Қазақстан қалаларында картоп бағасы қанша тұрады

Қазақстанда картоп бағасына қатысты шу әлі де басылмай тұр. Kazinform агенттігінің тілшісі әлеуметтік маңызы бар тауардың дүкен сөрелеріндегі бағасы қанша екенін анықтап білді. 

Қазақстан қалаларында картоп бағасы қанша тұрады
Фото: Алтынай Сағындықова

2025 жылдың қаңтар айында кейбір сауда нүктелерінде картоп бағасы екі-үш есе көтеріліп кетті. Жергілікті атқарушы билік араласқан соң кейбір аймақта баға сәл төмендеді.

Еліміз бойынша Петропавлда картоп бағасы төмен. Мұнда келісі 250 теңгеден басталады. Ал Павлодарда баға 250-370 теңге аралығында. Көкшетауда картоп келісінің құны 260-300 теңге тұрады. Ал Қостанайда баға 290-364 теңге.

Әрі қарай Семей қаласы тұр. Мұнда бір келі картоп бағасы 320-380 теңге. Оралда картоптың келісі 310 теңге тұрады.

Түркістан қаласындағы базарлар мен дүкендерде картоптің келісі 320-400 теңге деп көрсетілген.

Қонаев супермаркеттерінен картоптың келісін 329 теңге сатып алуға болады. Ал базарда 400 теңге тұрады.

Қарағандылықтар картоптың келісін 329 теңгеге сатып алады. Ал Атырау тұтынушылары үшін картоптың келісі 340 теңгеден басталады.

Ақтауда картоп бағасы 350 теңгеден басталады. Ал Ақтөбе дүкендері мен супермаркеттерінде картоп келісі 360-390 теңге тұрады.

картоп
Коллаж: Kazinform

Қызылордадағы дүкендерде картоптың келісі 380-400 теңге болып тұр.

Ал Өскемен, Талдықорған, Жезқазған мен Таразда баға 400 теңгеден басталады.

Шымкент, Астана мен Алматыда картоп бағасы өзге қалаларға қарағанда жоғары. Шымкент дүкендерінде картоптың келісі 490 теңге тұрады. Ал базардағы баға - 340-400 теңге. Астаналықтар картоптың келісін 495-510 теңгеге сатып алады. Ал базарда 300 теңгеден де бар. Алматы дүкендерінде картоптың келісі 500 теңгеден басталады. Базардан 350-400 теңгеге сатып алуға мүмкіндік бар.

Картопты төмен бағада да сатып алуға болады. Көкөністің бұл түрі әлеуметтік тауарлар тізімінде болған соң әр өңірдің тұрақтандыру қорында сақталады. Мұндай картоп супермаркеттен, кей өңірде әлеуметтік дүкендерден табылады. Алайда елімізде бұл жерлердегі өнім бағасы да әркелкі. Картоп құны 100-330 теңге аралығында.

Еске салсақ, еліміз бойынша алдымен Ақтөбе облысында картоп бағасы бірден 100 теңгеге қымбаттады.

Кейін Сауда министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі бағаның өсу себебін түсіндірді. 

Kazinform бұған дейін уылдырық, қазы, торт, айран, қарақұмық пен күріш, ірімшік пен шұжық, бал мен құрма бағасын салыстырып көрді. 

Соңғы жаңалықтар