Қазақстан қалаларында киімді химиялық тазалау қызметінің құны қанша
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан қалаларында күрте, тон мен көйлекті химиялық тазалаудан өткізу құны әртүрлі. Қай өңірде киімді тазалау арзанға түсетінін Kazinform агенттігінің тілшісі анықтап білді.

Әр үйде тұрмыстық техника бар. Соған қарамастан химиялық тазалау қызметіне сұраныс жоғары. Адамдар көбіне жуылуы қиын сырт киімдерін, көйлек пен жейде, костюмді арнайы орындарға тапсырады. Бағасы әртүрлі. Оған матасы, киімнің қаншалықты лас екені, ондағы дақ әсер етеді. Сонымен бірге үтіктеу, бумен тазалау секілді қызмет түрлері де бар.
Өзге өңірлерге қарағанда Атырауда химиялық тазалау қызметінің құны төмен. Күнделікті киюге арналған жейдені 1 100 теңгеге, футболка, ішкөйлекті 900 теңгеге тазартып береді. Ал әйелдердің көйлегін (күнделікті киетін) тазалау құны 2 100 теңгеден басталып, 4 700 теңгеге дейін барады. Той көйлетін тазарту – 8 500-17 000 теңге. Костюмдерге 4 000-5000 теңге төлеуге тура келеді. Ал спорттық киімге 2 700 теңге сұрайды. Арнайы киімді тазалау құны – 4 600-6 000 теңге. Күртелерді тазалау қызметі 2 750 теңгеден басталады. Ал қалың күртені 3 300, былғары араласын 4 400 теңгеге химиялық өңдеуден өткізеді. Пальтоны қалыңдығы мен оның матасына қарай 4 600-7 000 теңгеге тазалайды. Жасанды материалдан тіккен сырма тондарды 8 000-13 000 теңгеге тазартады. Ал таза теріден тіккенін тазалау бағасы 13 000-20 000 теңге. Сондай-ақ жасанды материалдан тігілген тонды 4 600-6 900 теңгеге, ал кұндыз тондарды 11 500-17 000 теңгеге тазартады.
Сонымен бірге өзге өңірлерге қарағанда Павлодарда да баға қолжетімді. Мұнда жейде мен футболканы тазарту бағасы 1 000-2 000 теңге аралығында. Ал әйелдер көйлегін тазартса матасы мен дизайнына қарай 3 000-6 000 теңге сұрайды. Той көйлегін тазарту құны одан жоғары. Орта есеппен – 7 000 теңгеден басталып, 15 000 теңгеге жетеді. Классикалық үлгідегі костюмді тазалауға орта есепен 2 000-3 000 теңге керек. Ал күртелерді 3 000-5 000 теңгеге тазартады. Сырма тондарға – 3 600-5 000 теңге. Тондарды тазарту кезінде қызмет көрсетушілер ұзындығына баса мән береді. Аң терісінен тігілген құндыз тондарды 10 000 теңгеден тазарта бастаса, жасанды материалдан киген сырт киіміңізді 3 500-5 000 теңгеге ретке келтіріп береді.
Көкшетауда сырт киім мен жеңіл киімді тазалау бағасы сәл жоғары. Мұнда жейде, футболканы 1 500 теңгеге тазартып береді. Ер адамдардың костюм-шалбарын тазарту құны 5 000 теңгеден басталса, әйелдердің киімі 6 000 теңге болып тұр. Күнделікті киетін көйлектерді 4 500, сәнді көйлекті 8 000 теңгеге қабылдап, тазартады. Күртелерді тазарту 6 000-8 000, көктемге арналған сырт киімді ретке келтіру – 3 500 теңге. Қалың күртелерді тазарту құны 4 500-5 000 теңге деп көрсетілген. Ал сырма тон мен жасанды материалдан тігілген тондарды 8 000-12 000 теңгеге тазартады.
Петропавлдағы химиялық тазалау орындарының бағасында аса үлкен айырмашылық байқалмайды. Ересектерге арналған күртені 6 000, балалардың сырт киімін 4 000 теңгеге тазартады. Жасанды тонды тазарту құны – 6 000-7 000 теңге. Ал пальто мен мен жасанды материалдан тіккен тонды 7 000-8 000 теңгеге тазартады. Классикалық костюм – 6 000–7 000 теңге, жейде пен футболка – 1 500 теңге. Көйлектерді тазалау бағасы 5 000-20 000 теңге аралығында. Мұнда да той көйлегін тазарту бағасы жоғары.
Шымкентте химиялық тазалаудағы баға киім үлгісіне қарай әртүрлі. Жейде мен футболканы 1 800-2 200 теңгеге тазартады. Костюм – 4 800-5 000 теңге аралығында. Көйлекті 3 000-6 500 теңгеге, той көйлегін 4 000-10 000 теңгеге тазалап береді. Күртелерді тазарту құны 4 800 теңгеден басталып, қалың болса 5 000-6 000 теңге сұрайды. Ал пальтоны 4 300-6 000 теңгеге тазартып аласыз. Тондарды тазарту кезінде оның қай аңның терісінен тігілгені, ұзындығы маңызды. Құндыз тондарды тазарту құны – 7 500-9 000 теңге.
