Қазақстан қалаларында бухгалтер қызметінің құны қанша
АСТАНА. KAZINFORM – Салық есебін тапсырар кезде есепшілерге деген сұраныстың артуы заңдылық. Баға көбіне маманның біліктілігіне, жұмыс ауқымына байланысты өзгеріп отырады. Дегенмен нарықтағы орташа бағаны білу, салыстыру қиын емес, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Ақпан айының ортасынан бастап бизнес иелері үшін жауапты кезең басталады. Кәсіпкерлер жылды қорытындылап, құжаттарды реттеп, тәуекелді бағамдап, салық есебін тапсырады. Яғни 15 ақпаннан бастап кәсіпкерлік субьектілерінің жұмысы қызады.
Тәжірибесі мол кәсіпкердің өзі де кейде салық есебінен жаңылысып, заңнамадағы өзгертулер мен толықтыруларды толық орындауға қиналады. Ал есепші бірінде бар, екіншісі болса дәл осы шақта арнайы мамандар көмегіне жүгінеді. Жеке кәсіпкерлер мен шағын ЖШС иелері кейде екінші тәсілді қолданады. Олар жылдық салық есебі кезінде есепшілердің қызметіне жүгінеді. Сондықтан болар, қазіргі кезде нарықта есепшілерге деген сұраныс артып тұр.
Еліміз бойынша Алматы және Астана қалаларында қызметтің бұл түрі қымбат. Ірі мегаполистерде жеке кәсіпкерлерге кеңес беру қызметі 10 мың теңге болса, ЖСШ-інің есебін тапсыру жолын көрсету құны 30 мың теңгеден басталады. Бағаға есепшінің тәжірибесі мен компанияның беделі әсер етеді. Бұл кезде жеке кәсіпкерлерге арналған баға 25 мың теңгеге, ЖШС-не арналған қызмет құны 50 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Бәсекелестік жоғары болған кезде бухгалтерлік қызмет ұсынатын компаниялар тегін кеңес береді. Бұл келушілер қатарын арттырып, тапсырыс берушілерді тартуға септігін тигізіп жатады. Тағы бір тиімді нұсқа бар. Ай сайынғы абоненттік төлем. Бұл шақта жылдық салық есебі кезінде ғана емес, кез келген уақытта кеңес алуға, қосымша келісімшарттарда маман көмегіне жүгінуге болады.
Шымкент қаласында кеңес алу қызметі жұмыстың ауқымына қарай әртүрлі болады. Жеке кәсіпкерлерден орта есеппен 10 мың теңге, ЖШС-нен 20 мыңнан бастап 40 мың теңгеге дейін сұрайды. Тіпті сағатына 10 мың теңге алатын есепшілер де бар. Қостанай қаласында ЖК үшін 10 мың теңге, ЖШС-іне 30 мың теңге. Тек кеңес беру кезінде ғана емес, салық есебін тапсыру қызметіне де дәл осындай ақы сұрайды. Егер клиент бірнеше құжат жүктесе, қызмет құны шамамен 5-15 мың теңгеге арзанға түседі.

Павлодар қаласындағы қызмет құны осы шамалас. Мұнда жеке кәсіпкерлерге кеңес беру құны 7-20 мың теңге, ал ЖШС-іне арналған қызмет көрсет бағасы 15-30 мың теңге аралығында. Өскемен қаласында жеке кәсіпкерлер 5 мың теңге төлеп, кеңес ала алады. Алайда көбіндегі қызмет құны 20 мың теңге. Ал ЖШС-нің иелеріне арналған баға 10-30 мың теңге.
Еліміз бойынша көп қалада есепші қызметінің құны төмен. Мәселен, Ақтөбе қаласында жеке кәсіпкерге кеңес беру құны 5-20 теңге, ЖШС-не арналған қызмет 10-25 мың теңге. Білікті есепшілер өз қызметі үшін жеке кәсіпкерлерден 20 мың теңге, ал ЖШС-нен 50 мың теңге алады.
Атырау қаласында баға орнықты. Мұнда орта есеппен жеке кәсіпкерлер 5-15 мың теңге, ал ЖШС-і 10-30 мың теңге төлейді. Жезқазған мен Қарағанды қалаларында баға бірдей. Мұнда жеке кәсіпкерлерге кеңес беру қызметі 5-15 мың теңге, ал нақты бағыт-бағдар беру 25 мың теңге болады. ЖШС иелері болса 5-20 мың теңге, ұғынықты етіп түсіндірсе 20-40 мың теңге төлейді.
Қонаев қаласының жеке кәсіпкерлері бір реттік кеңес алу үшін 5-15 мың теңге тұратын қызметке жүгінеді. Ал егер салық есебі алдында құжатты тағы бір қаратып алса, баға төрт есе өседі. ЖШС иелері 10-30 мың теңге төлеп, кеңес ала алады.
Ақтау қаласында ЖК кеңес алуы үшін 5 мың теңге төлейді. Нарықта өз қызметін 20 мың теңгеге бағалайтын есепшілер де бар. Ал ЖШС иелеріне арналған кеңес алу қызметінің құны – 10-20 мың теңге. Талдықорғанда ЖК есепшіден кеңес алса 6-8 мың теңге төлейді. Еліміз бойынша ең төмені осы. Ал ЖШС бұл қызмет шамамен 15-30 мың теңгеге шығады. Семей қаласының жеке кәсіпкерлері кеңес алу кезінде 5-15 мың теңге төлейді. Кей компанияларда қызмет құны 20 мың теңге. Ал ЖШС-і иелеріне 10-30 мың теңге қажет.

Баға Қызылорда, Петропавл және Тараз қалаларында қолжетімді. Бұл қалалардағы жеке кәсіпкерлер есепші кеңесінің қызметіне 5-10 мың, ЖШС иелері 10-20 мың теңге төлейді. Петропавлдағы бухгалтерлік компаниялар кәсіпорын табысының айналымы, жұмысшы саны мен құжат көлеміне қарай бағаны өзгертіп отырады. Таразда кейбір есепшілер алдымен тегін кеңес береді. Қашықтан көрсетілетін қызметке, соның ішінде бейнебайланыс пен телефон арқылы түсіндіруге аз ақы алады.
Көкшетау қаласында жеке кәсіпкерлер 5 мың теңге, ЖШС иелері шамамен 10-15 мың теңге төлейді. Түркістанда еліміз бойынша баға төмен. Жеке кәсіпкерлерге бір рет кеңес беру ақысы 4 мың теңгеден басталады. Көбінде бұл қызмет құны 10 мың теңге болып тұр. Ал ЖШС иелері 6 мың теңгелік кеңес беру қызметін де таба алады. Негізі көбінде баға 15 мыңнан әрі аспайды.
Еліміз бойынша бұл қызмет түрі Орал қаласында төмен болып шықты. Мұнда жеке кәсіпкерлер кейде 2 мың теңге төлеп, кеңес ала алады. Ал ЖШС иелері болса 3 мың теңге береді. Алайда есепшілер компаниясының көбі бұл екі қызметке де 10-15 мың теңге алады.
Айта кетейік, бұған дейін МРТ және КТ-ға түсу қызметінің құны мен планшет және ноутбук бағасын білдік.