Қазақстан «ITmk3®» технологиясы бойынша шойын өндіретін Еуразия кеңістігіндегі алғашқы мемлекет болмақ - Т. Матсутани

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін таңертең ҚР Президенті Н.Назарбаев «ITmk3®» болат құю жөніндегі үшінші буын технологиясын әзірлеп, жүзеге асырушы «3GIST үшінші буын металлургиялық және болат технологиясы қауымдастығының» мүшелерімен кездескен болатын. Оған осы саладағы Жапония, АҚШ және Украина бизнесмендері енген.
«ITmk3®» технологиясын жасау идеясы - «Kobe Steel» компаниясына (Жапония) тиесілі болса, «Iron Nugget Exchange» (Жапония) компаниясы оны жасап шығарушы. Бүгінде аталмыш технология негізінде АҚШ-тың «Midrex Technologies,Inc» компаниясы Миннесота штатында әлемдегі алғашқы зауытты салып жатыр. «ITmk3®» технологиясының лицензиясына бүгінде сондай-ақ ТМД аумағында жұмыс істейтін «Hares Engeneering GmbH» компаниясы ие. Компанияның атқарушы директоры Разаз Энестің айтуынша, үшінші буын технологиясын өз аумағында енгізуге бүгінде Украина мен Ресейдің металлургтері қызығушылық білдіріп отыр.
Технология бойынша Қазақстанда салынатын зауыттың құрылысымен «SBS Group» компаниясы (Қазақстан) айналысатын болады. Бұған дейін хабарланғандай, жобаның жалпы құны, алдын ала есеп бойынша 480 миллион АҚШ долларын құрамақ. Зауыт жылына 500 мың тонна түйіршіктелген шойын өндіретін болады. Қ.Шәдиевтың атап көрсеткеніндей, зауыттың құрылысын жобалау алдағы үш айда аяқталып, көп кешікпей оның құрылысы да басталатын болады. Оның құрылысы үш жыл мерзімде аяқталады деп жоспарлануда. Айта кетейік, бүгінде аталмыш компанияның қатысуымен Ақтөбе облысында салынған құрылыс материалдарын өндіру жөніндегі 3 зауыт жұмыс істеп тұр.
«Kobe Steel» компаниясының атқарушы вице-президенті Такаши Матсутани бүгінде зиянды қалдықтарды ауаға шығармау мақсатында домна пештерін электр пештермен алмастыру үрдісі оңынан қолданылып отырғанын айтып, Қазақстан «ITmk3®» технологиясын қолдана отырып шойын өндіретін Еуразия кеңістігіндегі алғашқы мемлекет болатынын жеткізді.
Өз кезегінде «Iron Nugget Exchange» компаниясының президенті және бас атқарушы директоры, «ITmk3®» технологиясын жасап шығарушы Такуйя Негами, аталмыш технология бойынша шойын алу үшін құрамында уландырғыш заттары жоқ көмір мен темір кені керектігін тілге тиек етті. «Технологияны қолдану үшін үлкен қуаттарды салудың қажеті жоқ және оған жұмсалатын шығындардың көлемі де аз», - деді ол.
Т.Негами сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Басшысы «ITmk3®» технологиясы бойынша Қазақстанда шойын өндіру зауытын салу жобасын қолдап қана қоймай, «Шойын мен болат өндіру бойынша үшінші буын технологиясы қауымдастығын» құру идеясын қолдап, оның Президенті болу ұсынысын да қабылдады, деді. Қауымдастық коммерциялық мақсатты көздемейді. Оның мақсаты мен міндеттері - бүгінгі күнгі технологиялар бойынша қолдануға келмейтін немесе қолдануға қиын кендерді пайдалануға мүмкіндік беретін озық технологияларды дамыту, сонымен қатар металлургия саласында студенттермен алмасу және Жапонияның үздік жоғары оқу орындарында білім алуға гранттар бөлу.