Қазақстан ITB Berlin 2026 көрмесіне не ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан Германияда өтіп жатқан ITB Berlin халықаралық туристік көрмесіне қатысып жатыр. Аталған көрмеге жыл сайын әлемнің 180 елінен 10 000-нан астам экспонент пен 160 000-ға жуық келуші жиналады. Сонымен қатар іс-шараға 113 500-ден астам туризм саласының мамандары қатысады.

Қазақстан ITB Berlin 2026 көрмесі
Фото: Туризм индустриясы комитеті

ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстанның ұлттық павильонын Германия Федеративтік Республикасындағы ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Оңжанов ашты.

Ашылу рәсімінде Елші Қазақстанға деген шетелдік туристердің қызығушылығы айтарлықтай артқанын атап өтіп, туризмнің халықаралық әріптестікті нығайтудағы, мәдени байланыстарды кеңейтудегі және ел экономикасын дамытудағы маңызды рөліне тоқталды.

Ұлттық павильонды Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі ұйымдастырды. Экспозиция құрамында 21 келу туроператоры, қонақүй бизнесінің өкілдері, қазақ ұлттық тағамдарын ұсынатын мейрамханалар, сондай-ақ еліміздің алты өңірінің туристік мүмкіндіктері таныстырылды.

Гастрономиялық бағыт аясында Sandyq Group компаниясы ұлттық парктердегі жобаларды қоса алғанда, гастротуризм саласындағы бастамаларын ұсынды.

Қазақстан ITB Berlin көрмесіне 1996 жылдан бері қатысып келеді. 2020 жылды қоспағанда, 29 жыл бойы ұлттық экспозициясын тұрақты түрде ұсынып отыр.

2025 жылы Қазақстанға Германиядан 95 мыңнан астам турист келген. Бұл еліміздің еуропалық нарықтағы позициясының нығайып келе жатқанын және келу туризмінің көрсеткіштері тұрақты өсім көрсетіп отырғанын айғақтайды.

ITB Berlin 2026 көрмесіне қатысудың негізгі нәтижелері мыналар болмақ:

1.Қазақстанның туристік бренді танымалдығын арттыру;

2.Германия және өзге елдерден келетін туристер санын көбейту;
3.туристік ағынды ұлғайту және сала табысын арттыру;
4.шетелдік туроператорлармен және халықаралық ұйымдармен нақты келісімдер жасау.

Көрмеге қатысу – Қазақстанның туристік әлеуетін жаһандық деңгейде ілгерілетуге, халықаралық байланыстарды кеңейтуге және елді сапалы демалыс пен іскерлік сапарлар үшін тартымды бағыт ретінде орнықтыруға бағытталған жүйелі жұмыстың маңызды бөлігі.

Осыған дейін Германияның ірі туризм қауымдастығы Қазақстанда форум өткізетіні туралы хабарладық.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум