Қазақстан Италия компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға дайын — Тоқаев
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан өз нарығында жұмыс істеуге ниетті Италия компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға дайын. Бұл туралы Ақордада Италия Президенті Серджо Маттарелламен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

— Біз екі елдің мүддесіне сай келетін жаңа инвестициялық жобаларды қарастыратын болдық. Әсіресе, энергетика, ауыл шаруашығы, машина жасау, жеңіл және азық-түлік өнеркәсібі салаларына баса назар аудардық. Осы жұмысқа екі елдің экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы баса мән беруі қажет деп санаймыз. Көлік-логистика саласындағы байланысты нығайту мәселесін пысықтадық. Халықаралық көлік дәліздерінің, оның ішінде Транскаспий дәлізінің әлеуетін сөз еттік. Логистика инфрақұрылымы және қайта өңдеу өнеркәсібі секторындағы ықпалдастық мүмкіндіктерін талқыладық, — деді Мемлекет басшысы.
Президент мұнан бөлек цифрлық технологияны экономикаға жаппай енгізудің маңызылығы атап өтілгенін айтты.
— Осы ретте жасанды интеллекті мен үлкен дерек қорларды пайдалануға қатысты тәжірибе алмасу туралы сөйлестік. Мен бұл салаларда бірлесе жұмыс істеуге дайын екенімізді жеткіздім. Ертең Президент Маттерелла мырза аймақтағы ең ірі стартап паркі — Астана хабқа баратын болды. Еліміздің осы бағыттағы жетістіктерімен танысады. Бұған қоса қаржы және туризм саласындағы тың жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруға уағдаластық. Жалпы, Қазақстан өз нарығында жұмыс істеуге ниетті Италия компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға дайын, — деді Президент.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Президенті Серджо Маттарелланы бірінші дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.