Ақтөбедегі қызмет құны мынадай: футболка мен жейде – 2 000 теңге. Көйлек 5 000-9 000 теңге аралығында. Той көйлегін тазалау қызметі кейде 28 000 теңгеге дейін барады. Ер адамдардың костюмін 6 000-7 000 теңгеге тазалайды. Ал арнайы киімдер – 9 000-15 000 теңге аралығында. Аң терісінен тігілген тондарды 12 000-25 000 теңгеге тазалайды. Ал сырма тондарды 15 000-20 000 теңгеге, күртелерді 7 000-9 000 теңгеге, пальтоны 6 000-7 000 теңгеге қабылдайды.
Ақтаудағы химиялық тазалау орындарының қызметі: жейде мен футболка – 2 000-2 500 теңге аралығында. Костюм, сонымен бірге спорттық киім – 4 000-4 500 теңге. Көйлек 5 000-7 000 теңге, той көйлегі 10 000 – 20 000 теңге аралығында. Күрте мен тонды тазалау қызметінің құны 5 000 теңгеден басталады. Пальто пен жасанды материалдан тігілген тондарды химиялық өңдеуден өткізу құны 5 000-7 000 теңге. Былғары тондар 13 000-15 000 теңге тұрады. Ал арнайы киімдер 5 000-7 000 теңге.
Таразда да химиялық тазарту қызметінің құны көңілге қонымды. Футболка мен жейде 2 000-3 000 теңге, костюм-шалбар тазалау 5 000-7 000 теңге, көйлек – 3 000-9 000 теңге аралығында. Ал тондарды 9 000-12 000 теңгеге, сырма тондарды 7 000-11 000 теңгеге, күртелерді 3 000-10 000 теңгеге тазалайды.

Өскемендіктер костюм-шалбарды 7 500 теңгеге, көйлекті 5 000 теңгеге, футболканы 2 000 теңгеге тазартып алады. Сырт киім: тон – 14 000 теңге, сырма тон – 15 000 теңге. Күртені матасына қарай 6 800-9 000 теңгеге тазалайды.
Алматыда футболканы 2 100-3 200 теңгеге, жейдені 2 300-5 000 теңгеге тазартып береді. Ал костюмдерді 6 500-7 300 теңгеге химиялық өңдеуден өткізеді. Дара костюмді тазалау құны – 5 000 теңге. Химиялық өңдеу орындарында әйелдердің көйлегін тазарту құны 4 700 теңгеден басталады. Кешке арналған сәнді көйлектерді 6 200-8 200 теңгеге, қалыңдық көйлегін 14 000-23 000 теңгеге химиялық өңдеуден өткізеді. Пальтоны 8 200, күртені 4 700-10 400 теңгеге тазартады. Жағасы былғарыдан тігілген болса баға да жоғары бола түседі. Былғарыдан тігілген сырма тондарды 16 000-25 000 теңгеге қабылдап, тазартады. Тондарды тазалаған кезде неден тігілгеніне баса мән береді. Жасанды материалдан тігілген тонды 10 000 теңгеге, таза былғаныдан тігілген сырт киімді 12 200-29 200 теңгеге өңдеуден өткізеді. Әсіресе құндыз және шиншилла терісінен тігілгенін тазарту құны қымбат тұрады.
Қонаев қаласында баға Алматыға ұқсас. Күртені 4 800 теңгеге, қысқа арналған қалың сырт киімді матасы мен ішіндегі материалына қарай 5 000 теңгеге тазартады. Былғарыдан тігілген тондарды тазарту құны 7 500 теңгеден басталып тұр. Жеңіл киімдер, оның ішінде футболка 2 100 теңге, жеңіл көйлек 2 700 теңге тұрады. Тазарту орындары костюм-шалбарды 3 200 теңгеге, кешке арналған сәнді көйлекті 6 000 теңгеге қабылдайды. Ал қалыңдықтың киімі мен оның қажетті заттарын тазарту қызметінің құны – шамамен 25 000 теңге.
Маусым алмасқанда шкаф ішіндегі киімдерді тазартуды ойға алған түркістандықтар жеңіл күртені 3 200 теңгеге тапсырды. Ал қысқа арналған қалың күртені 3 900 теңгеге, мамық немесе жылу сақтайтын түрлі табиғи материалдан тігілген күртелерді 4 100 теңгеге тазартты. Матасы жұқа әрі бағалы сырт киімдерге қызметкерлер аса ұқыппен қарайды. Соған сай бағасы да өзгелерге қарағанда жоғары болады. Мәселен жасанды сырма тондарды өңдеу құны 7 500 теңгеден басталса, былғары күрте құны 7 800 теңге болып тұр. Күнделікті киіп жүрген киімдерді тазалау қызметі бұл қалада да әртүрлі. Қысқа көйлекті 2 700 теңгеге, костюм-шалбарды 3 200 теңгеге, ал сәнді көйлекті 6 000 теңгеге тазартып береді. Футболканы химиялық өңдеу құны 2 500 теңгеден басталады.
Оралда да киімдерді химиялық өңдеу қызметі қолжетімді. Аң терісінен тігілген былғары тондарды тазарту қызметі 9 950 теңгеден басталса, жасанды тондарды 4 790 теңгеге тазартады. Күртелерді химиялық өңдеу құны 3 000 теңгеден басталады. Ал футболка мен жейденің әрқайсысын 3 000 теңгеге қабылдап, химиялық өңдеуден өткізеді. Көйлек пен костюмді де осы бағаға, яғни 3 000 теңгеге тазартып береді. Ал егер көйлектің түрлі әшекейі болса, баға 10 000 – 15 000 теңгеге дейін жетеді.
Қызылордада баға мындай: футболка мен жейдені жуып, үтіктеп беруге 3 800 теңге сұрайды. Ал тонды химиялық өңдеу құны - 14 200 теңге. Қалың күртелер – 6 500 теңге. Костюм-шалбарды химиялық өңдеу құны 6 700 теңге, дара костюм – 5 500 теңге.
Семейде химиялық өңдеу қызметінің құны еліміз бойынша орташа деңгейде. Жейде мен футболканы 2 500-3 000 теңгеге тапсырасыз. Ал көйлекті 4 990, кешке арналған сәнді көйлекті 10 990, қалыңдық көйлегін 16 990 теңгеге тазартып береді. Костюмдерді тазарту құны 6 000-8 000 теңге аралығында. Пальтоны мұнда 7 490-10 990 теңгеге тазартады. Күрте, сонымен бірге шаңғы тебуге арналған спорттық киім, қалың күртені 4 490-6 990 теңгеге қабылдайды. Сырма тондарды 8 990-12 990 теңгеге, аң терісінен тігілген тондарды 10 990 – 22 990 теңгеден қабылдап, химиялық өңдеуден өткізіп береді.
Қарағанды мен Жезқазғанда химиялық тазалау қызметінің құны шамалас. Мұнда таза былғарыдан тігілген сырма тондарды 10 000-15 000 теңгеге, ал жасанды материалдан тігілген сырма тондарды 6 000-8 000 теңгеге тазартады. Жасанды тондарды тазарту құны да 6 000-8 000 теңге болса, аң терісінен тігілген қымбат тондарды химиялық өңдеу құны 10 000-16 000 теңге деп көрсетілген. Күртелерді химиялық өңдеу кезінде 6 000-12 000 теңге, пальтоға 6 000-8 000 теңге сұрайды. Костюм-шалбарды 6 000-7 000 теңгеге, ал жейде мен футболканы шамамен 2 500 теңгеге тазартады. Күнделікті киіп жүрген көйлекті 5 000-8 000 теңге, кешке арналған сәнді көйлекті 6 000-10 000 теңгеге, қалыңдық көйлегін 10 000-18 000 теңгеге қабылдайды.
Талдықорғанда баға орташадан сәл жоғары. Мұнда жасанды және аң терісінен тігілген тондарды 12 000-15 000 теңгеге тазартады. Ал сырма тондарды химиялық өңдеу кезінде қызметіне 10 000 – 14 000 теңге сұрайды. Қалың күртелерді орта есеппен 6 000-9 000 теңгеге қабылдап, тазартып береді. Ал жейде, футболка секілді жеңіл киімді тазарту құны 2 500 теңгеден басталып, 3 500 теңгеге дейін жетеді. Күнделікті киіп жүрген көйлектерді 4 000-6 000 теңгеге, костюм-шалбалды 5 500-6 500 теңгеге тазартады.
Қостанайда химиялық тазарту орындарының қызмет ақысы орташадан жоғары. Тондарды шамамен 17 000-20 000 теңгеге тазартады. Ал қыстың күртелерін 10 800-17 000 теңгеге, сырма тондарды 10 000 – 17 000 теңгеге қабылдап, өңдеп береді. Футболканы тазарту құны – 3 300 теңге. Көйлектерді 5 600-8 000 теңгеге, костюмді 7 000-8 000 теңгеге қабылдайды.
Еліміз бойынша Астанада баға жоғары. Мұнда жейдені 2 500, футболканы 2 700 теңгеге тазартады. Ал жібек матадан тігілген болса қызмет ақысын 5 000 теңгеге дейін көтереді. Күнделікті киетін көйлектерді 6 900, сәнді көйлектерді 8 500-9 000 теңгеге тазартады. Ал қалыңдық көйлегін 20 000 – 35 000 теңгеге қабылдайды. Костюмді тазарту құны 6 000-8 200 теңге, пиджак – 4 500-7 000 теңге аралығында. Шаңғы спортына арналған киімді 10 000 теңгеге тазартып береді. Ал сырт киімдерді, мәселен күртені тазарту құны – 5 700-12 000 теңге, пальто – 8 000-11 000 теңге, сырма тон – 10 000 – 12 000 теңге. Жасанды материалдан тігілген тондарды 10 000-12 000 теңгеге, ал аң терісінен тігілгенін 15 000 мың теңгеге қабылдайды. Баға тонның ұзындығына қарай өсе береді.
Kazinform бұған дейін көшіп-қону кезіндегі жүк тасымалының құны туралы жазды.