Қазақстан ITB China 2025 көрмесінің негізгі қатысушылар тізіміне енді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан ITB China халықаралық көрмесіне алғаш рет қатысады, деп хабарлайды Туризм жəне спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазақстан ITB China 2025 көрмесінің негізгі қатысушылар тізіміне енді
Фото: Туризм жəне спорт министрлігі

ITB China — жыл сайын әлемнің 80 елінен 600-ден астам экспонент пен іріктелген 1 000 байер қатысатын, 15 000-нан астам туризм саласының кәсіби мамандары бас қосатын халықаралық туристік көрме.

Қазақстан стенді көрме ұйымдастырушылары өткізген ресми VIP-тур бағдарламасына енген санаулы елдердің қатарына кірді — 500-ден астам экспоненттің ішінен небәрі 12 ел таңдап алынған.

Көрмедегі ең үлкен халықаралық стендтердің бірі Қазақстанға тиесілі. Биыл алғаш рет мына өңірлер бірыңғай ұлттық делегация құрамына енді:

  • Астана
  • Алматы
  • Ақмола облысы
  • Алматы облысы
  • Маңғыстау облысы
  • Түркістан облысы
  • Air Astana әуе компаниясы.

ҚР ҰҚК Шекара қызметінің деректеріне сәйкес, 2024 жылы Қытайдан келген туристер саны 650 мың адамнан асып, 2019 жылмен салыстырғанда 9 есе өскен.

2024 жылы Қытайдан келген туристер елімізде 307 миллион АҚШ долларынан астам қаражат жұмсады.

ITB China көрмесіне қатысудың күтілетін нәтижелері:

  • Қазақстанның туристік брендінің танымалдығын арттыру;
  • Қытайдан және әлемнің басқа да елдерінен келетін туристерді тарту;
  • Туристік ағынды көбейту және сала табысын ұлғайту;
  • Халықаралық туроператорлармен және ұйымдармен келісімшарттар жасау.

Бұған дейін Ақтөбеде ерекше баланың сурет көрмесі өтіп жатқанын жаздық.

Соңғы жаңалықтар