрд долларға жуықтағанын білеміз. Мұның ішінде тікелей біздің елден жөнелтілген тауар көлемі 18 миллиардтан асқан – өсім 24 пайызды көрсетті. Тараптар энергетика, машина жасау, химия, фармацевтика, инфрақұрылым және агроөнеркәсіп кешенін ілгерілетуде.

Кейінгі жартыжылдықта да өсім бар. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, Қазақстан кәрі құрлықтағы достас елге 9 млрд АҚШ долларынан астам тауар жеткізді:
- шикі мұнай – 9,1 млрд АҚШ доллары (96,7%);
- өңделмеген алюминий – 136,7 млн АҚШ доллары (1,4%);
- бидай – 96,2 млн АҚШ доллары (1%);
- ферроқорытпа – 36,5 млн АҚШ доллары (0,39%);
- тас көмір – 21,9 млн АҚШ доллары (0,23%);
- кептірілген бұршақты көкөністер – 6,7 млн АҚШ долларын (0,07%) құраған.
Алты айда Италиядан әкелінген тауардың құны 700 млн долларға жуықтады. Басым дені дәрілік заттар (7,7%), құбырлар, (5,4%), материалдарды термиялық өңдеуге арналған жабдықтар (4,4%), құбырларға арналған арматура (4,4%).
Кейінгі жылдары италиялықтардың Қазақстан экономикасына инвестиция құюы жиіледі. Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, 1992-2022 жылдары, яғни 30 жылда 15 млрд доллар Италия инвестициясы келді. Ал 2005-2024 жылдар аралығында көрсеткіш 7,6 млрд долларды еңсерді. Бүгінде ел аумағында 300-ге жуық италиялық компания табысты еңбек етіп жатыр. Оның арасында ENI, SDF Group, PetroValves сынды ірі инвесторлар бар.
Алда атқарылар ауқымды жоба-жоспар аз емес. Италия Қазақстанды Орталық Азия нарығының қақпасы санайды. Негізгі қаржы ағынын аталған өңірге құюға бейіл. Себебі, Еуропа Одағының Орталық Азиядағы белсенділігі артып келеді. Осы орайда Италияның Қазақстанмен сауда қарым-қатынасы шешуші рөл атқаруы мүмкін.
Бұған бірнеше салмақты фактор әсер ететіні сөзсіз. Алдымен еліміздің ең ірі уран өндіруші әрі эфирлік мұнай мен газ жеткізетін басты мемлекет атануы себеп.
Екіншіден, Каспий теңізі арқылы Еуропаны Қытаймен байланыстыратын күре жол – Орта дәліз шешуші рөл атқармақ. Еуропалық Одақ елдерінің жобаға қызығушылығы жоғары, Италия - Қазақстанның ғана емес, Орталық Азияның басты сауда серіктесінің бірі. Сондықтан кәрі құрлықтағы ел үшін Орта дәліз инфрақұрылымын дамыту аса маңызды әрі бұл бағытта Қазақстанға тәуелді.
Жыл басында не айтылды?
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дың еуропалық және американдық зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы Әлішер Әбдрешев Қасым-Жомарт Тоқаев пен Серджо Маттарелла кезекті кездесуінде бұрын қолға алынған жобалардың жай-жапсары да талқыланады деген ойда.
– Орталық Азия мен ЕО арасындағы байланыста да біздің салмақты орынға ие екенімізді көрсетеді. Құбылмалы геосаяси кезеңде еуропалық мемлекеттер энергетикалық және сауда жолының балама бағытын қарастыруда. Әсіресе маңызды тауарлардың жеткізу тізбегін қалыптастыруға ынталы. Бұл ретте еліміздің Транскаспий бағдары мен қазба байлық әлеуеті осы межені орындауға көмектесері анық, - деді сарапшы.

Италия - «Үлкен жетілік» мүшесі әрі АҚШ-пен етене жақын. ЕО арасында да беделге ие. Осындай салмақты серіктестің өкілдерімен келіссөзде барлық сатыдағы мәселелерді шешуге мүмкіндік бар. Әлішер Әбдрешевтің айтуынша, кездесулерде экономикалық шешімдер талқыға түспек.
– Келіссөз барысында сирек кездесетін шикізат, машина жасау, транспорт, мұнай-химия, жеңіл өнеркәсіп, туризм, білім салалары талқылануы мүмкін. Сауда-экономика бағдарындағы көп тақырып қаузалатыны сөзсіз.
Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық бастамалар да көтерілетіні анық. Мысаыл, Астана көшелерінің біріне Марко Полоның есімін беру қадамы ұсынылады деп ойлаймын, – деп түйіндеді сарапшы.
Мамыр айында Қазақстан-Италия 8 келісімге қол қойып, құны 8 млрд болатын 10-нан астам келісімшарт жасалған болатын. Италиялық «Ансалдо», Maire Tecnimont компаниялары ұсынған бастамалар да есте қалды. Оның ішінде инженерлік хаб ашу, білім-ғылым, газ қондырғыларының өндірісін арттыру ісі бар-тын.
Сонымен қатар Италия тарихи жәдігерлерін сақтау, күтіп ұстау ісінде көмек беруге келіскен. Екіжақты келісім бойынша Ұлттық музейде реставрация орталығы құрылуы қажет, маман даярлау бағытында да келісім бар. Достас ел саладағы технологияны, жабдықтарын тегін беруге әзір. Жоба жүзеге асса, барлық деңгейде рестврацияны отандық мамандар жасай алады деген сөз.
Өткен жолғы кездесуде білім саласында да келісім болды. Ауыл шаруашылығына негізделген Италияның атақты университеті Жетісу өңірінде филиалын ашатын болды. Биыл универститет филиалы 4 бағдарламамен жұмыс бастады: агрономия, селекция, ауыл шаруашылығы және ауыл шаруашылығы технологиясы.